Кептер – адалдықтың символы, бейбітшіліктің белгісі. Кең ғаламды шарлап, гаджетсіз ғасырда жедел хат алмасуға мүмкіндік туғызған ақылды құс. Бүгінгі күні құс қызметі керексіз болғанымен, оның қадыр-қасиеті қаз қалпында. Тіпті қазір көгершінді бағып-баптау көп адамның ермегіне айналып үлгерді. Қажеттіліктен емес қызығушылықтан. Десе де ермекке де еңбек қажет екенін ақтаулық кептерші Амангелді Бейсенов ескертті.
Бүгін кептерші, ақтаулық зейнеткер Амангелді Бейсеновтың құскетегіне бардық.
«Жас кезден бастап кептер бағуға ерекше көңіл бөлдім. Сүйікті ісіме айналды, бос уақытымды осы кептерлерге арнағанды жақсы көремін. Қайда барсам да хоббиімнен қол үзбеймін», - деп әңгімесін бастады кептерші Амангелді.
Айтуынша, осы шағынауданға қоныс аударғаныма 5 жылдай уақыт болған. Көз үйренген кептерлерінен алыстаса да, сүйікті ісінен бір сәт ажырай алмаған. Қазіргі таңда 30-ға жуық кептерді бағып, көкке ұшырып жүр.
«Қала аумағында кептер бағу, әрине, қиын. Себебі кептерге еркіндік керек. Ал санын көбейтіп, сатуға баптау үшін кетектің кең болуы маңызды. Көпқабатты тұрғын үйде тұрған соң шағынаудан алдындағы орынды кетекке арнадым. Оны үлкейтуге мүмкіндік жоқ. Көршілерге кедергі келтіруі мүмкін. Әзірге осы кептерлерімді еркелетіп, ойнатып, қызықтаймын», - дейді зейнеткер.
Кептерлерді қоректендірудің өзі жауапкершілік жүктейді. Шектен тыс тойдыруға болмайды. Ал кептерші Амангелді өз көгершіндерін бидай, жүгері, жеммен қоректендіріп, су береді. Күніне екі-үш мезгіл көкке ұшырып, қанатын кеңге жайғызады.
Көз алдымызда көгершіндерін ұшыра бастағанда өз өнерлерін көрсетіп, өзара үндескендей күйге енді. Кептерлер аспанға қалықтай бастағанда өзіне тән қылықтарын көрсетіп, кербезденіп, ерекше сұлулана түсті. Кептершінің айтуынша, бес сағатқа дейін ұшатын кездері болады. Алаңдауға себеп жоқ. Өйткені қайтар бағытын біледі. Ал кей жабайы кептерлер жолдан жаңылып, жем бергеннің жетегінде кетеді.
Кептердің ерекшелігі – адалдығында. Оған мысал, ел аузында Нұх пайғамбардың кемесі қырық күн су бетінде қалғаны айтылады. Сол кезде Нұх пайғамбар кептерге сенім артып, құрғақ жердің бар, жоғын біліп келуге жібереді. Кептер кемеге зәйтүн бұтағын алып, топан судың аяқталғанын жеткізген еді. Сонда Нұх кептерге «Адалдығың білінді. Қарның ашса, адамның қолынан жем же, шатырына ұя сал», - деген екен.
Міне, содан бастап кептер адамның сенімді серігіне, адал досына айналған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН