Бүгін Маңғыстау ауданы орталығында 400 адамға ауызашар қоржыны берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің «Ел игілігі» жобасы аясында ұйымдастырған шараға аудандық мешіттің бас имамы Құралбай Амалбаев мұрындық болған. Ауызашар қоржыны кез келген аудан тұрғынына ұсынылды.
Шараны ұйымдастырушылар аудан орталығындағы адам көп шоғырланған жерлерге арнайы барып, әр адамға бір қалта сый таратты. Ауызашар қоржынының ішінде 1 литр зәмзәм суы мен құрмадан бастап бір күн ауызашарға жеткілікті азық-түлік қоры бар. Сондай-ақ Шетпе уақытымен ауыз ашу кестесі де салынған.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айында мешіт есіктері уақытша жабылғанымен мейірімділік , ізгілік пен сауап есіктері айқара ашық тұратындығын айтып, қасиетті Рамазан айында мұқтаж отбасыларға ауызашар есебінен қайырымдылық жасауды үндеген болатын . Баршамызға белгілі, бұған дейін ауызашар дастарханы мешітте жайылатын еді, пандемия байланысты биыл дәмдерді үйге тараттық. Бұл қайырымды іске мешітке келуге денсаулығы жетпейтін үлкен кісілер, тіпті балалар да уанды », -дейді аудандық мешіттің бас имамы Қ.Амалбайұлы.