©
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынуымен мемлекеттік деңгейде іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен қолға алынған, көркем әдебиет әлеуетін туған өлкемізді тану мен дәріптеуге бағытталған «Әдеби өлкетану» жобасын тарихшылар мен өлкетанушылар да ықыласпен мақұлдады. Бұл бастама Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көзделген бірнеше бағыттардың бірі «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» сериясын да толықтыратын туындыларды жарыққа шығарары сөзсіз. Осы арнайы жоба мазмұнына сай жазылған талантты ақын Асылбек Жаңбырбайдың «Сармыс батыр» дастанын қолжазба нұсқасында оқып, өз тарапымыздан пікір білдіріп, рецензия жазуға қолға қалам алдық. Біріншіден, дастандағы кейіпкерлердің және онда аттары аталатын кісілердің бір де біреуі әдеби образ, жиынтық бейне емес, өмірде болған, тарихи тұлғалар. Екіншіден, жырланатын оқиғалар – елдің басынан кешкен тағдыры. Үшіншіден, мекені мен уақыты да көрсетілген. Осы талаптар негізінде «Сармыс батыр» поэмасын көркем баяндалған тарихи туынды деп бағалаймыз. «Туғанда дүние есігін өлеңмен ашып, өлгенде де жер қойнына өлеңмен кіретін» (А.Құнанбайұлы) «ақын халық, батыр халық – дәл аты» (Қ.Мырза-Әли) деп бағаланған қазақтың өлең-жырмен жазылған тарихы қашан да саналарына өтімді, жүректеріне жетімді болатынын әдебиеттанушылар айтып та, жазып та жүр. Нақты дерекке ғана жүгінуі тиіс тарихшылардың өздері оны әлдеқашан мойындап, кейбір мәселелерде тарихи тақырыптағы әдеби шығармаларға сүйенеді. Сол сияқты біз де бір-екі ғасыр бұрынғы ауыз әдебиетіндегі жыр-дастандар мен арнау-толғауларды негіз етіп, өлке тұрғындарына кең таныс болғанымен жалпыхалықтық деңгейге шыға қоймаған әдеби-рухани жәдігерлерімізді арқау қылып, ондағы аса құнды деректерді ұқыптылықпен пайдаланып дастаншылдық дәстүрді жаңғыртқан қаламгер шығармасын рухани қазынамызға қосылған олжа деп бағалаймыз. Өйткені қисынға келсе де, дерек керегін ескеріп, біздердің ғылыми тұрғыдан кесіп айта алмай тосылатын тұстарымызға автор ақындық батыл көзқараспен, логикалық түрде кесек түйіндер, поэтикалық тұжырымдар жасайды. Бұлай дейтініміз – алдымен танысу мақсатында, кейін сын көзбен бірнеше қайтара оқып шықтық, шығармадағы оқиғалар, тарихи тұлғалар, жер-су аттары және сол тұстағы сөз қолданыстар, халықтың тұрмыс-тіршілігі барынша сай келеді. Сармыс батыр Тікенекұлы - шамамен XVIII ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары туып, XIX ғасырдың алғашқы онжылдығы аралығында өмір сүрген қаһарман тұлға. Ол өз тұсындағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың ешбірінен қалыс қалмаған. Ер Шоғы Мұңалұлынан бастап, батырлығы бабадан балаға жалғасқан әскери әулеттің орталық кейіпкері ретінде Сармыс Тікенекұлының таңдалып алынуын ғалымдар әдебиеттанудың қалыптасқан бір бағыты фольклортану үлгісінде көркем жинақтау – сюжеттік, ғұмырнамалық, шежірелік, тарихи, орталықтық, географиялық тұтастану тұрғысынан (С.Қасқабасов) зерттеп, оқырмандарға жан-жақты талдап түсіндіріп бере алады. XVIII ғасырдағы әлеуметтік орта, сол тұстағы қазақ халқының бір дәуірінің тарихы, салт-дәстүрі, аңсар-арманы, талап-тілегі, мақсат-мұраты мен мүддесі, мінез-құлқы, ой-санасы, ұлттық ұстанымдары ортақ болғандықтан, күні бүгін де күллі халықтың – ұлан-байтақ жеріміздің батысы мен шығысындағы, түстігі мен теріскейіндегі жерлестеріміздің, тіпті жат жұртта жүрген қандастарымыздың да жанына жақын. Жалпы оқырманға осы кезеңде ел басқарған хандар мен билердің ұстанған саяси-әлеуметтік бағытын, көзқарасын, бағдарын білуге, халық батырларының позициясын анықтауға мүмкіндік береді. Халқымыздың дәстүрлі түсінігін, дүниетанымын, оның даму жолдарын тануға ынталандырады, білуге қызықтырады. Ендеше, дастанға жалпылама шолу жасап көрсек... «Туған жермен тілдесу» атты бірінші бөлімде ұлы даламыздың бір бөлігі, «ұғымталға ұқтырары көп ұлағатты өлкенің» (Ә.Кекілбайұлы) ұлылығын көркем тілмен ұлықтаған. «Шежірелі шалдарым» деген екінші бөлімде билердің сұрақ-жауабы арқылы билік пен батырлықты, діндарлықты дәріптейді. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында билік дәстүр әлсіреп, заман аза бастағанда, билер параға жақын болып, бұра тарту көбейіп, сөзге тоқтау азайған шақта Қосай Қадір Қалдыбай би қара қылды қақ жарған әділдігінен, «туғансыз» имандылығынан «Жетім би» деп атанған екен. Өйткені оған айыбы барлар көп жүгінбеген көрінеді. Әрине, күштінің ығына жығылмаған соң, негізінен шағымданушылар ғана болмаса, оның билігіне, әсіресе, айыпталушылар мүдделі емес еді (С.Нұржан). Сондықтан «Жетім би» атанған кісі рушылдық, жершілдікке сірә қарсы адам. Осы қасиетіне сүйсінгеннен әрі сынау үшін қойылған «Мұңалдар Пір Бекет Атадан басқа кімімен мақтанады?» – деген сұрағына берген жауабы бүгінде ел ауызындағы қанатты сөзге, тұрақты тіркеске айналып кеткен: «Бекет Ата – Мұңалдың ғана емес, барша мұсылманның асылы, ол бәрімізге ортақ Пір. Ал «Мұңал кімімен мақтанады?» – десең: қара қылды қақ жарған, қырық би шыққан Қырымқұл деген ауылым бар; «мұсылман мен кәпірдің арасын ашып», дін жолын ұстанған қырық ахун шыққан Құрым деген ауылым бар; қалың дұшпанды қақ жарған, бір өзінен қырық батыр шыққан Қырықмылтық деген ауылым бар. Осы үшеуі – қара шаңырақтың құты, «Мұңал-ошақтың» үш бұты! – деген екен». Осы билік сөзді ақын кіріспе ретінде қолданған. Бірақ ондағы қырық саны шартты түрде, абстрактілі ұғым ретінде ғана қолданылып тұр. Әйтпесе, бұл үш ауылда басқа игі-жақсыларын айтпағанның өзінде, мылтық асынған батырлар да, сөз ұстаған билер мен ақын-жыраулар да, дін таратқан молдалар да әлдеқайда көп. Бұл сөзімізге көз жеткізу үшін үшінші «Қырықмылтықта – қырық батыр» бөліміндегі мысалдарды өзіміз де әдейі санап шықтық. Расында да, қос ғасырда қырықтан астам қаһарман тұлға туған екен: Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Әзіреттің көк күмбезінің асытанда мәңгі тыныс тапқан қазақ елінің хандары, билері мен батырлары, игі жақсылары қатарында жерленген Шоғы батыр Мұңалұлы, оның қос ұлы Есекей мен Жолай батырлармен тізімді бастайды. [caption id="attachment_75266" align="aligncenter" width="1024"] Шоғы батырдың ескерткіші[/caption] Көзінің ағы мен қарасындай қос ұлы мен олардың ұрпақтары – Есекейден Бәкілік пен Жарас батырлар бастап оң қанатты; Жолайдан Жолмамбет пен Бодан батырлар қостап сол қанатты құрапты. Ары қарай шежіре емес, дастандағы тізім бойынша санамаласақ. Бәкілікұлдары Шындәулет пен Сарба, Сатақ және Ақжігіт батырлармен танысамыз. Есекейұлы Жарас батыр жастай соғыста өлген екен. Жарастан қалған жалғыз ұл – Тікенек батыр дейді. Жауынгер ұлттың: «Қанша батыр болса да жауға салма жалғызды» деген жазылмаған заңы бар. Атадан жалғыз, кіндіктен жалғыз ұлдарды, артында ер баласы жоқ азаматтарды қайраты тасып бара жатса да жорықтарға ертпеген. Бірақ бейбіт жатқан еліне тұтқиылдан жау шапса, «кіндіктен жалғыз едім, әлі ұлды болып үлгере қоймап едім» деп жанын аяп қалсын ба? Тегі мен тұқымын түгендейтін шама бола ма? Сондай бір аласапыран замандарда Есекейдің ұлы Жарас батыр екі-үш қыздан кейін жарының құрсағына ұл біткеніне көзі жеткен соң-ақ отызға толар-толмастан әскерге араласып кеткен. Ақыры ақкөздікке салып, соғысып жүріп қыршынынан қиылып, шейіт болыпты. Тікенектен – Құттықадам, Қармыс пен Сармыс, Бозша және Сексенбай батырлар («Бес Тікенек») шыққан. Қармыс ұлдары Басшы мен Қосшы батырлар, Сармыс ұлдары Әуезберді, Күсеп (батыр, палуан, шебер) Құдабай, Төле (батыр, молда, би). Сармыстың немерелері де – Қарағұлұлы Серғазы мен Қабаш, Қоскелдіұлы Тақыл батырлар кей деректерде Қараған Босағадағы Балуанияз батыр бастаған шайқасқа қатысқан алпыс батырдың қатарында аталады. Құттықадамұлы Қуат батыр, даңқы асқақ Қуатұлы Дауымшар батыр, Дауымшар ұлдары Итбатыр мен Өмірбай, Өмірбайұлы Түрікпенбай, Шолақ биден шыққан батыр әрі палуан Қуандықтардың әрбірінің өмір жолдары өнеге, ерліктері дастан боларлық. Құттықадамда Аткелтір, Айбас, Түбірқұл батырлардың да аттары аталады. Бозшаұлы Сам батыр Сам құмында туғандықтан, атын солай қойған. Сам құмы басқа да бір Сам аттас адамның атына қойылды деген кейбір пікірлер шындыққа жанаспайды. Бұл – осы жердің ежелгі атауы. Самұлы Бақтыбай батырдың қырда құдығы да бар. Бақтыбай – белгілі Құлшар күйші Ерназарұлының атасы. Бозша Жанықұлұлы Өтеміс – Дауымшар-Құдабай батырдың соңғы жорығында ерекше ерлік көрсеткен жас батыр. Дауымшардың сүйегін алып шыққан. Сүгір жырау Бозша Көбейсін Жұмағазыұлына арнаған толғауында осы соғысқа қатысқан Бозша Жанықұлұлы Өтеміс батырды жырға қосады: Ашайын сөздің тиегін, Дауымшардың жауда өлген Өтеміс алған сүйегін. Кем деп ешкім айтқан жоқ, Өтеміс ердің бұ жерін... Шоғының Жолай тақтасынан тарайтын сол қанаттағы Жолмамбетұлы Жанғабыл, Жарылғап батырлар; Жарылғап ұлдары Аман, Түгел батырлар; Түгелұлы Есет батыр, Есеттің екі баласы Рақ пен Қияқ батырлар өз тұсында ұлы дала төсін дүбірге бөлеген. Рақ батыр Дауымшар қорымында жерленген. Тағы да Сүгір жырау толғауында: Түгелде аты шыққан Рақ батыр, Аққұйрық атын мініп жауға шапса – Қайырлы болады екен соңы ақыр... – деп жырлаған. Жастайынан қалмақ шапқыншылығы мен Хиуа басқыншылығына қарсы тұрып, қанды жорықтарға қатысып, қаһармандық танытқан ол – оққағары бар, қасиетті кісі болыпты. Қанша қақтығыстарға қатысса да, жараланбай аман шығады екен. Боданнан Сарша мен Кенжебай батырлар; Төлегенұлы Сарт, Темір батырлар; Қарабастың қайсар ұлдары Айгөшек, Қангөшек батырлар қатар айтылады. Нұрбаулы, Бөгежан, Бекберді батырлар да белгілі болып, «Бес Қарабас» атанған. Сол сияқты Кенжебайұлы Қаржау батыр, Нұрбаулыұлы Майкөт, оның ұлы Қожалақ батырлар, Жанғабылда – Қарағұл, Тәумен батырлар өткен. Қотырбасұлдары Шолан мен Кәкі батырлар бірге туып, бірге жүрген. «Ер – егіз» дегендей, бұл батырлардың көбі қос-қостан шықан, сондықтан есімдері де қатар аталады. «Екі батыр елде жатыр, жеке батыр жерде жатыр» дегендей, жеке шауып мерт болғандар да, екі-екіден жүріп, иық тірестіре бірге соғысып, тірісі ажалы жеткенінің сүйегін де жауға қалдырмаған мысалдар жеткілікті. Ақынның айтуынша: «Егіздей есімдерін ел жаттаған Ерлер көп Қырықмылтықта дүр тұлғалы...» Мұның өзі – сабақ әрі өнеге. Біз «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы» атты кітабымызда осы аттары аталған тарихи тұлғалардың көбінің жатқан жерлерін анықтап, құлпытастарындағы жазуларын эпитафия түрінде хатқа түсіріп, тізімге алғанбыз. Бұл жұмыстарымыз әлі де жалғасуда. Сондай-ақ бұлардың есімдерінің ішінде әкелері, аталары жақын араласқан замандас, қарулас, жорықтас белгілі батырларға ұқсасын деп ырымдап қойылған аттар көп кездеседі. Мысалы, Құттықадам Қуатұлы Дауымшар – Байбақты Дауымшардың; Бозша Самұлы Бақтыбай – Шекті Бақтыбайдың; Өтемісұлы Төлеп – Бәйімбет Төлептің; Сармысұлы Күсеп – Балықшы Күсептің; Аткелтір Лепесұлы Айбас – Табынай Айбас батырлардың құрметіне қойылғаны көрініп тұр. Сол сияқты, туған жеріне, отырған қоныстарына байланысты қойылған аттарға (Бозша Сам – Сам құмында, Қарасай жырау – Ырғызбай-Қарасай жерінде туған, т.б.), өздерінің есімдерінің жер атауларына айналғанына(Ақжігіт, Сарша, Сармыс, Төлеп, т.б.) және ең бастысы – негізгі жерленген жерлеріне, ата қауымдарына қарап, қарапайым мысалдардан да географиясы мен биографиясын анықтауға болады. Жылқышы ақынмен айтысында Мұрат Мөңкеұлының қарсыласына: «Бар болса бір сырғияң батыр дейсің...» – деп тиісіп, өзі Дауымшар мен Құдабайларды мақтайтынындай, о заманда бұ халық қолына қару ұстағанның бәрін батыр ретінде мойындамаған. Есен Ермембет бидің «Жауға бүгін барып, ертең өлгенді батыр демейтін жұртпыз» дегендей талабымен әлденеше жорықтарға қатысып, олжалы оралып жүргендер ғана батыр деп танылған. Әйтпесе, Шоғыдан шыққан шынжырлы батырлар шоғырының өз ішінде де батыр атану оңай емес. «Кім бай болғысы келмейді? Құдайы қаламайды. Кім батыр болғысы келмейді? Жүрегі дауаламайды» деген мақал – ақиқат сөз. Сондай-ақ «Өсер елдің балдары бірін-бірі батыр дер» деп көтермелеп, асыра ұлықтау да жүрмейді. Сірә, «Адайға кіргің келсе, ер болғайсың, бұл елде ер болмасаң, ел