Өлеңмен орнатылған ескерткіш
[ 2019 ] 14 ақпан, 08:53 | Аудан тынысы
Жазылар естеліктер мен туралы
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін
Бүтіндеумен кеткен бір ер-тұрманын.
Иә, қайран ақын көзінің тірі кезінде-ақ шамасының жеткенінше бәрін айтып кетуге тырысқан екен-ау. Енді қалай дегенде де Мұқағали жайында айтылар жүрекжарды сырларға шекара қоя алмаймыз. Күн-күнге, жыл-жылға ұласып, үн-түнсіз жылжыған сайын өнерді құрметтейтін, поэзияның тылсым сырларын түсінетін жаңа ұрпақ өмірге келген сайын ақын тұлғасы көтеріле бермек. Оған деген сүйіспеншіліктің өзі ұшан-теңіз, шалқар бір дария дерсіз. Бұл құдірет, бұл бақыт оңайға түскен жоқ. Себебі «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озады» демей ме атам қазақ. Сол сияқты ақынымыз поэзия майданында аянбай күрескен адам. Мұқағалиды елге танытқан, жанының демеушісі болған да осы поэзиясы.
Бүгін менің туған күнім
Ой, бәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей,
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін», - демей?! - деп жырлаған, дауылпаз ақынның туған күні де келіп жетті. Ақиық ақын небәрі 45-ақ жыл өмір сүріпті. Тірі болса биыл 88 жасқа жеткен болар еді...
Мұқағали Мақатаевты еске алу үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «100 кітап» жобасы аясында Құрық орта мектеп гимназиясы кітапханасында 7 «в» сынып оқушы- ларымен «Ғасырдың ғаламат ақыны» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Бұл кештің мақсаты – поэзияда өзіндік із қалдырған ақынның өмірінен шығармашылыққа шыңдау, өлеңдерін нақышына келтіріп жатқа оқу, шығармаларының әуенмен үндесу ерекшелігін түсіндіру, оқушыларды ақын өлеңдерін сүйе білуге, оларға эстетикалық тәрбие беру, өз ұлтын, елін, жерін, отбасын суюге, шындықты, сұлулықты қадірлей білуге, табиғатты қорғауға тәрбиелеу, жалпы айтқанда жас ұрпаққа Мұқағали поэзиясын көтеріп ұғындыра түсу болатын. Кеште ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен таныстырылып, оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Атап айтсақ, жатқа оқыған оқушылар Зайырова Дильназ «Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін», Қанағат Олжас «Өзімнің есебімде», Оңай Наурызбек «Арыз жазып кетейін», Дарханбаев Қайрат «Үш бақытым», Қалмұрат Дильназ «Әйелдер-ай, әйелдер-ай», Жакипбеков Нұрхат «Сүрініп кетпе», Джумажанова Мерей «Поэзия, сен менімен егіз бе едің?» т.б.
Мұқағалидың құдіреттілігі соншалық, оның өлеңдеріне ән жазу әлі де жалғасып келеді. Мұқағалидың 30-дан астам халық арасына кеңінен таныс әндері бар. Олар: «Сарыжайлау», «Ар алдында адал ақпыз десекте», «Мен саған өкпелемеймін», «Сәби болғым келеді», «Есіңе мені, алғайсың», «Аңса, жаным», «Отыздан асып барамын», «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!», «Фариза, Фаризажан» т.б.өлеңдері. Кешке қатысқан тыңдарман қауымға Мұқағали өлеңдері ән болып шырқалып, жыр болып жатталды. Мұқағали өмірде көп қиыншылықтарды басынан кешірген, өмірінің рахаты аз болған ақын. Бірақ шындап ұққан адамға ол - өмірдің шын рахатын сезініп өткен жұмбақ жан. Құдіретті ақынға көзі тірісінде көрсетілмеген құрметтің, бермеген сый-сияпаттың орнын толтырудың бір жолы, ол ақынның артында қалған қисапсыз рухани бай қазынасын ұлт игілігіне асыру – осы жас ұрпақтың қолында.
Кешті қорытындылау мақсатында өртке тиген дауылдай өжет өлеңдерімен артына өшпес із қалдырған ақын шығармаларына арналған «Өмірге шуақ төккен өлеңменен» атты кітап көрмесіндегі кітаптарымен таныстырылып, Мұқағалидың «Сәби болғым келеді» әнін тыңдатылды.
Жылдар өтер, туар әлі небір ақындар, бірақ Мұқағали жыры өз биігінде оқылып, әр адамның жадында жаттала береді. Қара өлеңнің құдіретін бір-ақ көтерген Мұқағали есімі де ғарыштап көкке көтерілетіні анық. Жас ұрпақтың жыры да, пірі де - Мұқағали болмақ.
О.АЙТУОВА,
кітапхана меңгерушісі
1476
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.