Маңғыстауда оқу жылы басталғалы 3 оқушы мен 1 мұғалім коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Маңғыстау облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бастығы Бердібек Саралтаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Қашықтан оқитын екі оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Ал біреуі №29 орта мектепте оқиды. Қазіргі таңда коронавирус жұқтырған оқушы және онымен байланыста болған кезекші сынып оқушылары карантинге жіберілді. Оладан COVID-19-ға анализ алынады. Егер тест қорытындылары таза шықса, мектепке қайта жіберіледі. Сонымен қатар Мұнайлы ауданындағы мектепте ағылшын тілі мұғалімінен коронавирус анықталды. Оқытушымен байланыста болған адамдар тексеруден өтеді», - деді Бердібек Саралтаев.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында пандемия басталғалы 43 оқушы мен 23 мұғалім індетті жұқтырған. Ал өткен бір тәулікте вирусты жұқтырудың 4 жағдайы расталған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА