Мұнайлыда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл 66 отбасы жасанды жолмен бала сүю үшін квотаға өтініш берген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осы уақытқа дейін 33 отбасының квотасы мақұлданып, өздерінің таңдауы бойынша республикадағы репродукция орталықтарына ем-шараға жолданды. Соның нәтижесінде 16 мұнайлылық әйел құрсақ көтерген.
«Мұнайлы ауданының орталық емханасында, ауданға қарасты ауылдар мен санитарлық көмек көрсету орталығында жанұяны жоспарлау медициналық кабинеті жұмыс істейді. Арнайы дайындықтан өткен мамандар дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін ерлі-зайыптыларға кеңес береді. Ал бірнеше жылдан бері бала сүйе алмай жүрген отбасылармен бөлек жұмыс жасап, психологиялық көмек көрсетеді. ЭКО туралы түсіндіріп, бағдарламаға құжат жинауға көмектесіп келеміз. Қазір 16 мұнайлылық әйел ЭКО арқылы құрсақ көтерді. Олардың денсаулығы бақылауда», - деді Мұнайлы ауданының гинеколог дәрігері Кабира Сәкенқызы.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданындағы орталық емхана дәрігерлерінің мәліметінше, ауданда 165 отбасы бала сүйе алмай жүр.