Маңғыстау ауданының Үштаған ауылында қазақ халқының қолөнері мен тұрмыста жиі қолданылатын бұйымдарын жасаудың ерекше үлгісі дамып келеді. Ауылдың байырғы тұрғындары Мусахан Егізбаев пен Елейхан Егізбаева білгендерімен бөлісіп, жастарға үйретіп жүр. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шеберлердің айтуынша, киіз үй жабдықтарын тоқу, киіз басу мен қамшы өру олар үшін күнделікті жұмыс. Ескірген жабдықтарды жаңартуға, өрмек тоқу мен көрпе тігу жұмысына қыз-келіндері мен немере-жиендері де қолғабыс етеді. Бірі ұршық иірсе, бірі тоқыма тоқиды, енді бірі киіз басу үшін жүн сабайды.
«Малдың терісінен төсеніш дайындау үшін, алдымен теріні дайындап аламыз. Әуелі сойылған малдың терісін тұздап алу қажет. Содан соң кептіреді. Кейін ыстық су және айранмен жуып лас терісін алып, иісін кетіреміз. Кеуіп, жұп-жұмсақ тері дайын болғанда пайдаланады. Малдың терісі, жүні, сүйегі, ішегі бәрі пайдаға асады. Терісінен кезінде тымақ, ішік пішетінбіз. Қазір жұмсақ, адам ағзасына пайдалы теріні балаларға жылылыққа төсеймін. Бұдан бөлек түйе жүнінен көрпе тігіп, қойдың жүнінен киіз басамыз. Жүнді тазалап жуып, жіп етіп шұлық, жемпір, ешкі жүнінен түбіт орамал тоқимыз. Кезінде ішегін домбыраға ішекке пайдаланатынбыз. Қазір бұл құндылықтарды үйренуге ниетті жастар аз. Осындай қолдан жасалатын табиғи дәстүрлі қолөнер бұйымдарын кейінгі ұрпаққа үйрету мақсатымыз», - дейді Елейхан Егізбаева.
Ал, отағасы Мусахан Егізбаев болса қамшы өріп, сүйектен сабын жасайды.
«Алдымен түйенің терісін тұздап, тазартып, айранмен илеп, пайдаға асатындай жұмсарған соң алты, сегіз тіпті он екі өрімге қарай тілінеді. Жыңғыл ағашын жонып бес тұтам етіп дайындап, төрт тұтам басына теріден қамшы етіп өреді де тарамыспен тігеді. Тарамыс дегеніміз - ірі қараның сіңірінен алынған берік жіп. Тарамыс әзірлеу үшін күзде соғымға сойылған ірі қараның желке, жіліншік сіңірлерін етсіз сылып алу керек. Сылынған сіңірлерді көлеңкеге іліп қойып, бабымен кептіреді. Әбден кепкен тарамысты балғамен жұмсартады. Қамшы секілді теріден жасалатын бұйымдарды осы тарамыспен тігеді. Ал, малдың сүйегін әбден қайнатып сабын дайындайды. Сүйек майы толық қайнаған соң сүйекті алып тастап, итсигек шөбін қосып қоюланғанша қайнатып әр түрлі қалыппен сабын жасауға болады», - деді Мусахан Егізбаев.