©
Газетіміздің тілшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, прозашы Үміт ЖӘЛЕКЕ биыл қос бестіктен құралған мерей жасқа жетіп отыр. Республикалық басылым беттерінде көрініп жүрген танымал жазушыға шығармашылық табыс тілей отырып, оқырман назарына жаңа әңгімесін ұсынуды жөн көрдік. «Еркек – бас, әйел – мойын» дейді. Жаратқан жұмыр басты құмыра мойынға бекіткенде, бастың беріктігіне мойынды жауапты қылғаны ма екен? Қазақта «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады» деген сөз бар, ал әйел жаман болып, еркек тәуір болса ше? Тәуір еркек төмен әйелді қатарға қоса ала ма? Бәлкім, қосқандар да бар шығар, бірақ біздің кейіпкеріміз бұрынғы әйелін «қатарға қоса алмапты», қоса алмағанына әлі күнге дейін өкінетінін жасырмай: – «Қайтейін, айтқанға көнбеді... Кейде жаным ашиды, жаманды-жақсылы талай жыл бірге түтін түтеткен адамбыз ғой... Бұндай да ақымақтық болады екен, қолдағы алтыны-азаматының қадірін білмей, басқа біреуге бере салды...» деп жанары жасаурап отырып сыр ақтарды. Бір әйелдің өзімшілдігі мен өрлігінің кесірінен отыз жыл отасқан отбасы ойран болып, шаңырағы ортаға түсіп жатады. Сондайда «Әттеген-ай, әйел ақылдырақ болғанда бұндай жағдайға ұшырамас па еді?» деп те ойлайсың. Кім білсін? «Бәрі Құдайдан!» деген пайымға қайшы келгенмен, әр өзгерістің бір себебі болатыны, «Шығасыға – иесі басшы» деген сөздің тегін айтылмағаны тағы бар. Әйтеуір, біз оқырманға өмірдің өз мысалын кейіпкердің айтуы бойынша әңгімеледік. Бір бүтінді құрап тұрған екі сыңардың арасында өзара үйлесім болмаса, үйдің іргесі сөгіліп, уығы сынатыны, уық сынғасын шаңырақтың шайқалатыны жан шырқыратар шындық. Бұл да – сондай қилы-қилы тағдырды өз толқынымен тербетіп, көз алдымызда өтіп жатқан өмір-өзеннің асау ағысына шыдас бере алмаған бір отбасы туралы баян. – Мен осыдан үш жыл бұрын біреу «өміріңде үлкен өзгеріс болады, тағдырдың тәлкегіне ұшырайсың» десе нанбас едім. Адамның ашық күнде адасуы, тегіс жерде сүрінуі қиын емес екен. Енді... өткен өтті. Орыстар айтпақшы, «Бақыттың бұйырмауы да мүмкін еді, бірақ бақытсыздық көмек- тесті» деп. Мен шын бақыттың дәмін енді сезінгендеймін! Кейіпкерім өзі туралы әңгімесін осылай бастады. Орта бойлы, қысықтау қара көздерінен қайсарлық отының ұшқыны шашырап тұрғандай көрінетін, қоңырқай өңді, жылы жүзді жылмиған жігіт ағасын Өзеннен та- нитынмын. Ол кезде қозы қарын, қыртыстанған қалың бұғағы жуан мойнын ай- наласына еркін бұрғызбайтын тоқ көңіл, толық жігіт еді. Енді қарын қабысып қалған, мойын қылдырықтай... Иә, өзі айтқандай, бақыттың бал дәмін татқан адамның өзгермеуі мүмкін бе? Өзгерістің бәрі содан да шығар, бәлкім?! Өмір сырын кім білген? - Жалпы біз жамандық болса, кінәліні басқа жақтан іздейміз. Өз ішімізге үңілмейміз, айналамыздағы адамдардан бір жамандық келер-ау деп қауіптенбейміз. Тек сол жамандық өз басымызға келіп топ ете түскенде ғана, санымызды бір соғамыз. Ал жақсылық, неге екенін білмеймін, әрқашан болуға тиістідей көрінеді. Негізінде, өмір дегеніңнің өзі жамандық пен жақсылық қыздың қос бұрымындай қоса қабат жүретін үлкен жәрмеңке секілді екен ғой. Бір жерде ұтсаң, бір жерден ұтыласың. Пенде шіркін, ұтса – қуанады, ұтылса – ренжиді. Ал берекелі, бақуат санап жүрген өмірің тұп-тура үш жүз алпыс градусқа айналып кетсе, қуану керек пе, қамығасың ба?!. Тағдырдың тепкісін көріп, өмірден торығып, тауы шағылған қамкөңіл жанның ойын бөлгім келмеді. Оның ағынан жарыла сыр тарқатып отырғанын сездім де сөзін үнсіз тыңдай бердім. - Басында шок болады! Кейін бірте-бірте тағдырдың тезіне көнесің. Есің кіре бастағанда кінәліні іздейсің. Бақсам, баукеспе ұры секілді жамандық дегенің де алыстан келмейді екен, соның өзі іргені аңдып жатып, бір күні бас салатын қабаған ит секілді ме дедім. «Әйел – дұшпан» деп ата-бабаларымыз бекер айтпапты ғой. Қойнымдағы қатыным опасыздық жасапты. Опасыздық жасағанда да... Ойпырмай, енді айтуға аузың бармай- ды. Менің сыртымнан, сездірместен ба- сымыздағы шаңырақ құттыхана баспана- мызды кепілге салып жіберсе... Ойбай-ау, енді одан өткен опасыздық болар ма? Бір күннің ішінде төрт жан баспанасыз қаңғырға айналып шыға келдік. Қанша дегенмен заты әйел ғой, есін тез жинаған да соның өзі болды. Мен вахтыға кеткенде, керек-жарағы мен көрпе-төсегін тиеп, жалдамалы пәтерге шығып кетіпті. Менің құжаттарым мен киім-кешегімді бөлек тастаған. Бұнысы, енді «ат құйрығын кестім» дегені шығар деп ұқтым. Күйіктен ішіп алып, бір күн-бір түн тұл үйде күңіреніп жаттым. Сандырақтап әр немені бір ойлап, ешқайсысының ұшығынан ұстай алмай мәңгірумен болдым. Бір күні банктен құзырлы адамдар келіп, үйді хаттап-шоттап алып, есікке кілт салып, құлпына мөрлі қағаз жапсырып, жөндеріне кетті. Содан бері, несие деген сөзді өлердей жек көрем. Бәзбіреулер несиеге алған ақшаны тегін беріліп жатқандай көреді. Оның түбінің неге апарып соқтырарын білмейді. Тіпті кейбіреулер несиесінің көптігімен мақтанып, туыс, көршілерімен бәсекеге түсіп, қарызға алған қаражатты оңды-солды шашып, бір-бірінен асырып той жасап, ас беріп жүр. Ал енді біреулер, менің бала-шағам секілді көптің көзін қыздыратын қымбат көлік міну үшін басындағы шаңырағын кепілдікке қояды. Бұнан асқан ақымақтық болар ма? Баспанаңды кепілге қою деген сөз – өз өміріңді кепілге беру ғой. Шаңырақтың киесінен қорықпай ма екен? Қазіргі қатындарда да саңылау қалмаған-ау?! Сонымен үйсіз-күйсіз тентіреп, тумаластарды жағаладым. Бұрынғыша вахтыма барып келем. Жұмыста жүріп: «Бұл қалай болды? Неден қателік жібердім? Жиырма бес жыл отасып, «бала-шағам ер жетті, енді қызығын көрем» деп отырғанда бұндай жағдайға қалай душар болдым? Қатын-баламның менімен санаспай сыртымнан табысымды талан-таражға салғаны несі?» деп ойланам келіп. Жанымдай көретін жақындарымды жамандыққа қиғым келмейді, бірақ қалай ойлансам да оларды ақтап аларлық уәж таппай қиналамын. Туған балаларым мен қыздай қосылған әйелім маған ит құрлы адалдық таныта алмады-ау деп қапаланам. Олай дейтінім, менің басыма бір жамандық келетінін ең әуелі сезген итім болды. Өзенде тұрғанда кәсіпшілік маңында күтімсіз жатқан жерінен әкеліп, көзін ашпаған күнінен асыраған итім бар еді. Сол осы оқиғаның болатынын төрт-бес жыл бұрын сезіп, вахтыдан келгенімде екі алдыңғы аяғымен белімнен құшақтап, адамша үнсіз жылай- тын әдет шығарды. Кәдімгідей екі көзінен парлап жас ағады. Айтуға – тіл жоқ. Оның бұл қылығын мен неге жорырымды білмей далмын. Осы «Ит – жеті қазынаның бірі» деген сөз рас-ау. Әйтеуір жақсы зат емесін, оның бірдеңе айтқысы келіп жылап жүргенін сездім. Өзім сезімтал адаммын, жақсы-жаманды алдын ала сезіп тұрам. Тағы бір мінезім өзімнің дегенім болса екен деймін. Осы бірбеткейлігімнің кесірінен әйелім екеуміз сәл затқа шекісіп қала беретінбіз. Кісіден алған қарызын қайтармайтыны жаныма батып, қол да жұмсайтынмын. Өзімше оның сол сорақы қылығын таяқпен түзеп, қойдырамын деп ойладым. Қайдағы? «Сүтпен біткен сү- йекпен кетеді» деп дұрыс айтқан екен ғой бабаларымыз. Шалдардың қызға тегіне қарап, нағашысын сұрап сүзгіден өткізіп барып, құда түсетіні бекер емес болып шықты, себебі адам байғұс қанша тырмысқанмен шама-шарғасынан шыға алмайды екен. Біздің сол қара шалдардың өсиет-өнегесін қаперімізге алмағанымыз кейін өз басымызға тоқпақ болып тиетінін қайдан білейік. Танысқан қыздың руын сұрауды ескіліктің сарқыты деп ұқтық, «Әкең кім? Нағашың кім?» деп тәптештеп тергеуді бойымызға мін санадық. Заман солай болды. - Қалай танысып едіңіз? Біз жасөспірім шақтан бірге өстік. Құла қырда отырған екі үйдің бойжеткені ол болса, бозбаласы мен едім. Жылқышы ауылдың баласымыз ғой, аттың құлағында ойнап өстік. Екеуміздің қосылуымыз Құдайдың бұйрығы секілді көрінетін. Алды-артымызды бажайлай бермейтін албырт жаспыз. Жас кезінде кім қулық-сұмдық ойлайды дейсің? Қырдың қызғалдағындай қара торы қыздың бойынан тек жақсылықты көріп, жылтырағын ғана байқайтын кезіміз ғой. Жас пен жастың тілегі бір деген, арамыздан қыл өтпестей тату едік. Бала шақтан бірге өскен қырдың самалындай бұла бойжеткен- ді бір кездері шын бақытыма балағанмын... Екі жыл әскерге кеткенде уәдесін беріп, жолымды күтіп қалды. Қосылғасын да қалаға қашпай, өзіміз өскен қырда тұрақтап қалдық, балалар сол сайын далада туды. Содан біреуден ілгері, біреуден кейін деген- дей күн кешіп жаттық. Балалар мектепке баратын мезгіл жеткенде аудан орталығына жақын бір ауылға отау шықтық. Адамның сырын бірге тұрғанда білесің ғой, күн өткен сайын келіншегімнің сыры ашыла бастады. Өтірік айтатыны бар болып шықты, біреу- ден алған затты, не ақшаны қайтарып бермейтін жаман қасиеті тағы бар екен. Маған онысы ұнамады, бірақ енді «болары болды, бояуы сіңді» демекші, біріміз – жігіт ағасы, біріміз – сарқарын әйел болғанда одан не пайда? Тек бетін қақпайлап, сырттай бақылап қана қос болып жүрдік. Оған да мұрға жоқ. Айдың жиырма күнінде сыртта, вахтыда жүрем. Үйде болатын уақытым – он күн. Сол он күнде-ақ оның талай былыққа батқанын, талайға қарыз болып, өтірік айтып, у жалап жүргенін біліп қалам. Үй маңындағы дүкендерге кірсем, бәрі «әйеліңіз пәлен теңге қарыз алып еді, пәлен уақыттан бері қайтармай жүр» деп сайрап қоя береді. Құлағым тыныш болса екен деп, амалсыз жанымнан төлеп құтылам. Үйге келгесін әйелді қыспаққа алам. Содан шаң- шұң, ұрыс-керіс басталады. Өзім қара су ішсем де адалдап ішкім келетін адаммын. Қулық-сұмдық, алдау-арбау дегенді суқаным сүймейді. Жаман- дығы өзімен кетсе жақсы ғой, оның сұйықтығы, алаяқтығы балаларыма да жұғысты болғанын білгенде тіпті қаным қарайды... Үйдің кепілдікке қойылғанынан әлі хабарсыз кезім еді, бір күні вахтыдан келіп демалып жатсам, телефон шылдырады. Алыстан қоңырау шалып тұрған қыз баланың даусы онсыз да әлсіз жүйкемнің талшықтарын уыстап үзіп жібергендей болды. «Ұялмайтын адамдар екенсіздер! Қара тер болып сұрап тұрғасын курстас қыз ғой деп жаным ашып, сонша ақшаны анамнан алып беріп едім, – деді бейтаныс қыз. «Барған бойда поштамен салып жіберем» деген. Міне, төрт ай өтті, әлі жоқ!» Біреу төбемнен қайнаған су құйып жібергендей, тұла бойым от болып, қызып, қан қысымым көтерілді де кетті. «Иттен туған күшік! Ұқсамасаң тумағыр! Сен де алаяқ болайын дедің бе? Бүйтіп жаманатқа қалып жүргенше, өзім-ақ жер жастандырайын деп қатты кейідім. Қол көтермек болғанмен ағалары мен шешесі араша түсіп, айырып алды». Содан алаяқ қыздың қарызынан құтылу үшін астымдағы көлігімді саттым. «Жұт жеті ағайынды» демекші, жамандық та жалғыз келмейді екен ғой. Жаяу қалып, автожолды кесіп өтпек болып жолақ өткелге шыға бергенім сол еді, сол жағымнан заулап келген үлкен қара машина қағып өтті. Қатты келе жатқан көліктің екпінімен үш төрт метр биікке ұшып бара жатып: «Бекет ата!» деп қатты айғайлап жібергенім есімде. Содан соңғысын білмеймін... Дүнияда ең жақын адамдарыңның ит құрлы опалы бола алмағандары қинайды екен. Кейін көршілерден естісем, мен бір ай ауруханада жатқанда итім құса болып, ас татпай жатыпты. Машинаның асты-үстіне шығып, жанталаса күтумен жүріпті. Ауруханадан келгенде есі шыға қуанып, үсті-басымды жалап, ауланың ішін айнала жүгіріп, жазылып кетті. Өзі бір ақылды ит. Сол ақылдылығынан Өзенде тұрғанда талай рет ит атушылардан да аман қалып еді. Ол кезде ит атушы көп. Солардан қауіптеніп, таңертең: «Үйден шықпа, шықсаң сені атады, аямайды» деп өзімше қолымды шошайтып, маңдайына мылтық кезеген болып, тілім жеткенінше түсіндіріп айтып кетем. Соны тыңдап, ақылды көздерімен «Түсіндім, алаң болма! Айтқаныңды істеймін!» деген сөздерді