«Ауыл – ел бесігі» жастар керуені Қарақия ауданында болды. Сенек, Құланды, Бостан ауылдарының жастарымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жастар кәсіпкерлік, мамандық таңдау, руханият және т.б қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылады. Кездесу TED форматында өтті. Сондай-ақ, ауылдың жас спортшылары мен өнерпаздарына арналған шеберлік сағаттар, мәдени-бұқаралық іс-шара, үздік әлеуметтік жобалармен танысу үшін көрме ұйымдастырылды.
Ал Жетібай – Мұнайшы ауылдарының тұрғындарына Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Күй-ұран» атты концерті өтті. Ұлттық салт-дәстүр көрмелері ұсынылды.
Керуен мүшелері Бостан ауылының мәдениет үйінде Қарақия ауданының жастарымен де кездесті.
Кездесу барысында «Жайдарман» ойындарының Жоғары лига чемпионы Нұрбол Сағидуллин жетістік жолы мен ауыл жастарының әлеуеті жөнінде ой бөліссе, облыстық мәслихат депутаты, «Jas Otan» жастар қанаты МОФ төрағасы Наурызбек Мағдатов жастарға арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін таныстырды.
«Astana hub» компаниясының Ақтау қаласындағы аймақтық менеджері Айгерім Оңғарбайқызы халықаралық технопарктың мүмкіндігі мен IT саласының болашағы туралы ақпарат берсе, журналист, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Кенжебек Сержанұлы жастардың бойындағы рухани – адамгершілік құндылықтары жайын сөз етті.
Сонымен қатар, қазақ күресінен 2019 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионы, спорт шебері Бауыржан Жантөреев Бостан ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшыларына шеберлік сағат өткізді.
Олар керуен мүшелері Даниял Саматұлының ««AQ DAM» ұлттық тәттілер бренді, Шалқарбаева Жұмагүл ұсынған сүт өнімдері, басқа да ауданда табысты еңбек етіп жүрген жас кәсіпкерлердің қолөнер бұйымдары мен ауыл шаруашылық өнімдері көрмесіне қатысты.
Сондай-ақ бұл күні Құрықта аурушаңдықты болдырмау және алдын-алу мақсатында терапевт, эндокринолог, ревматолог, кардиолог, травматолог ортопед, УЗГД дәрігерлері және балалар травматологы ортопед, невролог мамандары ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
Айта кетейік, жастар керуені ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік керуені» марафон акциясы аясында ұйымдастырылды.
Шынар КЕНДІН