Маңғыстауда 2025 жылға дейін 40 инвестициялық жоба іске қосылады
[ 2019 ] 11 желтоқсан, 09:52 | Экономика
Облыста 2025 жылға дейін 166 трлн теңгеге 40-тан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазір инвесторлармен түрлі деңгейдегі келіссөздер жүріп, келісімдер жасалуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл инвестициялық жобалардың онға жуығы іске қосылды. Соның бірі - Ақтаудағы гидрооқшаулағыш материалдарды шығаратын зауыт. Мұндай кәсіпорын
Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр.
Битум қоспасымен жасалған өнім құрылыстың барлық саласына, көпір салуға, ғимараттың іргетасы мен шатырын жабуға дейін қолданылады. 2019 жылдың ақпан айында өз жұмысын бастаған кәсіпорын 9 айдың ішінде 1 мың тоннадан астам өнім шығарған. Оның 65 % - ел ішіне, 35 % -ы өзге елдерге экспортталды.
«Биыл өнім Әзербайжан, Ресей мен Германияға экспортталды. 2020 жылы Италия, Тәжікстан, Түркменстан мен Түркияға жіберу көзделіп отыр. Келісім-шарт жасалды. Германия компаниясы бұл жобаны жүзеге асыруға 250 миллион теңге жұмсаған. Мұнда 25 жергілікті тұрғын еңбек етуде. Барлық қызметкер Түркияда қайта даярлықтан өтіп, жаңа технологияны меңгерген», - зауыт директоры Дениз Эроглу.
Қазір «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 29 жоба орындалып жатыр. Оның 18-і іске қосылып, түрлі өнім өндіруге кіріскен. Ал қазіргі таңда 11 зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, арнайы экономикалық аймақта инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
1432
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.