Құтыру ауруы – вирус арқылы таралатын, орталық ми-жүйке жүйесін зақымдайтын аса қауіпті, соңы өліммен аяқталатын жұқпалы ауру. Бұл індетпен адам және барлық мал түлігі ауырады. Індет қоздырғышы сау адамға және малға құтырған иттен, қасқырдан, түлкіден, қарсақтан, мысықтан сілекей арқылы жұғады. Аурудың тез өршуі жарақаттың тереңдігі мен ондағы вирустың мөлшеріне тығыз байланысты. Вирус ауру малдың сілекейінен бөлінеді.
Жануарларда аурудың белгілері - мінез құлқы өзгереді, кейде сұлық жатады, мазасызданады, ашуланшақ болады, аузы көбіктенеді - ішіп-жей алмайды, жанына жолағанның бәрін қауып, тістеуі мүмкін, сөйтіп хайуан 5 күн 7 күннің аралығында өледі.
Адам ауруының ең маңызды белгілерінің бірі –тістеген жер ауырып, ысиды, алқынып демалады, түрі жаңа ғана жылаған адам сияқты болады, аузының сілекейі қоюланып, желімдесе береді, адамды үрей билейді, ашуланшақ келеді, құтырынып алас урады, судан қорқады, өлім алдында талмасы ұстап, дене құрысып сал болып қалады.
Сіз немесе сіздің жақындарыңыз жануарлардан зардап шеккен жағдайда мына шараларды жасау керек:
-жарақат орнын сабынды таза сумен жуу;
-жарақат айналасын спиртті ерітіндісімен залалсыздандыру;
-міндетті түрде емханаға қаралу және антирабиялық екпе алу.
Құтыру ауруының алдын алу және өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі түрде құтыруға қарсы екпе алу болып саналады. Егер өзіңізге белгілі иттен немесе мысықтан жарақат алсаңыз, жануарды мал дәрігеріне көрсетіңіз, мал дәрігері жануарды 10 күндік ветеринариялық бақылауда ұстап, сау болған жағдайда – жануардың саулығын растайтын анықтама береді. Жарақаттанған адамға осы аралықта 3 рет егу тағайындалады.
Ал егерде жарақаттаған жануар қашып кетіп, табылмаса, белгісіз болса немесе өліп қалған жағдайда құтыру ауруына қарсы антирабиялық 6 реттік егу курсы тағайындалады. Ал, үйде ұсталатын иттер мен мысықтар есепке алынып, олар жыл сайын құтырмаға қарсы егілуі керек. Үйде ұсталатын иттер мен басқа да жануарлар ауыра қалған жағдайда, оларды мал дәрігерлеріне көрсетіп, тексерту қажет.
Барлық сақтық шараларын сақтаған жағдайда құтыру ауруының алдын алуға болады.
Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті