Бүгін Қарақия ауданының әкімі С.Төретаев көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Сіздер, отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап келесіздер. Еліміздің демографиялық дамуына қосқан елеулі үлестеріңізге зор ризашылығымды білдіремін!
Отбасы — шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің болашағын тәрбиелеп, өсіріп отырған —сіздер, аяулы аналар. Сіздер табиғат сыйлаған табандылық пен іскерліктің, шыдамдылық пен қажырлы қайраттың арқасында әр салада қызмет етіп, тек қана ұл-қыздарыңызға ғана емес, жан-жаққа үлгі болып жүрсіздер», - деді аудан әкімі С.Төретаев.
Алқалы аналарға естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары берілді. Өз кезегінде аналар да көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Жиын соңында аудан өнерпаздары аналардың құрметіне әсем ән арнап, қуаныштарын еселеді.