Дәл қазіргі тұста көпті алаңдатқан бір-ақ үрей бар. Ол – қанша жанның өмірін қиған коронавирус инфекциясы. Соңғы кезде бейбітшіліктің бедері бұзылмаған біздің ел де осы індетпен күресуде. Кеселдің беті қайтып, қалыпты тіршілікке қайта оралу үмітінің жетегінде жүргенде, үмітімізге су сеуіп үнді штамы деген шықты. Бүгінде әлем елдері, оның ішінде біздің мемлекетте коронавирус инфекциясының жаңа түрінің таралғаны туралы дабыл қағып, оның қаупі жөнінде жарыса жариялауда. Босаңсыған шектеулерді қайта күшейтуге мәжбүр еткен бұл кеселмен күресіп жатқандар аз емес...
Ғалымдар қайта өршуі мүмкін деген індет тағы да адамзатты әбігерге сала бастады. Әсіресе дертпен бетпе-бет келген әрбір науқас үшін жанын шүберекке түйген, бар күш-жігерін науқастардың саулығы жолында жұмсаған медицина мамандары бұрынғыша қарбалас күйге түсті деуге болады. Расымен, әлемде дүрбелең туғызған індеттің таралуы әлі тоқтамай тұр. Оған әр өңірде тіркелген науқастар дәлел болмақ.
Әлем аласапыранға түсіп, жер бетінде болып жатқан күтпеген тосын оқиғалардың сан алуандығы соншалық, оларға ойлы дегендердің өзі байыпты бағасын беруге дәрменсіз болып барады. Эпидемиологиялық жағдайдың күннен күнге тұрақсыз болуы салдарынан науқастардың күрт көбейіп жатқанын қаперге салып, шектеу шараларын күшейтуге жете мән беруді қатаң қолға алған дәрігерлер қолдан келген амалды жасауда. Ал халық бұл кеселден қорықса да той тойлауын тоқтатар емес. Әрине, той – қазақтың қазынасы, дегенмен де, мынадай «Ертең не болар екен?» деген үрей тудырған заманда адамдардың басын қоспай, бірер сәт денсаулықты ойлап, тойды тоқтата тұрғанымыз жөн бе деп қаласың.
Пандемияны жеңудің бірден бір жолы – тез вакцина салғызу. Вирустың таралуының алдын алу үшін сақтық шараларын күшейту, бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты, қол гигиенасын сақтау керектігі туралы халықты құлақтандыру мақсатында орталықта хабарлама күні-түні дабыл қағуда.
Ал ақ халаттылардың айтары мынау: ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Босаңсуға, еркінсуге әлі ерте деген ескертулер. Тек неде болса сақтанамыз, ақ халаттылардың ескертпелерін қатаң орындап, ортақ тәртіпке бағынамыз. Бұл бізге жақсылық әкелмесе, жамандыққа жол ашпайтыны анық. Бастысы, өз денсаулығымызға жақсы қарау, күтіну мен сақтану. Отбасымыздың амандығы мен еліміздің тыныштығы.
Тоймекен САҒЫМБАЕВА,
ардагер ұстаз,
Маңғыстау ауданы