Мейірім мен шапағатты, достық пен махаббатты әр адамның жүрегіне қасиетті қаламы арқылы қайта егетін қаламгерлер болады. Қазақ әдебиетіндегі саусақпен санарлық көзі тірі осындай суреткердің бірі – Дулат Исабеков. Кітап – рухани сарқылмас қазына. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес шығар. Қазіргі уақытта кітап оқуға толық мүмкіндік бар. Меніңше, бала ерте жастан кітаппен дос болса, болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Кітап оқу - миға жасалған жаттығу. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда талап, талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап. Ал адамның ойын байытып, сауатын жоғарылатып, білім нәрімен сусындатар орта – кітапхана. Құрық орта мектеп-гимназиясы кітапханасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «100 кітап» жобасы аясында қазақ жазушысы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі бойынша «Гауһартас» повесі - нәзік сезімнің символы» атты кітап талқылау өткізілді. Негізгі мақсат – Дулат Исабековтің өмір жолы және оның танымал «Гауһартас» атты шығармасының мазмұнымен таныстыра келіп, мәтіндегі негізгі ойды, идеяны ұғындыру, кітап оқуға қызығушылығын арттыру, пікірлерін еркін айтуға, өз көзқарастарын дәлелдей білуге үйрету. Осы шығарма арқылы оқушыларды адамгершілікке, мәдениеттікке, қайырымдылыққа, мейірбан болуға, Отанын, отбасын қадірлеуге, әдебиетті сүюге, жақсы үлгі-өнеге алуға шақыру, жағымсыз қасиеттерден аулақ болуға тәрбиелеу. Бұл іс-шараға мектептің 11а сынып оқушылары мен сынып жетекшісі М.Темирғалиева қатысты. Кітап талқылаудың бірінші бөлімі бойынша жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайында оқушыларымыз баяндама жасады. Бұл шығарма қарапайым Алматы облысындағы ауылда тұратын отбасы туралы жазылған және олардың тіршілігі керемет бейнеленген. Отбасының құрамы – әкесі, анасы, екі баласы және отбасына жаңадан келген үлкен баласы Ыбыштың әйелі Салтанат. Бұл отбасы жазда Аршабайда, қыста Көшінген қоныстарын мекендейді. Бұл отбасының өзінің заңдары, үйренген әдеттері бар. Әкелері қатал, бір ізбен жүретін адам болса, аналары қарама-қайшы мейірімді, сабырлы, түсінігі мол адам. Әкелерінің принципі: «Баланы айналып-толғана берсең, әйел тәрізді сынып, жасық болып кетеді». Дулат Исабековтің «Гауһартас» шығармасы ағайындылардың екі түрлі тәрбие алуының нәтижесін көрсетеді. Үлкен баласы Ыбыш – әкесі сияқты өте қатал, өзін-өзі нағыз еркек деп санап, үнсіз, тек қана қажет кездерде сөйлейтін адам. Ал Ыбыштың інісі Қайыркен анасы сияқты таңғаларлық мейірімді, сезімшіл, әділ және шығармашыл адам. Бұл повесте отбасылық қарым-қатынастар аға мен іні, ата-ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жақсы бейнеленген. Мысалы, ене мен келіннің сыйластығы, бірін-бірі тез ұғынуы, түсінуі өнеге болатын жайт. Шығарманың үлкен бөлігі сол отбасы мүшелерінің енді ғана келген келіншек Салтанатқа қарым-қатынасын көрсетеді. Салтанаттың өзі Қайыркен мен оның анасына ұқсас әділ, мейірімді, ақкөңіл, арманшыл, көпшіл, ән айтуды жақсы көретін, кез-келген адаммен түсіністік табатын жан. Салтанат жаңа анасымен және Қайыркенмен тез тіл табысып кетеді. Анасы өз қызындай, Қайыркен өз әпкесіндей қарап, әрдайым Салтанатқа көмектесіп жүреді. Ал күйеуі Ыбыш болса, әйеліне қаталдық көрсетіп, араларында түсініспеушілік