Қарақия аудандық кітапханасының оқу залында 30 қазан күні «Өлеңім - кеудемдегі самғар құсым» атты поэзиялық кеш өтті.
«Ажар-ай» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен рухани кештің мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, ел ішіндегі танымал ақындарды жас ақындарға үлгі етіп, жаңа талапкерді тану, ақындарға рухани дем беру болатын.
Жыр кешінде аудан ақындары Сәдуақас Әбдінасырұлы, Нұртай Қонайұлы, Шынар Кендін, Фариза Хайдарова, Бағдат Рахман, жас жүйріктер Үмітжан Кеңесова, Рысбек Бисенбайлар өз өлеңдерін оқып, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ оқылған өлеңдерді талдап, жас ақындардың талабын шыңдады.
Кітапхана залында поэзия кешіне арналған кітап көрмесі де ұйымдастырылыпты. Кешті ұйымдастырушы Алтынгүл Жорасова, кеш қонақтары Әсет Ермұқанов, Сәуле Сдыковалар ақындарға ақ жол тілеп, ізгі тілектерін арнады. Кешті қоғамдық қор қызметкері Гүлден Қапарова жүргізіп, ұйымдастырушылар атынан ақындарға сый-сияпат көрсетілді.
Құрықтағы ақындардың басын қосқан бұл бастама аудан көлеміндегі әр елдімекенде жалғасын тапса, жас таланттар қатарын көбейтер еді. Көңілге шуақ, шабытқа қуат сыйлаған тамаша кеш үшін ұйымдастырушылар алқасына ақындар атынан алғыс білдіреміз. Елде жүзеге асып жатқан әлеуметтік әр жобаның өзіндік мәні бар. Әсіресе ұлт руханиятын көтеруде қайнар бұлақтың көзін ашып, жас талапкерлердің қанатын қатайтатын мұндай рухани кештер керек-ақ.
Шынар КЕНДІН