Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауаты ұрпақ тәрбиелеу.
Сонымен қатар, сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жітік көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы бұлжымас талап. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» - атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін Қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», - деген болатын.
Біз бұл мақсатқа жету үшін демографиялық жақтан өсіп қана қоймай, сондай-ақ, сот жүйесіндегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдағы мемлекеттік тілге деген оң көзқарасты қалыптастыра білгеніміз жөн. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарының бағдаршамына айналған десек қателеспейміз. Қазір іс қағаздарын жүргізу номенклатурасына сәйкес жүргізілетін кітаптар, есептік карточкалар, сот тәжірибесінің талдаулары, жедел кеңес және семинар сабақ хаттамалары, жоғары сатыдағы соттармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Яғни, сот саласындағы кіріс құжаттарының 80,5 пайызы, шығыс құжаттарының 100 пайызы қазақ тілінде дайындалады.
Сот өзінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан азаматтарының объективті ақпарат алудағы конституциялық құқығын жүзеге асыра отырып қана қоймай, сот билігінің беделін нығайтып, сот жұмысының сапасын жақсартады. Сот істерінің басым бөлігінің ресми тілде жүргізілу себептерінің бірі, сотқа жүгінушілердің мүддесін қорғаушы адвокаттар, заңдық көмек көрсетуші өкілдердің қазақ тілін жетік білмеуінен. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінде сот ісін жүргізу тілі, сотқа талап арыз берілген тілге қарай, сот ұйғарымымен белгіленетіні көрсетілген. Бұл дегеніміз, сотқа талап арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралып, сот актісі де сол тілде қабылданады деген сөз.
Адвокаттар мен заңдық көмек көрсетуші өкілдер, өздеріне келген азаматтардың сотқа беретін талап арыздарын орыс тілінде беруге итермелейді. Өйткені өздері орыс тілінде білім алған не қазақ тіліндегі терминдерді, сөз тіркестерін жетік білмейді немесе оларды қолдануда қиналады. Алдын ала тергеу амалдары қай тілде жүргізілсе, сот ісі сол тілде жүргізілуін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі талап етеді. Яғни, сотқа келіп түскен ресми тілдегі істі, соттың өз еркімен қазақ тіліне көшіруге өкілеттігі жоқ. Ал, мұның салдары, кейін сот процесі кезінде іске қатысушылардан жауап алу кезінде қиындықтарға әкеп соғады.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазірігі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Елбасымыздың «Біздің, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор – мемлекеттік тіл. Қазақ елінің туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», - деуінің өзі–ақ әрбір саналы азаматқа көп жайды аңғартса керек. Мемлекет басшысы айтқандай: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді».
Р. ЕРЖАНОВА,
Ақтау қаласының №2 сотының судьясы