Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан табылады.
Ауыл азаматтары мұнайлылық Қарлығаш Қамысбаеваның апаттық жағдайдағы ескі ағаш үйін бұзып, орнына жаңа үй тұрғызып жатыр. Бұл азаматтардың қайырымдылыққа атсалысуы осы мұқтаж отбасына пітір садақа жинақтаудан басталған. Еліміздің түкпір-түкпірінен Әли руының ұрпақтары бірлесіп, ақшалай, заттай, зекет ретінде бергендер көбейе түскен. Жаны жомарт жандардың бірі үй салуға қажетті тасын, бірі құмын, тағы бірі осындай маңызды материалдарын алып беріп, әркім қолынан келгенше, жағдайының жеткенінше, «Көп түкірсе, көл» дегендей, нағыз көмекке зәру отбасына бақыт сыйлауға кіріскен.
Қарлығаш Қамысбаевамен жолығуыма Қызылтөбе ауылы аудандық ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымы төрағасы Аманкелді Аманжаев дәнекер болды. Ол Қарлығаш Қамысбаеваның көршісі болғандықтан бұл отбасының қатты қиналғанын айтады. Жақында ол кісі маған телефон шалып, «Осы әйелге көмектесіп, игі іс жасап жатқан азаматтардың еңбегін газет бетінде көрсетейік» деген ой айтты. Мен де бұл ойды мақұлдап, халыққа үлгі боларлық істі басылым бетінде жарияламақ ниетте құрылыс басына барған болатынмын. Ол жерде қызу жұмыс. Барлығының да ойы таза, ниеті бір, көмекке мұқтаж отбасылардың тізімінде тұрған жалғыз басты анаға жәрдемдесу.
- Мен Қызылтөбе ауылының Ынтымақ елді мекенінде тұрамын. Үйім 2016 жылдан бері апаттық жағдайда болды. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бірақ еш жерден «Мына отбасына үй берілуі тиіс» деген заң көрмедім. Әкімдіктегілерден
«Ең болмаса, жер беріңдерші» деп сұрадым. Жасырмаймын, бізде мүгедектерге ешқандай жағдай жасалмаған. Мұңал – Әли ауылындағы бетке ұстар қайныларым көмектесіп, осы үйді асарлатып, салып жатыр. Көптен көп рахмет айтамын. Іргетасынан бастап шатырына дейін барлығын өздері салып жатыр. Осы орайда қазақ еліме, жұртыма, бүкіл Әли ауылының жастарына, үлкендеріне мың алғыс. Маған ешқандай салмақ салған жоқ. Бәрін өздері ұйымдастырып, қаражатты өздері жинап, сауапты істі ауызбірлікпен атқаруда. Оларға Алла разы болсын. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Кәмелетке толмаған бір балам бар. Қызым - тұрмыста. Жолдасым 13 жылдай ауырып, қайтыс болды. Жақында өмірден қайтқанына бір жыл толады. Бұл ауылда 1995 жылдан бері тұрамын. «Апатты жағдайдағы үй» деп, комиссия келіп, қолыма қағаз берді. Содан 2016 жылдан бері әкімдіктің есігін тоздырдым. Олар маған «Батырдағы жалдамалы үйге кетесің, ақша төлейсің, мына үйді әкімдіктің балансына өткіземіз» деді. Ал Батырдағы үй өз атыма өтпейді екен. Бірақ мен ондай жолға келіскен жоқпын. Шырқ айналғанда үйімнен айырылатын болдым. Аман болсын, мына азаматтар «Күн жылынсын, үйіңізді өзіміз көтеріп береміз» деп сөнген үмітімді қайта жақты. Енді сол уәделерін орындап жатыр, - дейді Қарлығаш Қамысбаева.
Бұған дейін де көптеген қайырымдылық шараларға араласып жүрген белсенді топ бұл бастаманы әлі күнге дейін ерікті түрде жалғастырып келеді. Олар Қасиетті Рамазан айында «30 күнде – 30 баспана» жобасы аясында тағы бір мұқтаж отбасына баспана бақытын сыйлаған болатын.
─ Ағамыз өткен жылы қайтыс болған. 4 шілдеде жыл садақасы болады. Соған дейін бастаған ісімізді толықтай бітіруге тырысып жатырмыз. Алла қаласа, одан бұрын да бітіретін шығармыз. Ербол, Бауыржан, Жалғас, Жүсіп бізді бастап жүрген
ағаларымыз десем болады. Сол кісілерден осы жеңгейдің жағдайын естіп, көмектесу жайын ағайындар болып талқылап, бір ортадан қолдап, 3-4 ай дайындалып жүрдік. Үйді тұрғызып, бастағанымызға екі апта болды. Бір күнде бұздық, іргетасын
құйдық, 3-4 күнде көтердік, қазір ішкі жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұйырса, ауласын, бәрін жөндеп береміз. Адай, Адайдың ішінде Мұңал, Мұңалдың ішінде Әли деген ауыл. Мұңалдың үлкен баласы. Үлкен, іргелі ауыл. Әлилердің президенті ретінде Қыстаубаев Ербол дейтін ағамызды өзіміз сайлағанбыз. Оның қасындағы қосшылары Жалғас, Бауыржан, Жүсіп, Руслан деген ағаларымыз бар. Бейнеудің басын ұйымдастырып жүрген Бекбол, Өзеннің басын ұйымдастырып жүрген Көбей
деген ағаларымыз бар. Ағайындардың басы қосылып, жиналып, Мақтаралда үйі суға кеткен Намаз дейтін ағамызға жарты миллиондай ақша аудардық. Осындай қайырымды шараларды ізбе-із қолымыздан келгенше ұйымдастырып, жасап жатырмыз. Алға қойған осындай мақсаттағы жоспарларымыз көп. Оның бәрі рет-ретімен орындала жатар, - дейді кәсіпкер Жәлел Ибрагимов.
Қолы бос ағайындардың барлығы күнде осы жерде. Кейбірі жұмыстан соң кешкі сағат 18-ден кейін келіп, көмектеседі екен. Вахтада 5 күндік тәртіппен жұмыс істейтіндер демалыс күндері, қол көмектерін беруде. Құрылыс жұмыстарына күніге 20-30 адам атсалысып жатыр. Осында қонып, жұмыс істеп жатқандары да баршылық. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылған бір топ ағайындардың арқасында үш бөлмелі жаңа үй бұйырса, он күннен соң толықтай аяқталып, иесіне табысталады» деп жоспарлануда.
Айта кетейік, көп балалы, көмекке мұқтаж, жалғызбасты, асыраушысы жоқ отбасыларға қайырымдылық жасап жүрген азаматтардың көбі кәсіпкерлер, мейрамхана, кафе, азық-түлік, құрылыс дүкендерінің, т.б.нысандардың иелері. Олардың ортақ
мақсаты – өз руларының арасындағы мұқтаж отбасыларға шамалары келгенше көмектесу, аяқтарынан тұрғызу.
P.S. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсенің қадірін біл. Олар: өлімнен бұрын өмірдің, ауру келмей денсаулықтың, әурешіліктен бұрын бос уақыттың, зағиптықтан бұрын жастықтың, кембағалдықтан бұрын байлықтың қадірін біл» деген. Сауапты
істің сан соқтырмайтынын білетін елдің бір бөлігі қолындағы барын бөлісіп келеді. Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа етінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни сауаптарыңды толық аласыңдар)» дейді. «Кең болсаң, кем болмайсың». Демек, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деген сөзін ұмытпауымыз керек. Қазақ халқы ежелден жомарттығымен танылған. Ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы нашар отбасыларын, жетім-жесірді, талантты балаларды қорғап, қолдап келеді.
Асел ТАҢАТАРОВА