31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Бабалар «Бесқалаға» қалай барған?
Таба алмай іздегенмен нағыз жауды, Көшуге енді шындап көңілі ауды. Азын-аулақ жүктерін артып алып, Тағы да тәрк қылды Маңғыстауды. Іздерінде жастық шақ жыры қалды-ау, Кіндіктерден қан тамған қыры қалды-ау. Барлығының басында арман-мақсат, Ең бастысы ұрпақты қырып алмау. Ескі жұрт ертегідей ерге елестер, Тартып келеді ат-есек жем жеместен. Қураған жусандар мен бұйырғындар, Артта қалып барады құм белестер. Біраз жұрт өтіп кетті шетелдерге, Нартәуекел сенімді бекемдер ме? Ұрпақ қамын ойлаған ер Ұлықпан, Бастап келеді белгісіз мекендерге. Бедері бедірейіп дала жатыр, Сұрықсыз жусандары сала жатыр. Ақтөбе, Маңғыстаудан ауған халық, Бағыттап «Бесқалаға» (6) бара жатыр. Бұл жақты да қариялар ұнатпады, Дегенмен жас арманды құлатпады. Көбісі өтіп кетіп Ташауызға (7), Кейбірі Қоңыратқа (8) тұрақтады. Бөлісіп төсек қылып текеметті, Өздерінше бірлікті бекем етті. Бірі кетсе Хожелі (9), Шоманайға (10), Кейбірі Көнеүргенішті (11) мекен етті. Көлденең іс өзгертер қалыпты ойды, Сүйрегендей жем-шөпке арық қойды. Құдайдың бұйрығына шара бар ма? Ұлықпан Қоңыратта қалып қойды. Дей алмаймыз басқа бақ баяндады, Айқын мақсат құлашты жая алмады. Тағдыр салған тауқымет салдарынан, Үш-төрт жыл Қоңыратта аялдады. Әркімнің болғандай-ақ өз жұмағы, Жаңалықтан хабардар көз-құлағы. Ұлекеңнің зайыбы Сарбөпе мен Жалғыз қызы Ақыман көз жұмады. Болсаң дағы бір өзің алып күшті, Жүргізбес тағдыр кейде қалыпты істі. Қос ұлымен қалғасын Ұлықпанға, Отбасының салмағы анық түсті. Ұлекең сонда дағы жасымады, Иінге бел-күрегін асып алды. Қарауымбет (12) кенінен тұзды тасып, Аштық кезде қос ұлын асырады. Өрмекшідей өрмелеп өрмектегі, «Заманның түс алғанын көрсек» деді. Есекпен тұзды тасып сатса дағы, Қос ұлға жетімдікті көрсетпеді. Айтуға болмас сірә тосылды деп, Тастайын ылақтырып досымды деп. Көнеүргеніш жағына көшіп барып, Баяғы ауылына қосылды кеп. Сатты бір кез теріден тігіп тонды, Қайтеміз біз сөздерді бүгіп соңғы. Әбілхан, Әбілғазы ізді-ізінен, Ілесіп қараға еріп жігіт болды. Тағдыр шіркін тағы да қиқалады, Кері кеткен кез болды би талабы. Алыстан ауып келген қазақтарды, «Бесқала» да маңдайдан сипамады. Қаншалықты болсаң дағы қырағы, Түрікпендермен дос болмассың сыралғы. «Неге сендер берілдіңдер қызылға?» Деп Жөнейт хан (13) жасақтары қырады. Қазақтардың болмаған соң тұрағы, Бұларға онша бола қоймас сұрағы. Шайдаковтың (14) әскері кеп кей кезде, Ел құлағын жиі-жиі «бұрады». Екі ортада жол таппай ел сасады, Екі жақтың мысы кезек басады. «Ақтар» келсе тығыларға жер таппай, «Қызыл» көрсе құты әбден қашады. Қазақтардың жоқ болса да шатағы, Ел жағдайы қабырғаға батады. Ары итерсең арба сынып қалады, Бері тартсаң өгіз өліп жатады. Тұрмыстары емес елдің қайнаған, Артық мал жоқ қорасында байлаған. «Бесқала» да таланған соң бес жақтан, Бұл жерді де ашаршылық жайлаған. Қарақалпақ, түрікпені мен өзбегі, Күнін әрең көріп отыр өздері. Туған жерден ауып келген қазақпен, Бәрінің де мұңдары бір көздегі. «Қан жап» (15) бойы «Айбүйірдің» (16) етегі, Қарапайым елдің болды кетегі. «Айлас қатын мұңдас» деген сияқты, Қазақ-түрікпен біліш (17) болып кетеді. Қолға алып кетпені мен сүйменді, Епшіл болды өзі қадап түймеңді. Жергілікті халықтардан қазақтар, Жер суарып, егін егіп үйренді. Жүгері егіп, мақтаны да тереді, Үй жанында жайқалды бақ, терегі. Еткен еңбек ерінге нәр, елге құт, Осы емес пе, қазақтарға керегі? Аштық шарпып бастан аяқ бақайды, Мұны қазақ нәубет жылдар атайды. «Бесқалада» ұрпақ өсіп, көбейіп, Қазақтардың қабырғасы қатайды. Елге аздап жарық сәуле, нұр келді, Қазақтарға қыз бала мен ұл келді. Жылан сынды ирелеңдеп бір кезде, Мың тоғыз жүз қырық бірінші жыл келді. Әскерге алды ауылда өскен жастарды, Кейбірінің алған жары жас қалды. Мақпал түнгі 22 маусымда, «Ұлы Отан» дейтін соғыс басталды. «-Кейде жүрмес қулығың мен айлаң да, Өлетін жан ажал құшар қайдан да. Ұлтың үшін ұлы істерден қалыс қап, Үйкүшік боп ауыл-үйге байланба! Түзде емес ажал келсе үйде өлер, Азаматтар бастан бағы тайғанда». Деп Ұлекең ұлылықты ұлықтап, Екі ұлын аттандырды майданға. Орынынан тұрып еді сан құлап, Несіне енді балаларын аңдымақ. Сонда дағы қоштасқанда қос ұлы, Қала берді өкініштен қанжылап. Неткен мұнша жылдам едің жалған тез, Намыс пен де жүйрік пе едің ардан тез? Ұлекеңнің өкініші күшейді, Себеп жасы жерортаға барған кез. Жүрген жалғыз тым қолайсыз қоқайып, Қозы сынды қалған кезде отайып. Қос перзентін аттандырып майданға, Соқа басы қалды жалғыз сопайып. Еске түсті талай азап шеккені, Өз ырысын өзі осылай тепкені. Екі ұлы да опат болса майданда, Осы емес пе тұқым құрып кеткені? Қалды істері әдеттегі сүйікті, Қайғы меңдеп жүрекке жүк үйіпті. Тұзды суды айналдырды қорекке, Басу үшін іштегі ыстық күйікті. Бұрындары жүруші еді қырынып, Қазір қалды артық еттен сылынып. Ашылысып тілдеспейді ешкіммен, Сәл нәрсеге жиі кетер сүрініп. Артық білер өзгелерден бағасын, Тумасының жүректегі жарасын. Сапары мен Әлихандай бауыры, Екінші рет үйлендірді ағасын. Сөйтіп тағдыр кәкемді Ермек атты екінші әжемізбен табыстырды. Құдайдың берейін десе берері аз ба? Ұлы Отан соғысы қайнап тұрған кезінде, яғни үміті үзілер шақта кәкем тағы да екі ұл, бір қыз сүйді. Үлкенінің атын ырымдап Қашақбай деп қояды. Одан кейінгі 1946 жылы туылған Мұратқазы (Қаухан) жастай шетінеп кетті. 1948 жылы туылған ең кенжесі Жұмагүлді кәкем баяғы «Бесқалаға» құлаған кезде көз жұмған Ақыман атты қызының есімімен атаушы еді. Кәкемнің сол нәубет жылдары, одан кейінгі Отан соғысы жылдарындағы көрген қиындықтары өмірінше есінен кетпеді. Әсіресе, үкілі үміті үзілуге айналған шақтарды айтсаңызшы. Көбінесе бір келілік үлкен кесеге су құйдырып, оған бір уыс тұз салып, ертіп ішіп отыратынын беріге келгенше талай көргенбіз. Бұл іштегі күйікті басудың амалы болар. Шаржаудан (18) бастап Сталинград, Белоруссия майдандарына дейін соғысқа қатысқан үлкен ұлы Әбілхан оң қолына оқ тиіп, мүгедек болып, екі жылдан кейін елге оралды. 1945 жылғы 9 мамырдағы Ұлы Жеңісті ауылда қарсы алды. Әуелден әскери қызметке араласқан Әбілғазысы қан майданда болып, әскерде жеті жыл қызмет етіп, Отан қорғап қайтты. Екі бала әскерден келгесін кәкемнің күпті көңілі басылып, өмірінің шуақты күндері басталды. Балаларын аяқтандырып немере, немереден шөбере, шөбереден шөпшек сүйіп қуанышқа бөленді, бақытқа кенелді. Әбілханы халықшаруашылығының әртүрлі салаларында жұмыс істесе, Әбілғазы өмірінің ақырына дейін бірыңғай әскери қызметте болып, сол кәсіптен зейнеткерлікке шықты. Жалпы мен кәкемнің өмірі, жасаған жақсылықтары, қайырымдылық істері, жер дауы, жесір дауына араласып, жетім-жесірлерге жасаған қамқорлықтары туралы, тіпті бәсекем бір қойдың етін тауысқанын, керек болса Қошыман деген туысының отбасын түрікпен баспашыларының құрсауынан аман құтқарып, үрім-бұтағының жапырақ жайып, өсіп-өнуіне септігін тигізген ерліктері туралы бұдан бұрын да байыптап жазғанмын. Ол жазғандарды бүгін тағы тізбелеуді жөн санамадым. Оны «Мәуелі бәйтерек» деген тақырыппен өзімнің «Шоғы батыр және оның ұрпақтары», «Төлеудің ұрпақтары» сияқты жинақтарыма арқау еткенмін. Сондықтан бүгінгі толғауда Төлеу ұрпақтарының туған жерін тәрк етіп, «Бесқалаға» не үшін ауғанын, ол жақта қандай ғұмыр кешкенін айта отырып, сол кездегі бүкіл қазақтың басынан кешкендерін осы әулет арқылы суреттеп, оқырманға жеткізуді көздедім. 1885 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген кәкем – Төлеуұлы Ұлықпан 1981 жылы 96 жасында дүниеден озды. Інісі Сапар 1975 жылы, екіншісі інісі Әлихан 1965 жылы, үлкен ұлы Әбілхан 1992 жылы, Әбілғазы 1991 жылы өмірден өтіп, жұбайлары мен бірқатар немере, шөберелеріне «Бесқаланың» топырағы бұйырды. Бірақ әке-аталардың бәрі кіндік қаны тамған туған жерлеріне орала алмады. Ал ұрпақтары бүгінгі таңда Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау аймақтарына қоныстанып, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, дамып гүлденуіне өз үлестерін қосып жатыр. Табиғаттың бұлтартпас заңына сәйкес құдайға шүкір ұрпақ сабақтастығы жалғасуда. Менің өзім 2000 жылы Отанымның ортасына оралып, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына келіп тұрақтадым. Бұрынғы кәсібімді, жоғары білім арқылы алған мамандығымды жалғастырып жатырмын. Осының бәрі ежелден ата-баба армандаған, бізге тарту еткен бағасыз байлық Тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадірін білу, маңызын ұғыну, байыбына барып, түп-дерегін түсіну біздің әрбіріміздің міндетіміз. Оны ертедегі ата-бабаларымыз көрген қиындықтармен сабақтастырып, салаластырып айтып, бүгінгі ұрпаққа насихаттау тарихшылар мен қаламгерлердің, жазушылар мен журналистердің парызы мен қаразы деп есептеймін. Сол үшін бүгінгі таңда әрбір қазақ азаматы «Мен Тәуелсіздікке не бердім, Тәуелсіздік елімізге не берді?» деген сияқты сұрақтардың төңірегінде бас қатырулары керек ғой деймін. Ал мен Тәуелсіздікке не бердім, Тәуелсіздік маған не берді? Осы төңірегінде ой жүгіртіп көрелік.Тәуелсіздік маған не берді, ал мен Тәуелсіз елге не бердім?
Шет жерде қалып қоймай қалтарыста, Әлде опық жеп қалмай арпалыста. Оралдым Отанымның ортасына, Құдай берген Тәуелсіздік арқасында. Отанға оттай болып жанып келдім, Оңымды да солымды танып келдім. Ата салт, ұлттық дәстүр өнегемді, Тарту мен таралғы етіп алып келдім. Дей алмаймын өзге елде тоналғанмын, Керісінше тұғырға қона алғанмын. Бабаларым туылып кеткен жерге, Дәл жетпіс жыл өткесін оралғанмын. Келешекке ертеңгі сеніп тұрмын, Бойымдағы барымды беріп тұрмын. Ата-баба парызы ретінде, Ғасыр жүгін арқалап келіп тұрмын. Туған жер топырағыңда шаттанамын, Атакүлдік Отаннан бақ табамын. Ата-анамның борышын өтеу үшін, Маңғыстау босағасынан аттағанмын. Салтымды сары алтындай сақтағанмын, Халқымды жырға қосып мақтанамын. Ұл-қыздарым осында қанат қағып, Әкелік борышты да ақтағанмын. Бабаларым туралы толғанамын, Ол үшін елге сөзді жолдағанмын. Қазақ тілді БАҚ-та істеп шетте жүріп, Ана тілдің намысын қорғағанмын. Жүрегім жүрер жолды белгіледі, Жазғандарым қазақтың теңдігі еді. Ақиқаттың ап-ауыр аппақ жолын, Тайсалмай таңдағанымды ел біледі. Септейді қазағымның кемерін көк, Нәр алып топырағыңнан емерім көп. Кеудедегі шыбын жан аман болса, Тәуелсіз еліме әлі берерім көп. Маған да оқырмандар сеніп жатыр, Дей алмаймын еңбегім кеміп жатыр. Отаным деп келгенде отқа оранып, Бұйырған сыйлықтарды беріп жатыр. Бабамның бойға сіңген қанағаты, Отанға жетеледі ар атағы. Еліме келгендегі басты сыйлық, Болғаным Қазақстан азаматы. Бұл жаққа екі мыңда ауды бағым, Бабам сынды сүймейді жауды жаным. Тағы да басты сыйлық перзенттерді, Отанды шын сүюге баулығаным. Іске асты бала күннен ойлағаным, Кәкемнің шежіресін ойға аламын. Бұлда бір басты сыйға есептелер, Елімнің тарихына бойлағаным. Тарихтың қойнауына қадам арттым, Келе сап кейбіреуді алаңдаттым. Тәуелсіздік жемісін пайдаланып, Бабалар өмірінен қалам тарттым. Озық ойлы жандармен хат та алыстым, Тарихтың тылсымдарын ақтарыстым. Өлгендердің рухын тірілтуге, Келгесін бір кісідей атсалыстым. Тарихты менде өзімше бағаладым, Кей тұстың анықтадым қара дағын. Маңғыстау тылсымына бойлау үшін, Киелі біраз жерді араладым. Өйткені ұлы дала ұланымын, Енді ашылған сағасы бұлағымын. Тыныстап Тәуелсіздік ақ таңынан, Қияда қалықтаған қыранымын. Шабытымнан тайдырма һақ Тағалам! Қазағымды қырсықтан сақта ғалам! Кім не десе, о десін, өзі білсін, Тегеурініме қазірше мақтана алам. Қаламды қару қылған білегім бар, Еліме айтар алғыс тілегім бар. Көк туына көз тіккен әлем халқы, «Мәңгілік ел – Қазақстан» тірегім бар. Бүгін тағы сәті түсті сәлемнің, Бір пұшпағы болғандықтан кәдемнің. Баба тілім, Ана тілім соңғы кез, Саңқылдады мінберінен әлемнің. Көңіл шіркін қанат байлап ұшады, Қуанышқа айқара ашық құшағы. Әлем халқы қазақ тілін тыңдауы, Мұның өзі жақсылықтың нышаны. Бабам тартқан талай тағдыр азабын, Енді бізге естілмегей азалы үн! Тәуелсіздік туын биік көтеріп, Алға қарай қарыштай бер, қазағым! Осылайша айшықтадым ойымды ақ, Асыл арман асқақтайды бойымда ақ. Қайран қазақ жігеріңді жасытпай, Біржолата әлем халқын мойындат! Енді емессің қайсар қазақ қаршадай, Шапағатың шашылып тұр баршаға-ай! Құдай маған қуат бергей талаппен, Жетістігіңді жыр қылуға шаршамай! Шетте жүрген кездерімді ойласам, Бір күнімді өткізбеппін аңсамай. Әлі өзіңді талай рет жырлауға, Аман болғай кеудедегі жансарай!Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Қазақстанның құрметті журналисі