болмайсың!» – деген қағиданы қалыптастырған осындай жеті атасына дейін батырлық үзілмеген тұлғалар шығар деп білеміз. Бүгінде Есекейден – тоғыз ауыл (Бәкiлiктен – төрт бала, Тiкенектен – бес бала); Жолайдан – он бес ауыл (Жолмамбеттен – он екі бала, Боданнан – үш бала). Барлығы қосылып жиырма төрт рулы ел болыпты. Шоғыдан бастап санағанда, алды – он бес, он алты атаға, арты он төрт атаға жетіпті. Бірақ бәрі тегін сұрағанға алдымен «Шоғымыз (Қырықмылтықпыз)» дейді. Бұл аталмыш адамдардың бәрі өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардың ерлік тақырыбындағы, қаһармандық хақындағы жыр-дастандарында, арнау-толғауларында жалпылама айтылып кетеді. Жігері жетіп жүйесімен жырлай алғанға, төзімі жетіп тыңдай алғанға Қырықмылтықтың қырық батыры да – «Қырымның қырық батыры» жырындай алты ай азық болары анық. «Бес Тікенек – бес бөрі» тарауында «Нағашы жұрттың сыншыл келетініне» көзіміз тағы бір жетіп, жиендерінің болашағы көрегендікпен болжанғанына аса тәнті боламыз. Бесінші бөлім «Төрт анадан – төрт ауылда» асыл аналар тұлғасы сомдалып, тіпті әулет аттарына дейін олардың құрметіне қойылғанына куә қылады. Алтыншы тарауды «Атажұртқа оралу» деп атап, өлке тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі – қазақтардың Маңғыстауға қайта қоныстануын баяндайды. Тарихи тақырыпта көркем шығармалар жазылса да, кинофильмдер түсірілсе де: «Әлдеқашан сүйектері шіріп кеткен жоңғар-қалмақтан басқа жауымыз болмағандай, соны ғана айта береді...» – деп біржақты сынаушыларға жауап сияқты, «Шепке шабуыл» деген жетінші бөлімінде үш ғасыр бойы патшалық орыс отаршылдығына қарсы күресіп келген баһадүр бабаларымыздың бір соғысын, жеңісті жорығын жырлапты. Сармыс батыр бастаған қол Жайық бойындағы орыс әскерлерімен соғыста жеңіп, сол жақтағы ауылдардан мол олжамен оралып, апалы-інілі балиғат жасына жақындаған бір қыз бен екі-үш жасар ұлды ала қайтыпты. Бұл туралы көп жазылған деректердің ішінен қысқа әрі нұсқа бір үзіндісін келтіре кетейік: «Сармыс батырдың Едiл мен Жайықтың казак-орыстарын шапқан әйгiлi соғыстары туралы әңгiмелерде Қырықмылтық батырларының Ор қамалына шабуыл жасап, қала комендантын тұтқындап алып кеткенi, бiрақ, «қанын мойнымызға жүктемейiк», – деп кейін босатып, еліне жаяу жiбергенi туралы деректер де бүгiнге дейiн жеттi... Шоғы батырдың бесiншi ұрпағы Нұрбаулы атамыздың бәйбiшесiнiң құрсағы қанамапты. Ол орысты шауып, мол олжамен келе жатқан қайнағасы Сармыс батырдың алдынан шығып, сауға сұрапты. – Келiн, қалағаныңды ал! – деп батыр да жомарттық танытқан. – Қайынаға, қоржыныңызда бiр сары үрпек еркеккiндiк келе жатқан көрiнедi. Бар тiлегiм сол едi, – деп мұңын айтыпты... Келесi жылдары сол сәбиге емiренген ананың тас көкiрегi иiп, тар құрсағы жiбiп, сөгiлiп кетiптi деседi. Балағынан бала төгiлiптi. «Бұл бiздiң әулетке майқұйрық болды, ырыс, құт дарытты», – деп бiр рулы ел түгел қуаныпты. Сөйтiп, ол бала «Майкөт» атаныпты... Ал, Сармыс батыр ел-жұрт «Едiлше» атап кеткен Орал деген орыс қызын кәмелетке жеткенше тәрбиелеп, өзi үйленiптi...» (Ж.Мұқанов). Құдай берейін десе, қазынасы таусылған ба? Майкөттен кейін, Үркiмбай, Кенебай, Тайшы, Мырзабай атты ұлдар туып (қыздарын айтпағанда), екі ғасырда Шоғының ең көп тарағаны – Нұрбаулы ата ұрпақтары екен. Бес Қарабастың ішінде, Нұрбаулының өзі бір рулы ел болыпты. Осы тұста тағы бір мысал айтайық. Ыбырайым ахун туралы естеліктердің бірінде Қараштың Толыбай тақтасынан тарайтын Тұрмағамбетов Нұрбаулы Мәжілісұлы деген азаматтың естелігін оқыдық: «1966 жылы наурызда атам Тұрмағамбет Ыбекеңе көрісуге барған. Амандық-саулық сұрасқан соң атам: – Ыбеке, Мәжіліс деген баламнан немерелі болдым, соған ат қойып беріңіз деп арнайы келдім, – деген ниетін білдіріпті. Сонда ахун атамыз: – Тумаластарың Иранға кетті, ұсталды. Сөйтіп жалғыз қалдың. Сенен де жалғыз бала бар. Қырықмылтықтың ішінде Нұрбаулы деген тақта бар, өскен ауыл. Сенің де өркенің өссін, немереңнің атын Нұрбаулы қойдым, – депті... Әкеміз Мәжілістен он бала – жеті ұл, үш қыз туған. Ыбекеңнің ырымы мен тілегі қабыл болғаны ғой сонда» (Н.Тобыш). Бұл мысалдарды оқи отырып, шынайы ықылас пен мейірім, үміт пен сенім, жақсы ырым мен ақ тілектің қабыл болып, орындалғанын көреміз. Оқырмандарымыз шатаспау үшін ескерте кетейік, дастанда Шоғыда аты шыққан үш Қарағұлдың аттары аталады. Олар – Сармыс Қарағұл, Жанғабыл Қарағұл, Нұрбаулы Қарағұл. Сегізінші «Шаңды жорық» бөлімінде Ресей бодандығындағы қалмақтардың Жоңғария жеріне 1771 жылы үдере көшу кезіндегі қазақ жеріндегі соғыстары сөз болады. Біздің қазақта қалмақтан олжалап алынған аналарымыз көп. Бірақ оның дені соғыста жеңген жақтың жеңілген жұрттан жинаған қазынасымен қатар ортаға салынып, хандар, билер, бас сардарлар ерекше еңбек етіп, ерлік көрсеткендерге сауға ретінде үлестіріп берілген (Жомарт батырға Ақсұқсырды, Қожаназар мырзаға Ақшолпанды бергені, т.б.) Сармыс батыр да орыстан Оралды алып келе жатқанында, сауға сұраған бауыры Нұрбаулының зайыбына қалағанын бермек болған. Бірақ олар кішкентай ұл баланы алып, бауырларына басқанын айттық. Сол сияқты қалмақтан әкелген Меруертті де ел ақсақалдары Ер Сармыстың өзіне ғана лайық көрген. Соңғы «Жем бойында – жайлауым», «Үстірттің үсті – қыстауым» атты тоғызыншы, оныншы тараулар халқымыздың тұрмыс-салтын, туған жердің табиғаты мен тарихын танытады. Мұнда Арқа мен Үстірттің сөзбен салынған көркем пейзажы көрініс тапқан. Кіріспесінен бастап, әр бөлімнің басында, орталарында ақын-жырауларҚалнияз Шопықұлы, Қашаған Күржіманұлы, Жылгелді Теңізбайұлы, Түмен Балтабасұлы, Зәкария Сағындықұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Сүгір Бегендікұлы, Үбіғали Бақтығалиұлы шығармаларынан үзінділерді эпиграф ретінде, дәйек түрінде тұздықтап отырады. Мысалы «Қалнияз ақынның Қожалақ батырға айтқанының» Сүгір жыраудың аузынан Үбіғали ақынның1972 жылы үнтаспаға жазып алған нұсқасын қолданыпты. Сондай-ақ жазушы Әбіш Кекілбайұлы, тарихшы Самат Өтениязов, шежіреші Жетібай Жылқышыұлы, ақындар Есенғали Раушанов, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, т.