«ҚТЖ» ҰК» АҚ транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша енді жылына 15 мыңға дейін жүк ағынын тартуды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәжілісінде компания өкілі мәлімдеді.
Еліміздің теңіз айлақтары арқылы өтетін халықаралық транзиттік бағыттарын дамытуда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының рөлі зор.Ақтау теңіз порты арқылы былтыр 2 млн 100 мың тонна мұнай жөнелтілген. Сондай-ақ 800 мың тонна астық Иран Ислам Республикасына, 50 мың тоннаға жуық түрлі-түсті металл Әзірбайжан мен Грузияға экспортталған.
Былтыр «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Қазақ теңіз көлік флоты» серіктестігімен бірлесе Ақтау халықаралық теңіз сауда портынан Әзірбайжан республикасының Баку қаласына және кері бағытта әр апта сайын жөнелтіліп тұратын тұрақты фидерлік желіні іске қосқан еді.
Қазақстан үшін маңызы зор бұл жобаның Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы өсім факторына арқау болғаны сөзсіз. Бүгінде Ақтау-Баку арасында жүк тасымалы тоқтаусыз жүріп жатыр.
Каспий теңізі арқылы шектесетін көрші елге «Түркістан» кемесі ғана құрғақ жүк тасымалын орындап келген еді. Өткен жылдың желтоқсан айында жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты «Бекет ата» су көлігі де осы желіге қосылды. Сондай-ақ, Иран порттары бағытында контейнерлік желі 2019 жылдың қазан айынан бастап іске қосылған. 2019 жылы теңіз порты арқылы 9 мыңан астам контейнер өңделген.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты дегеніміз, бұл теңіз порттары арқылы жүктерді бірнеше рет аударып тиеуді талап ететін айрықша мультимодалды бағыт болып табылады. Жаһандық Транскаспий консорциумының үйлестірушісі ретінде біздің тарапымыздан транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тарту бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп келеді, - дейді «KTZ Express» АҚ Транскаспий халықаралық көлік бағыты және мультимодальды тасымалдарды сату департаментінің директоры Абылайхан Есіркеп.
2018 жылмен салыстырғанда былтыр теңіз айлақтары арқылы контейнерлік жүк тасымалының көлемі 79 пайызға өскен. Бұл тұрғыда еліміздің аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағыты, ТРАСЕКА және солтүстік-оңтүстік жаһандық көлік дәлізінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» серіктестігінің орны ерекше деп айтуға болады.
Бүгінде Ақтау теңіз солтүстік терминалынан Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы мен Әзербайжан елінің теңіз порттарына жүктерді өткізіліп , тасымалданып жатыр.
Жүктерді аударып қайта тиеу бойынша терминалдың жылдық қуаты 3 млн тоннаны құрайды. Оларды бас жүктер мен астық деп бөлетін болсақ, әрқайсына 1,5 тоннадан келеді. Ал контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша терминалдың инфрақұрылымдық мүмкіндігі жылына 20 футтық баламамен 70 мыңнан астам контейнерді құрайды. Өз кезегінде бір мезетте 6 мың дана контейнерді сақтау мүмкіндігі және бар - деді «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан Төлеуғалиев.
Еліміздің екінші теңіз айлағы саналатын Құрық паромдық кешенінің де трансқазақстандық транзитті дамытуда атқаратын рөлі маңызды. Құрық порты пайдалануға берілгеннен бері 1394 кемені қабылдап, 4 жарым млн тоннаға жуық жүкті ауыстырып тиеген.
Былтырғы жылы бір млн 400 мыңға тарта әртүрлі жүкті ауыстырып қайта өткізілді. Оның 853 мың тоннасы импорт, қалып тұрған 512 мың тоннасы экспорттық бағыттағы жүктер. Қазіргі уақытта Құрық порт кешені арқылы сырт мемлекеттерге қазақстандық астық пен көмір, мұнай және химия өнімдері, тыңайтқыштар жөнелтіліліп келеді, - дейді «Құрық порты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Талғат Оспанов.
Айта кетейік, облыс әкімі Серікбай Трұмов аймақтық көліктік логистикалық торапты дамытуға үлкен үлес қосып келеді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН