Маңғыстауда «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы аясында «ЖК Исаков» шағын кәсіпорны ашылған. Компания ағаш бұйымдарын, жиһаз қасбеттерін, есіктер мен корпустық жиһаз шығарумен айналысады. «2014 жылы кәсіппен айналысуға бет бұрып, өз жобамды бастаған едім. Аймақта шағын және орта кәсіпті дамыту үшін «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы қолға алынған соң 30 млн теңге қаржы алып, кәсібімді бастадым. Қазір ағаштан жасалған бұйымдар мен жиһаздарға тапсырыстар түсіп жатыр», - дейді жеке кәсіпкер Марат Исаков. Айтуынша, кәсіпорындағы құрал-жабдықтарды Қытай және Қазақстаннан арнайы алған. Алдағы уақытта жиһаз өндіру үшін жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. Жұмысшылар санын көбейтіп, кәсіпорынды кеңейтіп, өнімдерді сапалы шығару керек. «2018 жылы жеке кәсіпкер ең алғашқы болып ағаштан өнімдер өндіру цехын ашу жобасын ұсынған еді. Жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданып, 30 млн теңге көлемінде қаражатпен қаржыланды. Қазір кәсіпорында 8 жұмыс орны бар. Жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр», - дейді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының қәсіпкерлікті қаржылық және несиелік қолдау бөлімінің бас маманы Шынар Жолжанова. Бас маманның мәлімдеуінше, «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасымен 116 жоба 2,3 млрд теңгеге мақұлданған. Соның нәтижесінде 900-ден аса жұмыс орны ашылады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН