©
«Жаз!» – деді оған Мұқағали Мақатаев бір хатында. Жазуды жаны сүйетін ақын жүрек жазудан жаңылған жоқ, жаза түсті. Ақиық ақынмен жас ақынның хат алмасуы, шығармашылық байланысы бұл бір хатпен шектелмеген еді. Бірнеше хат алмасқан арадағы аз ғана уақыт жас ақынның бар ғұмырындағы шығармашылығына шабыт берді. Мұзбалақ жырдың Мұқағалиы ақындық, ағалық ақылын берген ақын - маңғыстаулық Медет Дүйсенов болатын.
«Мұқағалидың хаты» атты өлеңінде көрініс табатын ақын поэзиясындағы бастапқы қадамына «Жаз!» деп өткен ақиық ақынның аманатына ол еш қиянат жасаған жоқ. Өлеңдері елең еткізіп тұрған тұста ол өзін шығармашылық ортада еркін ұстады. Ақиық атын халықтың өзі таңған Мұқағалидай ағаларымен рухани байланыс орнатты:
«...Құшағына қысқандай елжіреп күн, Шаттығыңа бөлендім мен жүректің. Ақындығын, барлығын айтып аға, Үмітімді үкідей желбіреттің...» дейді. Бұл Медет ақынның жастық көктемі болатын.
Әбіш Кекілбаевтың Дүйсенбі Әріпке 29 маусым 1972 жылы жазған хатында «... Медет сөздің дертін біршама біліп қалған жігіт екен. Өлеңнің ұйқас, тартыс, дыбыстық, әуездік құбылыстарына төселіп алыпты. Табиғатында өлеңнің салқыны бары айтпай- ақ танылып тұр. Алайда бөгде көзге көрсетуге бірәз ертелігі сезіледі. Өзі тауып, өзі айта алатынына күмән келтірмегенмен, көп ретте «көне сүрлеулерге» түсіп кете беретіндігі байқалады. Көңілден шыққан, ұнаған жолдарының тұсына белгі соғып отырдым, ал олқы соғып жатыр-ау деген тұстарға қол тигізген жоқпын... Сонылық жағынан көп қамдап, өзінше шабуға белді бекем буса, жүріс түзеп кетердей қарқыны бар», – деп сөз сүрлеуіне түсіп, әдебиетке қадам басқан жасқа баға берген екен. Сөз өнерінің қадірін білетін, әдебиет алыбынан бұндай баға алу кез келген жасқа бұйыра бермесі анық. Үміт етуге болатындарға ғана сенім білдірінсе керек.
Өзінің суреткерлігі және сыршылдығымен әдебиеттегі поэзия жүйесіне осыдан 40 жыл бұрын емін-еркін енген ақын Медет Дүйсенов бүгінде жетпіске жетіп отыр. Маңғыстаулық ақын – «Провинцияда туып, Парижде өледі» немесе «Ауылда туылып, Алматыда өледі» деген түсініктерге керағар шешім қабылдаған адам. Атақты, шығармашылық ортаны Астанадан іздемей, ақындық шабытын туған жердің тұмса табиғатынан ажыратпауға шешім еткен-ді. Олай деуіміздің дәлелі - ақын шығармашылығына бойлағанда бірден сезілуі. Туған жер бейнесі, тұмса табиғат, майлы қиянды, Маңғыстаудың мәңгіге мүлгіген әсемдігі мен терең тарихын халық таныған тұлғаларымен таныстырады, табыстырады. Қай ақын да ол тақырыптарды айналып өтпес деуіңіз әбден мүмкін. Бірақ Медет Дүйсеновтің туған жерге деген перзенттік ма- хаббаты-жыр жүрегінен шыққан жырларымен өріліп, реализм мен романтизм, сезім суреткерлігін, қиял мен интуиция, шабыт пен шеберлікті ұштайтын өлеңдерінің өн бойында өзінше өрлікпен өрнектеле берді. Ол өзі жеткен жетпісіне дейін Таушықтан алшақтап көрген емес. Анау жолы сәті түскенде тілдесе қалып, «Осындай шығармашылық қазынамен түптегі түбекте не істеп жүрсіз?» деген сауалымызға жауап қатпай, сұрақты жылы жымиыспен жауып қоя салған еді. Онысын туған топыраққа деген адалдық деп аңғардық. Таушықта оның шығармашылығы тоқырап қалған жоқ. Бағзы мекеннің саяси статусы бар орталығы да болған алақандай ауылды ол ешбір шаһарға айырбастамайды да. Өзі жыр арнаған дін өкілі Ержан хазірет, көзі тірісінде бата алған Сәттіғұл, «Жыр-тағдырында» кейіпкер еткен Түмен ақын, «Құлбарақ батыр» деп жыр арнаған Құлбарақтай батыр шыққан, Дәніспан әулие мәңгілік мекен тауып, Долы апа қойнында жатқан, шартараптың жиһанкездерінің көзін тіктірген үздік сәулет өнерін сомдай, киеліліктің киесін жасырған Шақпақ ата орналасқан, соғыстың суық қаруы – бомбы түссе де тынысын бұзбаған Таушық ауылында шығармашылығын шыңдап келеді.
Медет Дүйсенов жырлаған «Тастар» өлеңінде қара тастың мұңын мұңдап, сырын ұғады. Адамзат жаратылғаннан адам үшін материалдық құндылық болып табылған тастың да кейде керегі, кейде адамға керек емес кезі көп. Ақын сол заттық өлшемді адамзаттық өлшеммен өлшейді. Мелшиген қара тастың да ішке тынар тілсіздігі арқылы ақын өзінің ішкі жан дүниесіндегі дегбірсіздікпен күресіп береді. Соңғы шумақтағы ойға назар салып көріңізші:
...Безбүйректі, мейірімсіз бейпілді «Ол бір нағыз тас жүрек қой,» – дейтін-ді. Уа, тастар! Асылыңды бергенмен Берме адамға қатыгездік кейпіңді! Ал ақынның «Мұнаралы Маңғыстау» публицистикалық толғауында ақын мұнаралармен сырласып, дала дауысын тыңдайды, алқызыл алау арқылы мұнайлы мекенді суреттей:
Омырауын тіреген оппа құмға, Түйелердің керуен соқпағында. Жұртта қалған жылтырап үміт шоғы, Тұрған жоқ па, Қаламқас оттарында, - деп толғайды. Қайта-қайта Жер–анаға бас иген качалкалардың тағзымы да осы толғауда. Маңғыстауда өмірінің соңғы күндерін өткерген Тарас Шевченкоға тіл қатып, бұрғышы болып сөйлейді. Осы толғауды келешекке хатпен:
...Арсыздар, әділетке құлақ асың, Жер-ана шашын жайып жыламасын. Неліктен көздеріңді мұнар басты, Тұрғызып ядро мұнарасын, - деп монетизациядан мән тапқан экономикалық әлеуетке мәселе көтере, мұң шаға қорытындылайды.
Өлеңін өз деңгейінде ұстап қалуды емес, өсіріп отыруға да ізденіс жасады.«Дүбірге толы теңіз бе дерсің бұл ғалам, Керегіп тұр-ау құдіретті саған қыл қалам. Сөзбенен, шіркін, тұлғаңды сенің сомдар ем, Айвазовский бояу тілменен жырлаған, - деп Әбу Сәрсенбаевқа өзі «Теңізбен тілдесу» өлеңінде арнау арнаған еді. Қазақ әдебиетінде классик атанған Әбу Сәрсенбаев ағасы 1978 жылдары «Жалын» альманағына шыққан жас ақынның «Сезім сәулелері» өлеңдер топтамасына «Медет оқырманды мезі қылатын «ақылмандық» өлеңдерге үйірсек емес, бұнда жалаң ақылгөйліктен гөрі, нақты сурет беруге, психологиялық оқиғалы өлең жазуға талпыныс бар» деп поэзиядағы алғашқы аяқ алысына баға беріп, өлеңдеріндегі көркемдігі мен тіл толғауы, ой орамына да тоқталған-ды. Шынында, көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман ақын өлеңдерінен әсерді ақылгөйлікпен беретін әдісті әсілі байқамайтыны рас.
Абыл мен Нұрым, Қашағандардың дәстүрін жалғастырушы халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 1996 жылы «Аманат» кітабына өлеңдерін жинап, тапсырған. Осы орайда айта кетейік, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов шығармашылығын жинау барысында жас ақынға бата берген екен. Баталы ауыздан баға алу бір басқа да, бата алу бір басқа. Батаның бағы мен киесін білетін қазақ баталы сөзден ерекше қуат алған.
«Суреткердің творчестволық фантазиясы – ұлы ақыл мен жүрек адамының фантазиясы» дейді Гегель. Дәл сол фантазия жүрекке жыр беріп, творчествоға түр бергенде мына бір «Қараңғы түн қайыршы» өлеңі мысал бола алады:
Ой қамайды бөрідей, бағыт – қала, Дедектетіп барады алып дала. Тарымшылық қысқан соң тар етіктей, Қайыршылық- көндікті, қамытқа да! Тек,түн бұған құшағын айқара ашқан, Үміт-күдік кеудеде тайталасқан, Әдетіне айналып кеткен құрғыр, Алақанын жаяды байқамастан...Ал мына бір «Үш атты күйме» өлеңін де тамаша фантазияның шырағы шырай беретін секілді.
Шақтарға шабыт билеген, Түсіріп ғажап күйге өлең. Ұшырып бара жатамын, Үш атты жеккен күймемен, - деуінің өзі шабыт шалқарындағы ақынның қиялы мен өзгелер сезініп болмас сезімі.
Сыршыл да өзіне ғана тән мәнермен, мәйекті тілмен, суреткерлік шеберлігімен шырайлай түскен поэзиясындағы «Сергей Есенинге сыры» Есенинге жыр арнаған ақындардың өлеңдерінің қатарында. Ал ұлттық колорит тұнған «Натюрморт», «Қырық бір құмалақ», «Қобыз», «Ақсүйек» сынды өлеңдерінің тұла бойындағы тұнған сыр, қазақтыққа ғана тән қасиеттілік сөзбен суарылып, жыр тудырады. Сурет салады.
Оның «Көзілдірік», «Шахан атам белбеуі», «Сәбиден қашқан сұлу», «Әке мен бала», «Сынған шүйше», «Үш тораңғы» сынды балладалары мен «Бес асыл» (Поэма-монологы), «Дулығалы дауылпаз», «Туған жер құдіреті» сынды поэмалары, «Соқырлар» лирикалық толғауы, «Құлбарақ батыр» тарихи дастаны, «Қара шаңырақ» толғауы өз бағасын алып үлгерген.
***
«Медет» – арабтың «мәдет» (көмек) деген сөзінен шыққан. Түркі жұрты ислам дінін қабылдағаннан кейін таралған есімдердің бірі. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге ата- анасына жәрдемші болсын, көмектессін деген ниетпен қойылатын есім ретінде танымал. Көңіл-күйге арқау боларлық сөз немесе мақсатқа құрылған істің басқалар жағынан демеу, қолдау тауып, жәрдемге ие болуы» деп бұл есімге анықтамалық беріледі. Медет сөзін біз сөздік қолданыста қолдау, арқау, демеу деген мағынада қолданып жүрміз. Араб тілінен аударғанда «кеңейген», «ұзарған», «созылған» дегенді де білдіреді екен. Медет ұғымының таза діни түсінікте Алладан медет тілеу, Алланы медет тұту дегенмен түсіндіреміз. Адамның есімінің де оның тағдырынан сыр алғызып, болашақ тағдырына да әсері болатынын айтып жүрген ғылыми тұжырымдар да баршылық. Алладан медет тілеп, сұрап алған жалғыз тұяқ ретінде Медет Дүйсенов өмірге қалай келгенін оқырман сезіп отырған болар. Ақынмен жақын танысқысы келген жандар «Еленбей қалған есім» атты балладасын оқитын болса бірден түсінеді. Анадан туған егіздің аян бойынша Сәдет және Медет қойылуы керек болатын. Ененің айтқанын екі етпейтін көрегенді келінде амал нешік?! Соғысқа аттанған баласын аман келуіне ырым қылған Зәуре әжесі сыңардың ныпысын Тілекбай етіп өзгертеді. Түс аянын демеу қып, жақсы ырымға балаумен күтуді үміт еткен ананың Аян түсі бәрібір бекер болмайды. Шетінеген егіздерден соң соғыстың жүдеу тірлігінен енді есін жия бастаған 1948 жылдың желтоқсан айының төртінде Маңғыстау ауданының Қаражанбас ауылында шаңырақта көптен күткен ұл Медет Дүйсенов дүниеге келеді. Айдарынан жел ескен ұлдан ақындық шығарын білмесе де, азамат шығарына ата-анасының аянып қалмағаны аян. Оны балалығындағы қалам мен қағазға үйір еткен әке туралы естеліктерінен естіп білуге болады. Ал жарық дүниені ашып, жөргекке оранғанын жоғарыдағы аталған баллада да өзі былай жыр етеді:
...Нұр ойнап анам көзінде, Атапты Медет мені әулет. Осы бір есім кезінде, Тұрғандай тірлік - ән тынбай, дей келе ақын балладасында талантты тану мен елеу туралы:
...Елемей жүріп халқым-ай, Жоғалған содан көп мұраң. Бір дарын шықса жарқырай, Қалмасын ұмыт деп тұрам! - деп, көңіл кеңдігін, көпке ағалық тілеулестікті аңғартады.Тұщықұдық орта мектебін бітіріп, Таушық поселкесіндегі 7-шахтада кітапхана меңгерушісінен қызметті бастайды. Еңбектің дәмін татып, кітап кенінен ізденісіне жол аша түседі. Бұл тұста өлең өлкесіне өз қолтаңбасымен енген жас ақын жоғарғы білімнің де керегін нақты білетін. Сол кездің жалынды жастарын жарқ еткізер «Жалын» журналы, «Қазақ әдебиеті» сынды республикалық мерзімді баспасөздерде жастардың қаламынан туған таңдаулы дүниелері шығып, өлеңдері басылып жататын қызу шығармашылық дәурен өткен еді. Әр кезеңнің өзіндік тенденциясы бар. Шығармашылық шеберхана іспетті сол қадам талай жазушыларды жазу әлеміне жетектеп, ақындарды халықтың сүйіктісіне айналдырып үлгерді. Қазіргідей терезе артында төрткүл дүниемен тілдеспей-ақ тынымсыз ізденіс пен талпыныс, еңбек пен ыждағаттылық арқасында энциклопедиялық білімдерімен шығармашылық зертханасында сынақтан өтті. Осындай бетбұрыс ол кездің өлең жазып, өзін әдебиет әлемінен көргісі келетіндер мен жазу-сызуға жаны құмартқандардың көбісі ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсуге асық болды. Медет Дүйсенов те өзінің замандастары сияқты шығармашылықтың өкілі ретінде сол ортадан табылып, білім алды. Өзі ұстазы санайтын Әбу Сәрсенбаевтан, Әбілфайыз Ыдырысовтан ағалық, ұстаздық, өмірлік сабақ алды. Ол кісілер туралы Медет Дүйсенов сағаттап естелік айтуға бар. «Алматы қаласы мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Көпті көріп, көп нәрселер үйрендім. Қаншама абзал жандармен таныс-біліс болдым. Әсіресе ақын Әбу әкейдің (Сәрсенбаев), Ләзиза шешемнің, Райхан апайымның адам бөтенсіремейтін ыстық ықыластары, мейірім-шапағаттары әсте есімнен кетер ме?! Мені өздерінің туған баласындай көретін еді-ау… Әбіш, Маршал, Темірхан, Әбілфайыз ағалар, Қанипа, Фариза апам, олардың аялы алақандарының ыстық табы, жан жылуы тұла бойымды әлі күнге аппақ нұрға бөлеп келе жатқандай сезінемін», — деп еске алады сол шақтарды. Таушықта клуб меңгерушісі қызметін де атқарады. Бірнеше рет аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. «Мұнайлы жаңалығы», «Мұнайлинская новь» газеттерінде арнаулы тілші болады. Облыстық радио-телевизия хабарларын тарату орталығына қарасты мекемеде қызмет етеді. Бірақ ақындық ауылынан жырақтамайды. Жырға ғашық, өмірге ғашық жүрегі оның «Бастау» сериясымен (1979) алғашқы жыр кітабының, «Ғашық жүрек» (2001), «Үдектің үнсіз мұнары» (2007) жеке жыр кітаптарының басылып шығуына арқау болады. Оның алғашқы өлеңдері «Балауса» жинағында (1978), «Аңсар» (1986), «Жанымның жапырақтары» (1988) жас ақындардың жинақтарына жыр топтамалары енген.
Жыр жүрек әуез іздеп, сөзге саз да жазып келеді. Ол – оннан аса әндердің авторы. «Түлеген түбек» (1978), «Күтемін сені, көктемім» сынды әндері бар. Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлттар», Т.Айбергеновтің «Аққайыңдар» өлеңдерінің әнін жазды. Ал Ш.Сабытаевтың «Маңғыстау маршы», Т.Абдуллаевтың «Арманым, асыл әнім», С.Мәдиевтің «Атырау мұнайшыларының маршы», М.Ғаббасовтың «Маңғыстау мұнайшыларының маршы», «Аққуым менің», Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы А.Досанованың «Әкені аңсау», «Бекет Ата-Пір баба», «Түпқараған құрылысшыларының маршы» әндерінің сөздерін жазды. Сонымен қатар «Жан ана», «Сағыныш», «Түлеген түбек» әндерінің сөзін де, сазын да өзі жазды. «Ақша бұлт» әні Алматы телестудиясында орындалған. Әндері республикалық баспасөзде, Маңғыстау, Атырау облысының репертуарлық ән жинақтарына енген.
Соңғы кезде өлкетанушы ретінде де өзін танытып үлгерген Медет Дүйсенов Маңғыстаудың жер-су атауларын зерттеуін Серікбол Қондыбайдан 10 жыл бұрын бастаған. Әлі де ізденісті тоқтатпаған ол екі бума толы материал барын, оның жарыққа шығару уақыт еншісінде екенін айта- ды. Әсіресе, оның қолында дайын тұрған жер-су атауларының этимологиялық сөздігі қазіргі өлкетану мен географиялық анықтамалық үшін таптырмас құрал болар еді.
Журналистік жазбасы да жабау кигізген жалықтырар мақалалар емес. Әсіресе, өлкетануға қатысты соңғы ізденістері туризм деп шулап жүрген біздерге ізденіп жазуға, түбекті тануға жол ашып отыр. Бұған дейін Әбіш шығармашылығынан ғана сырыптап алып, Серікболға сілтеме жасай салып, әркім түртіп ғана өтетін күрделі өлкетану тақырыбына Медет Дүйсенов шығармашылығында өзгеше, өзінше ізденіспен назарды аудартты. Туған топырақтың тарихын қанып ішкен Медет Дүйсенов көне түркі (өзі прототүркі деп сөз бастайды) тапонимдері мен этнонимдерін, антропонимдерін зерделеп, түбіріне үңілетін зерттеу еңбегімен жаңа қырын танытты. 2010 жылы шыққан «Таушық жерінің көне тарихы» кітабында өлкедегі туризм әлеуеті бойынша негізгі нүктелері орналасқан бүгінгі Таушық екенін мойындата отыра, ол жердің ел мойындап үлгерген ерекшеліктерінің тарихын тарқатады. Жақын күндерде аудандық газеттің редакциясы ұйымдастырған шағын медиакеруенде гид болып, жол бастап Таушық ауылы маңындағы Торыш шар тастар алқабы туралы таныстырған да осы кісі болатын. Торыш тастары орналасқан сары алқаптан бөлек параллель орналасқан өзге бес алқаптың барын айтып, бірерін жолшыбай көрсетіп, өзіндік пайымын теңізбен байланыстырған еді.
Ақынның өзінен өніп, тілімен түйген, жүрегімен сүйген туындысы – өлең! Ақынға өлең жазу үшін рецепт берілмейді, бірақ, сүбелі сөзін сарқыттап, жүрегінің жанын жарып, жыр бергенде диагнозы анықталады. Ақын... Ақындардың құлағына Құдай сыбырлайды деуші ме еді?! Оны дұрыс естіп, сезіммен суреттеп, жүрекпен жеткізіп, сөзбен кестелегенде, ойын ортаға салғанда, оның өлеңі де, ақындық атағы да асқақтай береді. Өлеңде сыр мен сурет қатар кестеленгенде, сөз десте әдемі өлең болып өріліп, өзінің аудиториясын жинайды. Ақын Медет Дүйсенов ақындықты аманат етіп, сөз өнерін серік етіп, сазбен эстетикалық тәрбие беріп, өлкетануда тың ізденістерін танытып үлгерді.
«Жақсыдан жақсы туады» демекші, текті әкеден туған тоғыздың бірі – Еділбек Дүйсенов әке жолын жалғаған ақын. Республикада өзін мойындатып үлгерген жас ақынның аяқ алысына Светқали, Есенғали, Тыныштықбек сынды ағалары да ақ жол тілеуде. Поэзиядағы жаба жауыр болған жалықтырудан жөні бөлек жаңаша леп әкелген бұл жастың ешкімге еліктемес өзіндік қолтаңбасы бар. Бүгінде әке жолын қуған жас ақын оның кәсібін де жалғастырып, аудандық газетте журналист болып қызмет етеді. Республикалық басылымдар мен интернет сайттарында үздіксіз өлеңдер топтамасын, аудармаларын, мақалаларын ұсынып келеді. «Бір әкенің бергенін, бір мектеп те бере алмайды» деуші еді. Дәл сол сөздің дәйегін осыдан аңғаруға болады. Жапырағы жайылған бәйтерек өмірдегі барлық позициясында өзінің қолтаңбасын қалдырып келе жатыр.
Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Түпқараған ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер, өлкетанушы Медет Дүйсеновтің 70 жас мерейтойы «Үдектің үнсіз мұнары» атты шығармашылық кеш ретінде Таушық ауылында ұйымдастырылып өтті. Ақынын жоқтайтын әкім болса, аудан, облыс көлемінде де ақынның кешін өткізу артық болмас еді. «Ұлы даланың жеті қыры» деп, Елбасы бас мақаласында сөз еткен ерекшеліктер, қолға алынуы тиіс алғышарттар осы бір қарапайым ақынның өмірімен де астарлас тәрізді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА