Қарақия ауданының Құланды ауылында тұрғын үйлерге талшықты оптикалық интернет желісін тарту жұмыстары қарқынды. Бұл туралы Құланды ауылдық округінің әкімі Санат Төкенов мәлім етті.
Құланды ауылына тартылып жатқан талшықты оптикалық интернет желісін «Транстелеком» АҚ жүргізіп жатыр. Құланды ауылдық округінде 280 тұрғын үй және 3 әлеуметтік нысан бар. 28 қыркүйектен бастап күні бүгінге дейін 30 тұрғын үйге толықтай талшықты оптикалық интернет желісі тартылды. 200 тұрғын үй және әлеуметік нысандар интернет орнатуға өтініш берді. Жоспарға сәйкес, өтініш берген барлық тұрғын үйге интернет желісі тартылады.
«Бұрын пайдаланып келген ұялы телефонның мобильді интернетінің жылдамдығы төмен болып, интернетке кіру қиын болатын. Ауыл тұрғындары қазіргі орнатылып жатқан талшықты оптикалық интернет желісінің жылдамдығы жоғары екенін көріп ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатыр. Енді балалар онлайн сабақты қиындықсыз оқитын болады», - деді ауылдық округінің әкімі.