Жуырда облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының ұйымдастыруымен «Үздік жылыжай - 2021» байқауы қашықтан өткізілді. Шараның мақсаты - білім беру ұйымдарында ашылған жылыжай қызметінің сапасын көтеру. Облыстық сайысқа ұсынылған 10 жұмыстың ішінде Маңғыстау ауданындағы Өтес мектебінің еңбегі жоғары бағаланды. Биология пәнінің мұғалімі жылыжайдағы өсімдіктерден хош иісті әтір мен түрлі емдік сусындар дайындап шығарған. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жылыжайды жан-жақты дамытудың нәтижесінде әтірлер мен дәрілік сусындар жасап шығардық. Мәселен, раушан гүлінен әтірлер, алоэдан бет күтіміне арналған кремдер жасалады. Жылыжайда басым бөлігі - бөлме өсімдіктері. Бар білгенімді мектеп оқушыларына үйретіп келемін. Алдағы уақытта тың жобаларды жүзеге асыруға жұмыстанып жатырмыз», - деді жылыжай жетекшісі Саясат Кемалова.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жұмысын сараптай келе нәтижелі жұмыс көрсеткен Өтес мектебін үздік деп таныған. Енді жылыжай жетекшісі өсімдіктерден коллекция жинап, қатыру техники арқылы гүлдерден әшекей бұйымдар жасауды бастады.