«Соңғы ұмтылыс». Бұл – Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» романындағы соңғы тараудың атауы. «Сүйінғара» - Маршалдың әдебиеттегі соңғы ұмтылысы, соқталы жанрдағы ең соңғы еңбегі. Бұл романды өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазған.
Артында азды-көпті еңбегі қалды. «Азды-көпті» деуіміз, әлбетте сан тұрғысында айтылған сөз. Сапа туралы сөйлей қалсақ, маңдайымыз «Сүйінғараға» соғылары белгілі. Әбіш Маршал Әбдіхалықов турасында: «Оның көкірегі алдын-артын ойлап, қонақ келсе, ұялып қалмайық деп, асылы мен дәмдісін кейінге сақтап, тыққыштай беретін сарабдал әженің кебежесіндей қазынаға бай еді. Көпшілігі есіл сабаздың қиялын тербеп, жүрегін мүжіп, ішінде кетті. Бұл күндерге аман жеткенде қолынан қаламы түспейтін азғантайлардың біреуі Маршал болатын еді. Оның тұсында кітап болып, жарық көрген, артында қолжазба болып қағазда қалған азғантай дүниелері менің көз алдыма құрлығы түгілі теңізінің астында мұхит болып шалқыған Маңғыстау мұнайының қара жердің бетіне болар-болмашы сызаттарды қуалап, жарықтарды бойлап, шып-шып шығып жатқан Тасбас, Түбіжік, Қарашүңгілдегідей шөкім-шөкім жұрнақтары сияқтанып көрінеді. Өлкеміздің өткені жайында тары шұқыған тауықтай дерек жиып өткен қайран ағамыздың өзімен бірге қандай ізгі арман мен игі мақсат арқалап кеткенінен хабар бергендей», - дейді.
Елдің тыныштығы мен ырысқұтын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, жанқиярлықпен алысып өткен Сүйінғара туралы тың деректерді қазбалаған Маршалдың, өзі де Сүйінғара күйіне түсіп, жері мен бостандығы, тілі мен ділі кімнің қолында кетері белгісіз күйде тәнтанайлап тұрған қазақ халі тұсында өмір сүрген Маршалдың ішінде кетпегенде, қайда кетсін көп арман?! Әр сөзге шұқшия қадалған Кеңес кезіндегі қазақ халқының абдыраған хәлін бір ғана Сүйінғараның арпалысқа толы заман иіріміндегі апалаң-топалаңды сезімі арқылы беруге тырысты. Және сол мақсат үдесінен шыға білді де!
1554 жылы Астрахан хандығын басып алған үстемшіл патшалық Ресейдің шекарасы Каспий теңізі арқылы Маңғыстауға жақындай түскен еді. Ендігі көзді қыздырып тұрғаны - Каспийді алу, арғы жағындағы Маңғыстаудың «бірде жауын жауып, бірде жаумайтын мекиен бос даласына»* иелік ету. Бұл – Каспий теңізіне Еуропа елдерінің де ынтасы күшейіп, ындыны құрып отырған кез еді. Теңіз арқылы Үндістанға, Қытайға, Иранға бару ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті. Оны қоя тұрғанның өзінде теңіз астындағы халық айтатын «қара мұнай» мен роман кейіпкері, тарихи тұлға Карелин айтатын «ақ мұнайдың» өзі үлкен олжа.
Алғаш Маңғыстаудың табалдырығын аттаған англиялық Антон Дженкинсон болды. Ол Үстірт арқылы Бұқараға барды. Құр бармай, жүрген жерлерін картаға түсірді, жолдағы халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-жоралғы, әдет-ғұрпын жазып, сызды. Одан соң Маңғыстауды А.Бекович Черкасский, Ф.Н.Саймонов, Ф.Ф.Берг зерттеп кетті. 1805 жылдары Фалкерзам адақтады. 1832-1836 жылдары Г.С.Карелин экспедициясы келді. Міне, «Сүйінғара» романындағы оқиға жүлгесі осы уақыт торабын қиып өтеді. Карелиннің Каспийдің шығыс жағасын бір жыл зерттеп, 1833 жылы мамырда соғыс министрінің Азия жөніндегі комитетінің мәжілісінен басталатын роман сюжеті бара-бара айқұш-ұйқыш сызықтармен (алайда алысқа шығандап кетсе де ақыр соңында тамырын тауып, түйінделіп жататын сызықтармен) қоюлана түседі. Романның өне бойына Адай мен Әлім арасындағы руаралық даужан жалдар, оның басталуы мен Сүйінғара арқылы шешім тауып, аяқталуы, бұл дауға Исатай мен Махамбеттің араласуы, қос баһадүрдің Сүйінғара, Шабай, Мәмбетнияз, Есет батырлармен кезігуі, орыстардың алғашқы бекінісін Кетіктен салуы, Карелиннің жорығы, Хиуа хандығының Адай ауылын талқандауы, Маңғыстаудың Ресей билігімен алғаш келісімге келуі, Сүйінғараның ағылшын тыңшысын ұстап, Россияға жөнелтуі – бәрі-бәрі сыйып кеткен.