ұқтырғандай болады. Шынында да, мен кетісіммен ұясынан шықпай, үйшігіне тығылып алып тырп етпей жатады екен. Даладағы адамда шаруасы жоқ, бірақ бөтен адамды аулаға кіргізбейтін. Сол итімдей де болмады балашағам... Ақыры бүйтіп жүре берудің жөні жоқ екенін түсінгендей болдым, себебі тағдырдың басқа салғанына көнуден басқа жол жоғын әбден мойындап қойғанмын. Бір күні пойызда келе жатып осы күнгі келіншегіммен таныстым. «Түсі игіден түңілме» деген бар емес пе, дидары ашық, шырайлы келіншекпен сөйлесе келе жалғызбасты екенін білдім. Жататын үйіне дейін шығарып салдым да «хабарласып тұрайық» деп ұялы телефонын жазып алдым. Қарсы болған жоқ. Содан кезігіп жүрдік, жалғызілікті әйелден қолдан келген көмегімді аямадым. Өзімді мүсіркейтін жан іздеп жүрсем де еркек атым бар ғой, «Бөрі арығын білдірмес, арқа жүнін қампайтар» демекші, сырттай дүрдиіп жүруге тырысам. Тірліктің таусылмас жоғы пендені бір-біріне кіріптар етпей қоя ма? Інімнің үйінде жүріп, табысымды жинап бір ескілеу көлік алғанмын, сонымен келіншектің оны-пұны шаруасын тындыруға қол ұшын беріп жүрдім. Сөйтіп, жақын араласа жүріп, біріміздің сырымыз бірімізге аян болып қалыпты. Ақыры кең отырып бәрін бастан-аяқ жайып салдым. Сірә, белгілі болатын заттың несін жасырайын? Сонымен басыңды ауыртып не керек, қосылып тындық қой... Әйтеуір, қадірімді білетін адам... Соған да шүкір, Аллаға... Әйелден аузым күйген қасқамын ғой, әуелі келіншегіме сенбестік білдіріп, айтқан әрбір жылы сөзіне күмәнданумен жүрдім, міне, бес жылға аяқ басты бір шыпасы білініп, өтірігі шықпады. Өзім қалағандай адал, ақпейіл адам. Аздап аңқаулығы да бар, бірақ кісіге қиянаты жоқ. «Азаматым» деп сыйлап, алдымнан кесіп өтпейді, сонысының өзі неге тұрады?.. - Жағдайың жақсарып келеді екен, енді біртіндеп бәрі ұмытылар... - Әй, сол ұмытылмайды-ау... – деді біраз үнсіз түйіліп отырған жігіт ағасы. - Мен бар мұрамнан айырылған, бар қазынамды тонатқан адаммын ғой. Кейде сол жанымды шырқыратып, көрер таңды көз ілмей атырам... Тағдырдың жазуы солай болды ма, тіл-көз бе, кім біледі? Әйтеуір, өткен өтті. Үйленбес бұрын жаным ауырып, қиналып жүргенде психолог-дәрігерге барып, пікіркеңес алып, бар жағдайымды айтып едім, «Әй, аға, мықты екенсің» деп ұшып тұрып қолымды алды. Әйелінен ажырасқан еркектің көбі ішіп кетеді, сіздейлер сирек бұл өмірде. «Алла тағала сүйген құлына сынақ береді, оны жеңген адамға бәрін береді» дейді екен білімпаздар, енді сіздің бар тілегіңіз орындалады! – деп көңілімді бір көтеріп тастады әлгі мың болғыр жігіт. Кейіпкерім өз әңгімесін психологтың осы бір ауыз сөзімен өзі түйіндегендей көрінді. Шынында да, өмірдің сынына ұшыраған пенденің болашағын болжап, жорамал жасамай-ақ: «Пенденің дегені болмайды, Алланың қалауы болады» деп даналыққа жүгінген жөн секілді. - Иә, айтпақшы қазіргі келіншегің?.. - Бір ауыз сөзбен айтсам, бақыттымын!..