Бала кезімде «Журналист болсам» деп армандайтынмын. Үйге келген газеттерді үзбей оқып, елге танымал журналист аға-апалардың шығармашылығымен танысатынмын. Ең алғаш аудандық газеттің есігін имене ашып, кеңпейіл бас редактор Икембай Терекбай ағаның қабылдауында болған сәтімді ешқашан ұмытпаспын. Қазір журналист болмасам да осы газеттің қызметкері ретінде өз пікірімді, ой-толғанысымды білдіргім келді.
Тарих безбеніне салсақ, сексен жыл – адам баласы үшін ауыз толтырып айтатындай ұлағатты ғұмыр. Ал осы өлшемді баспасөздің шығу дерегімен байланыстырсақ, бұл – ұзақ шежіре, ұлттық мұра, тарихи құндылық. «Жаңа өмір» газеті бүгінгі таңда осындай дәрежеге жеткен басылымға айналды. «Жаңа өмір» газетінің тарихына үңілсек, осы басылымның бүгінгі күнге дейін үзілмей жетуіне айрықша үлес қосқан редактор-басшылардың, журналистердің өлшеусіз еңбегін көреміз.
Ғылым мен техникаға байланысты қандай да бір жаңалықтың күн санап, молайып, ақпарат алмасу құралдарының сан түрі қолданысқа енгізіліп жатқанына қарамастан газет-журнал әлі де өзінің қоғамдағы орны мен құндылығын жоғалтпай, аңызды рөлге ие болып келеді. Бұл, әсіресе аға буын өкілдерінің айнымас серігі, жан азығы болып қала бермек. Ал сол газеттің жарыққа шығуы әр өңірде болып жатқан саяси, мәдени, әлеуметтік, экономикалық, тағы басқа түрлі оқиғаларды оқырмандарға сапалы жеткізіп отыратын журналистер мен газетті басып, шығаратын баспагерлердің ерен еңбегінің жемісі екені айтпаса да түсінікті. Сол себептен мемлекет те қоғаммен біте қайнасып, билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымының еңбегін бағалап, байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесін белгіледі. Аудан өмірінің айнасына айналған өңірлік газеттің сапалы жарыққа шығуы тек журналистер қауымының күш-жігерімен шектеле
қоймайды. Бұл тұста газеттің бетін қаттап, материалдарды орынды орналастырып, әр мақаланың әріп қатесін шығарып, оның дұрыстығын түпнұсқамен салыстыратын операторлар мен корректорлардың, оны баспа машинасына басып, шығаратын өндіріс ісі жетекшісі мен баспагерлердің рөлі ерекше. Яғни оларды көрінбейтін майдан күрескерлері десе де болады.
Бір қарағанда жеңіл жұмыс тәрізді көрінгенімен, олардың шым-шытырық тірлігінің түбінде зор жауапкершілік жатыр. Сондықтан ұжымдағы әр қызметкердің орны бөлек. Газет шығару оңай жұмыс емес, әрі бұл бірнеше адамның күшін қажет етеді. Материалдардың мазмұны мен суреті, орналасу тәртібі, безендірілуі бар. Мен мұны біршама жыл газетте журналист, бөлім басшысы болып жасаған кезден білемін. Терекбай Жаңбыршыұлы, Күбірбай Ұзақбай, Әзірбайжан Қонарбаев, Жетібай Жылқышыұлы, Айнагүл Сейітова, Рзагүл Серікбаева, Лаура Тындырғанова, Хадис Қорабаев сынды азаматтармен жұмыстас болдым. Қызығы мен шыжығы қатар журетін журналистика саласында осы азаматтармен бірге қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бір сөзбен айтқанда, халықтың ойы, пікірі, көзқарасы, қуанышы, тіпті қиналған сәттегі жан айқайы да осы газет арқылы көпшілікке жетіп жатады, ал оны жеткізетін журналистердің еңбегі ерекше демекпін. Сондықтан барша әріптестеріме зор шығармашылық табыс және әр уақытта да халық көңілінен шығатындай деңгейде болуын тілеймін.
Жанна АМАНҚҰЛОВА
Шетпе селосы