тудырған. Бір кезде тіпті мінетін атын сұраусыз алғаны үшін Салтанатты қамшымен ұрып жібереді. Әрине, Салтанат осыған ренжіген, бірақ өз ренішін көрсетпеуге тырысады. Осы кезде қиын жағдайға тап болған Салтанатқа жаны ашып, көңілін көтеруге тырысады. Тіпті Салтанатқа қолын көтерген ағасының атын өлтірмекші болады, бірақ анасы оны дер кезінде тоқтатады. Осылай күн артынан күн өтіп жатады. Салтанаттың сонау бір оқиғадан кейін денсаулығы сыр бере бастайды. Қатты сырқаттанып қалғанда дәрігерлер көмектесе алмай, жас келіншек жүрек ауруынан қайтыс болады. Осыған отбасының бәрінің көңілі жабырқап, Ыбыш өз бақытынан айырылғанын, әйелін қадірлемегенін кеш түсінеді. Енді негізгі бөлімге келетін болсақ, оқырмандар осы повестке байланысты «Қазақ әдебиетінде көтерілген қандай тақырып еді?», «Басты кейіпкер Салтанатқа қандай мінездеме берер едіңіз?», «Ыбышты қалай суреттер едіңіздер?», «Осы шығармадан қандай қорытындыға келуге болады?», «Повесте айтылған Салтанаттың қандай сөздерін бала ретінде өзіңе үлгі тұтар едің?», «Гауһартас» әнінің «Гауһартас» повесімен байланысы қандай?», «Қазақ қыздарының тәрбиесіне байланысты қандай мақал-мәтелдер білеміз?» деген сұрақтар бойынша жалпы шығарма жайлы өз пікірлерін талқыға салды. Оқушылардың ұйымдастыруымен «Гауһартас» повесі желісімен жасалған үзінді қойылды. Сондай-ақ оқырмандардың белсенділігін арттыру мақсатында «Біз білетін Гауһартас» атты викторина ойнатылды. Викторинада «Гауһартастың» басты кейіпкерлері кімдер?», «Келін болып түскен Салтанаттың бетін кім ашты?», «Ыбыштың айырықша құмар ісі не?», «Адасып кеткен Салтанатты Қайыркен қай жерден табады?», «Ыбыш қандай батыр жырын жатқа біледі?», «Ыбыш не үшін Салтанатқа қол көтереді?», «Повесть қалай аяқталады?», «Повесть неге «Гауһартас» деп аталады?», «Гауһартас» көркем фильмі қай жылы түсірілді?», «Фильмнің режиссері кім?», т.б. сұрақтарға жауаптар берілді. Шарамызды қорытындылау мақсатында «Гауһартас» фильмі көрсетіліп, «Гауһартас» әні тыңдатылды. Кітап талқылауға белсенді түрде қатысқан оқушылар Н.Нұрболқызы, Ж.Тұрсынғали, Д.Елемес, М.Серікова, А.Шамғалиева «Өз ойларын көркем жеткізе білгені үшін» мектеп дипломдарымен марапатталды. Повестің соңындағы Қайыркеннің сөзі маған ерекше ұнады. «Бұл қабірде өршіл мақсат пен үлкен арман иесі жатыр, бұл қабірде өмірге келе алмаған жас сәбидің анасы жатыр, бұл қабірде қадіріне жете алмаған Ыбыштың адал жары жатыр. Бұл қабірде ешқашан айтылмаған, ешқашан айтылмайтын менің аяулы махаббатым жатыр. Қош, Салтанат!», повестегі барлық айтылмаған ой, түйінді сөз, шешілмеген нәзік сезім осы емес пе? Әрбір жылымыз ғасырға татырлық заманда Дулат Исабеков халыққа қажетті қаламгерлердің бірі бола білді. Сан жылдарғы қажырлы еңбегінің арқасында әдебиетіміздің аса көрнекті, ірі тұлғасына айналды. Драматург, жазушы, прозаик, отансүйгіш азамат ретінде Дулаттың шаруасы бір қаламгерге жететін үлкен жүк. Сол жүгін арқалап келеді. Шабыты шауқар болып, аман-есен жүре берсін деп тілеймін. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық. Себебі, кітаппен дос болған баланың өй-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан-жақты болып тәрбиеленері сөзсіз. Оқырмандарымыздың кітап оқуға деген ұмтылысы арта берсін!
О. АЙТУОВА, Құрық орта мектеп гимназиясының кітапхана меңгерушісі