Маңғыстау ауылының тұрғыны жалған долларды өткізгені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап.
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Маңғыстау ауылының тұрғынына қатысты жалған қаражатты сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іске тергеу жүргізді.
Тергеу барысында айыпталушының 2020 жылдың басынан табылған 1500 АҚШ долларының жалған екендігін біле отыра, оның 1000 АҚШ доллары сомасында таныстарына қарызын өтегендігі анықталды. Қалған 500 АҚШ долларын Мұнайлы ауданының, Маңғыстау а. орналасқан «Халық Банк» айырбастау кассасында айырбастамақ болып, сол уақытта ұсталды.
Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық сотының үкімімен ауыл тұрғыны ҚР ҚК 231-б. 2-б. 2-т. Қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыпты болып танылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына тартылды.