Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күніне байланысты еліміздің түкпір-түкпірінде 1–12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты ұлттық ақпараттық науқан жүргізілді. Аталмыш науқан балалардың құқығын қорғап, заңсыз еңбек, заңсыз келісім шарттардан жырақ ұстап, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің балғын шағына, денсаулығына, білімі мен тәрбиесіне нұқсан келтірмеуді мақсат тұтты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін ақпараттық науқан бала құқығына ерекше көңіл бөліп, оның бұзылуына жол бермейді. Бала еңбегін қанау – бүкіл әлемде орын алып жатқан қауіпті әрі өзекті мәселе. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда әлемде 250 миллионға жуық кәмелет жасқа толмаған бала еңбектің ең нашар әрі ауыр түрлерімен айналысуда. Олар қант құрағы, күріш, мақта, темекі, какао мен кофе жинаумен шұғылданып, ауыл шаруашылығы саласында маңдай терін төгуде. Балалардың еңбегін пайдалану бойынша Мьянма, Сомали, Непали, Ауғанстан, Пәкістан, Шри-Ланка және Солтүстік Корея елдері көшбасшы болып тұр. Өкінішке қарай, балалардың құқығын қорғау бойынша халықаралық ұйымдар бұл бейбастақты қанша тоқтатуға күш салғанымен, аталған елдердегі балалардың жайы сол күйде. Бұл туралы бізге өңіріміздегі адам құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресу саласында жұмыс істейтін «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Муха айтып берді.
«Елімізде балаларға 14 жастан бастап ата-ананың келісімі мен жұмыс берушінің заңды келісім шарты болса ғана еңбек етуге рұқсат етіледі. Онымен қоса, жұмыс беруші баланың денсаулығына кері әсерін тигізбейтін уақыт кестесін жасап, барлық жағдай жасауы тиіс. Сонда ғана балаға оқуынан бос уақытында азғантай уақыт жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 4-бабында еңбек саласындағы кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салынған. Біздің ел балалардың құқығын жоғары қойып, заңсыз әрі ауыр еңбекке араластырмау қажеттігін қатаң ескертеді. Әлемді жайлаған қауіпті мәселе – бала еңбегін қанау біздің елімізде де орын алып жатқаны жасырын емес. Жаз басталған бойда балалар ата-анасына көмектесу немесе бос уақытында табыс табу ниетпен еңбекке араласады. Осы кезде «Жастайынан ақша тауып, еңбек ету дұрыс па?» деген заңды сауал туындайды. Әрине, баланың еңбек етуге деген құштарлығы, ата-анасына жәрдемдесуі құптарлық. Алайда баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ауыр жұмысқа жегілуі, жұмыс берушілердің заңсыздыққа жол беріп, балалармен келісім шартқа отырмай, күніне толық 8 сағатқа алып, баланың өз құқығын білмеуін пайдалануы – заң бұзушылық. Жаз кездерінде кәмелет жасына жетпеген көп ұл-қыздар бос сенделмеу үшін асхана, кафе, мейрамханаларда даяшы, ыдыс жуушы ретінде жұмысқа орналасып, табыс таба бастайды. Кафе, мейрамханалар– балалар үшін қауіпті жер, себебі егде кісілер ішімдікке салынып, балалардың жүрегіне жара салатын ауыр сөз айтып, не өрескел әрекет жасауы ықтимал. Бұл балалардың денсаулығы мен психикасына зиян әсерін тигізері сөзсіз. Өкініштісі, біздің бірлестіктің кафе, мейрамханаларға, базар, сауда орындарына тексеріспен келуге өкілдігіміз жоқ. Бірақ мамандарымыз ювенальды полициямен тізе қосып, рейдтер ұйымдастырып тұрады. Жасөспірімдердің құқығын қорғау үшін бар күшімізді саламыз», – дейді А.Муха.
Оның сөзінше, биыл бірлестікке заңсыз еңбекке араласып, келісім шарт жасаспаған, жалақысын ала алмаған 3 жасөспірім хабарласқан. Оларға бірлестік мамандары құқықтық кеңес берді.
«Егер бала еңбегін қанау бойынша дәлелдер болса, ювеналды полицияға телефон шалып, олардың тікелей араласуын сұраймыз. Жастарды жұмысқа алған жандармен де сөйлесіп, жауапкершілікке шақырамыз. Балалар құқығын шектемеу, бала еңбегін қанауға жол бермеу керектігін айтамыз. Біздің бірлестік кәмелет жасына жетпеген жастардың құқығын қорғау бойынша ювеналды полиция, үкіметтік емес ұйымдармен, білім, денсаулық сақтау басқармалары мамандарымен «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істейді. Себебі бала денсаулығының зор болуы, ақыл-ойының дұрыс қалыптасуы жеке отбасы үшін де, еліміз үшін де маңызды емес пе?! Біздің ортақ мақсат – ел ертеңі болар балаларымыздың балалық шағын қорғау, жарқын болашағына жол ашу»,– деп түйіндеді сөзін Александр Муха.
Ханым ҚУАТ