б.-дың ғылыми-танымдық еңбектері мен көркем шығармаларының игі әсері барын байқадық. Шоғы батырдың ұрпақтары – Қазақстанның құрметті журналистері Жұмабек Мұқанов, Мұратбай Ұлықпан, өнертанушы, шежіреші Жұмахансері Достанов, ауыл ақсақалы Сәмбет Мұқатай, ел азаматтары Алпысбай Таймұхамбетов, Карамаддин Қаражанов, Қожахмет Шақабаев, т.б.-дың материалдарын дерек ретінде пайдаланғанын аңғарамыз. Десек те, автор өз шығармасын өлеңмен жазылған тарихи-деректі демей, әдеби көркем жанрға жатқызады. Бұлардан басқа да қазақ тарихындағы есімдері бүгінге белгілі һәм белгісіз, бірақ өмірі мен еңбегі, ерлігі өз тұсында аса әйгілі болған тарихи тұлғалар, баршамыздың ортақ ата-бабаларымыздың рухтарын ұлықтап, болашаққа үлгі-өнеге қылып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, құрметті азаматтарымыздың аты-жөндерін атап кетуіміз керек. Маңғыстау облыстық маслихатының депутаты, «Жанарыс» ЖШС бас директоры, «Шоғы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Жаңбырбай Дәрменов, Жаңаөзен қалалық маслихатының депутаты, Каспий педагогика және салалық технологиялар колледжінің директоры Ісенбай Қалдаманов, Маңғыстау облыстық маслихатының депутаты, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының орынбасары Мақсат Ибағаров ағаларымыз ғылыми-танымдық зерттеулер, әдеби-рухани бағыттағы жобалар, мәдени-көпшілік іс-шараларға тұрақты демеушілік көрсетіп келеді. Бір ғана мысал, осы мәрт меценаттардың қолдауымен биыл, яғни 2018 жылғы шілде айында көптен бері армандап, жете алмай жүрген Ресей Федерациясына арнайы іссапар ұйымдастырып, Орынбор қаласындағы мемлекеттік тарихи архив-мұрағатына кіріп, талай құнды құжаттарға қол жеткіздік. Ол деректерді де БАҚ бетінде жариялап, жалпы оқырмандармен, қызығушылық танытушылармен бөлісіп келеміз. Алда да «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы зерттеу жұмыстарымызды, өлкеміздің әр түкпіріне түрлі экспедицияларымызды жалғастыруға ниеттіміз. Оған қаламгерлер қауымы да осылай белсенді араласса, әрқашан бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Қорыта келе айтарымыз – ақын А.Жаңбырбайдың «Сармыс батыр» дастаны – жауынгерлік рухты көтеретін, отансүйгіштікке баулитын, өткен ғасырлардағы қазақ елінің даңқты тұлғаларын мақтан етуге себеп болатын, олардың тағылымы мен тәлімін өмірлік тәжірибелері арқылы өнеге ретінде жырлаған тарихи туынды. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Әдеби өлкетану» жобасы мен «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» сериясының сәтті бір нәтижесі деп бағалаймыз. Оны оқыған оқырманның да бұл сөзімізге көзі жетеді деген сенімдеміз. Жағымды жаңалықты қуанышпен жариялай отырып, әлі сиясы кеуіп үлгермеген, баспаға енді ғана ұсынылған жаңа шығарманың тезірек кітап болып басылып шығып, қолдарымызға тиіп, халық игілігіне айналуын тілеймін.Нұрлан ҚҰЛБАЕВ, тарихшы, өлкетанушы, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры. «Маңғыстау» газеті, 21.02.2019.