©
Жақында мемлекеттік қызмет істеген ерлі-зайыпты зейнеткерлер Ақмоншақ Баужанова мен Бекбасар Төлегеновтің «Армандар мен белестер» және «Өмір шындығы» атты кітаптары бір мұқабаның ішінде кітап болып жарыққа шықты.
Жетпіске жеткен әр адамның өмірі бір-бір кітапқа арқау бола алары белгілі ғой, бұл кісілер де өткен өмірдің естеліктерін жинақтап кірпіштей кітап қылып шығарыпты.
Мамандығы орыс тілі пәнінің мұғалімі болғанына қарамастан, ұзақ жылдар әлеуметтік саланың қамытын киген бұрынғы мемлекеттік қызметкер, зейнет жасына әлдеқашан жеткенімен әлі де болса қоғамдық қызметтен қол үзбей облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлығын атқарып жүрген Ақмоншақ Баужанова «Зейнетке шыққан әйелдер үйде бос отырғанша, қоғамға пайдасы тисін» деген мақсатпен «Айсәуле» аналар клубын құрды.
Клуб құрамында бас қосқан Роза Айдарбаева, Рухия Батыршиева, Тамара Жұмалиева, Ұлбосын Ахметова, Маңдайлы Қосымбай т.б. әйелдердің алдағы уақытта елге танылған әйелдерді, көп балалы аналарды ұрпаққа таныту мақсатында жұмыстанбақ жоспарлары бар екен.
Кітаптың 153-бетіндегі сұхбатында: «Біз әртүрлі салада еңбек етіп, елге қызмет жасаған әйелдерді (клубқа) тарттық. Көп бала тәрбиелеп, отбасымен қызметті қоса атқарған асыл аналарымызды шақырдық», – дейді.
Осындай еңбекқор жан: «Ешқашан да бармын, көппін деп асқақтап, аспай, жоқпын деп түңілмей өмір сүру, қандай жағдайда да бірқалыпты, ұстамды болу – адамгершіліктің белгісі. Адамның ең сенімді сүйеніші – өзі. Сондықтан адам өзін жоғалтып алмаса, бәрі орнына келеді. Су ағады, мұз қатады, қайтадан еріп, мұздың ізі де қалмайды. Өйткені жер дөңгелек, дүние кезек, бәрі де алмасып, кезектесіп тұрады, мәңгілік ештеңе жоқ» деген пәлсапалық ой айтыпты.
Кітаптың екінші жартысына Москва мал дәрігерлік академиясын бітірген, ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет еткен Бекбасар Төлегенұлы өзінің замандастары мен ата-бабасы, отбасы туралы естеліктері мен мақалаларын енгізіпті.
Кітаптағы өмір шындығын өрнектеген шынайы мақалаларды оқи отырып кеңестік дәуір, тәуелсіздік жылдары, аудан тұрмысы мен қоғамдық өмірі туралы біраз мәліметтер алуға болады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