Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мұнайлы ауданындағы көпбалалы және аз қамтылған 70 отбасы баспаналы болды. Бұл туралы Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров Қоғамдық коммуникация орталығында өткен жиында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы және аз қамтылған 70 отбасыға баспана табыстадық. Қазір барлық құжат комиссиядан өтіп, рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Үйлеріне қоныстанып, қоныс тойын тойлаған отбасылар да бар. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Рахат Елтизаров.
Бұдан бөлек Батыр ауылдық округінде 4 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 2021 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Тұрғын үй әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандарға беріледі.