Кітапсүйер оқырмандар үшін тағы бір жаңа кітаптың шыққанын хабарлағымыз келеді. «Абыз қала, аңыз қала – Ақкетік туған мекенім..» деп аталатын кітаптың авторы Боқан Таңғұлов ардагер, Түпқараған өлкесінің тумасы. Мектеп бітіріп, жоғары білім алып, ауданның мектептерінде, одан кеңес және кәсіподақ орындарында, аудандық мәслихаттың аппарат жетекшісі, мемлекеттік қызметтерде жасаған қоғам қайраткері бүгінде Түпқараған ауданының Құрметті азаматы.
Аудандық ардагерлер кеңесін 18 жыл басқарса, 2016 жылдан бері Форт-Шевченко қалалық ардагерлер ұйымының жетекшісі болып қызмет атқарады. Өміріндегі еңбек өтілін ел игілігіне қызмет атқарумен өткізіп жүрген Б.Таңғұлов өзі шығарған кітабы жайында аз ғана мағлұмат берді:
- 2018 жылы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген кітапта аудандық ардагерлер ұйымының осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстарын, қаламыздың дамуы жайында және ондағы елімізді, түбекті дамытуға үлес қосқан аға буын өкілдері туралы материалдарды қамтыдым. Түпқараған ауданы әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлім басшысының тексерісінен өтіп, сараптамадан оң нәтиже алып, ықшамдалған күйінде оқырманға жол тартты. Көп материалдарды қамтуға мүмкіндік болмады, түбектің азаматтары жылы қабылдап жатса, мәрхабат! – деді.
Өз тілшімізден