Бүгін Қарақияда мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай аудан ұстаздарына арналған мерекелік салтанатты жиын өтті.
Жиынды аудан әкімі Қ. Беков ашып, ардақты ардагерлер мен ұстаздар қауымын құттықтады. Тәуелсіздік жылдарында елдің өркендеуіне қосқан үлестері мен білім саласының қолжеткізген жетістігі үшін, ұлағатты жандарға алғыс білдірді. Әуелі сахна төріне шақырылған ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіп, сый-сыяпат жасады. Содан соң облыс және аудан әкімінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарын тапсырды. Бір топ ардагер ұстаздар облыстық кәсіподақ ұйымының арнайы сыйлығына ие болса, тағы бір топ педагог аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен сыйланды. Салтанатты шара аудан өнерпаздары және Құрық балалар өнер мектебінің мерекелік концертімен әрленіп, білім бөлімі әзірлеген слайдтармен жалғасты.
Ардагер ұстаз Айғаным Төлесбаева, Ерғали Жақсылықов, Сәрсен Сражанов, облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Т.Баймбедовалар ұстаздарды құттықтап, жас мамандарға ақыл-кеңесін айтты. Мереке қарсаңында ұстаздарға жасалған құрметі үшін аудан басшыларына алғыс білдірді.
Құшақтары гүлге, жүздері нұрға толған ұстаздар қауымы өз мерекелерін жоғары деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен өткізді. Ал түстен кейін мереке аудандық Ардагерлер үйінде жалғасты. Себебі, қазан айының алғашқы аптасы қазыналы қарттарымыздың да мерекесі. Елімізден береке, төрімізден мереке кетпесін!
Шынар Кендін