Адай-Әлім арасы демекші, халық арасын дағы осындай оқиғаларды:«Бұл жаулықты бастаған, Ел намысын тастаған. Тар қонысқа таласқан, Бір кемпір-наз өкпе еді», - деп, Ығылман ақынның өлеңімен ақтап алатын автор өз кезегінде жау қолына түсіп, Сүйінғара ауылын шабуға келе жатқан қалың қолды түнделетіп, ауыл үстіне апаруға тиіс болған екі қазақтың өз жандарын өлімге қиып, қолды сорға айналдыратын эпизоды арқылы елдің елдік идеясын жоғары алып шығады. Әлбетте сор бойында серейіп, үсті-үстіне сұлап жатқан екі мүрденің сұлбасы мен «Қап, иттердің сүйегін сол құшақтасып жатқан күйде өртеп жіберу керек еді. Сүйегі де табылмай қалсын. Жел болып, тозаң болып ұшып жоғалсын. Басына қара келмесін» деген Дүрды атты кейіпкердің сөзі жан-дүниеңді түршіктіріп, төбе құйқаңды шымырлатып жібереді.
Аяқталмай қалған осынау роман өз мақсатына онсыз да жетіп тұрғаны анық көрінеді. Біздің ойымызша, әлбетте ол мақсат-алдымен, қазақ халқының, оның ішіндегі Адай халқының тағдырын кескіндеу. Оның сол замандағы өткерген қайғы-қасіретін тарих тұрғысынан шынайы бағамдап, ақ адал бағасын беру. Онысы «Екі нар сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген. Сол шыбыны Маңғыстау елі болса керек. Қай нар мықты? Кім кімді ығыстырады? Қайсысының қомына жармасқан жөн?» деген Мая бидің толғанысы арқылы көрініс берген.
Екінші мақсат - Хиуа хандығының Адайға соғысын бастап берген, елді мемлекетке өштестірген деп алып-қашпа әңгіме арқылы айтылатын Сүйінғараның әділ бағасын беру. Ол романда Сүйінғараның өз ауызынан былайша баяндалады: «Ағайын! Менің ұзында өшім, қысқада кегім жоқ адаммын. Болған, кектенгенмін, ол кегімді тірімде өзім алдым. Әлім, қайратым жеткенді істедім. Өкінбеймін! Хан Жәңгірден қол үзсем, хан халқын тонады, ата-бабасының жерін талан-таражға түсірді. Кешегі екі арыстан – Исатай мен Махамбеттің тілегін тіледім. Ел арасы алыс, жер шеті шалғай болып, қолына қол қоса алмадым. Хиуаның ханымен таласқа түссем, елімнің, жерімнің қамы! Басқасын айтпағанда Бесқаланың ойына, Хорезмнің шәрлеріне кеткен қалашымның қалтырамай, дірілдемей, жарқырап, еркін барып-келген күні бар ма? Маңына жоласаң, малыңды сұраусыз айдап алады, алыста жүрсе, пітір-зекет деп күшпен жинайды. «Сүйінғара сыбаға жинады, үлес алды» деп тантитындар да бар. Білемін ол күңкіл сөзді. Мен сонда Хиуаның бегінің егініне түсіп, шарбағынан секіріп отырмын ба? Ата-бабам қорғаймын деп қанын төккен қасиетті жерімде, өзімнің Бозашымда, үйімнің төрінде отырмын. Бізден басқа біреудің жерін ешкіміздің лағы аттаса айқай шығарады. Ал неге біз жерімізге бөтенді талтаңдатып, еркін жібереміз. Жоқ, мен тірі тұрғанда оған көне алмаспын. Құдайды біз үшін Хиуаның ханы жаратқан жоқ, жаратса, бәрімізді де Құдай жаратты. Құдай бар болса, оған ешкімнің еншісі жоқ. Мені «Орысқа іш беріп жүр» деп сөгетін көрінесіңдер. Жасырмаймын, олармен сөйлескенім рас. Орыс елі - үлкен көршің. Аманында анау жездең Әбілхайыр хан, міне, бүкіл жиендерің патшаға арқа сүйеп, талтайып отырған жоқ па? ...Ал ханның істеп отырғаны мынау! Тек менің ауылымды ойран етіп, қатын-баламды алып кетсе, өші менде болғаны! Бірақ олар жол бойы бүкіл елді шауып, қиратып, қолына түскенді алды-артына өңгеріп, алдына түскенді айдап барады. Кінә менен болса, соқ менің бетіме!».
Роман аяқсыз қалды. Сүйінғара бастаған бес жүз адам Хиуа ханы Аллақұлдың үш мың сарбазын Қарнауда қуып жетіп, соғыс ашты. Жеңіліс тапты. Әліптің артын бақпай, ақылды тұсаған Мәмбетнияз Әліптің азғыруына еріп, қапыда қалды. Өмірзақ бәлкім ауылына қайтып, елдің еңсесін тіктеді, Гүлшемен бақытты ғұмыр кешті. Екі баласы қартайған Қарашашты екі қолтығынан демеп жүрген шығар. Нарша апай не төмпешік санын көбейтіп, зират ішінде жатыр. Не таяғына әрең сүйеніп, «Тән жарасы жазыларау, жан жарасын қайтерсің» деп зират жаққа қарап отыр...
Пайдаланылған әдебиеттер: *М.Әбдіхалықов «Сүйінғара».Еділбек ДҮЙСЕН