«Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң небір алуа шекер балдай татитын нәріне, әрине әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай әрі сұлу, әрі бай тілді қалай өгейсітуге болады…»
Иә, кезінде қазақтың біртуар қайраткерлерінің бірі осылай толғаған еді.. Сол ағалар бірнеше жылдан соң мемлекеттік тіл дәрежесіне дейін көтерілетін туған тілінің мәртебесін көтеру мәселесі күн тәртібінде тұратынын сезді ме екен?! Сезген де болуы ғажап емес.
Жалпы тіл тарихына көз жіберсек...
Жер бетіндегі 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие екен. Соның бірі 1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданғаннан бері мемлекеттік тіл дәрежесін иеленген біздің ана тіліміз - қазақ тілі. Бұл - егемендік алғаннан кейінгі халқымыздың қол жеткізген үлкен жеңістерінің бірі еді. Мемлекеттік тіл - мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл. Сондықтан сол мемлекетте жүргізілетін барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп көрсетілген. Десек те осы мемлекеттік тілдің тағдыры – барша саналы қазақ азаматтарын толғандырып, кейде тіпті қынжылтып жүрген мәселе екені жасырын емес. Соның ішінде әсіресе мемлекеттік қызметкер ана тілінде сөйлеп, сауатты жаза білуге, өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге болуы тиіс еді. Алайда тіліміздің мәртебесі керемет, шырқау биікте тұр деп айта алмаймын. Бұл жерде мәселе – қазақ тілінің мәртебесін мойындаса да күнделікті тіршілікте ресми тілді пайдаланатын саясат, билік, бизнес, мемлекеттік қызмет салаларындағы орыс тілді азаматтардың мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге деген ынталарының жоқтығында. Бұл жағдай «орыстілділер мемлекеттік тілді түсінбейді, соларға түсінікті болу үшін...» дейтін аурумен ауыратындар да бар. Өзіме еңбек етіп жүрген салам білім саласының өзінде осындай жағдайлар бірнеше рет кездесті. Кейбір республикалық деңгейде ұйымдастырылатын семинарлардың, курстардың ақпараттық хаттары мекемеге мемлекеттік тілде келгенмен, барған кезде қатысушылардың жартысынан көбі мемлекеттік тілді түсінетіндер болса да, қазақ тілінде басталып, орыс тілінде жалғасып кететінің куәсі боп жүрміз. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазағым... Жасырмай-ақ, сондай бір жағдайды суреттей кетейін...
2012 жылы Алматы қаласында болған қосымша білім ұйымдары басшыларының курсына қатыстым. Ортамызда 23 өзге ұлт өкілі отырды. «Әп» дегеннен курс жұмысы ресми тілде басталды. Алғашқы күні үндемедім. Екінші күні түске дейін шыдадым, түстен кейінгі курс жұмысы бастала бергенде, қолымды көтеріп, сөз сұрадым. Осы болып жатқан курс жұмысының ақпарат хатында мемлекеттік тілде өтетіндігі жазылған соң қатысуға келгенімді, ендігі кезекте курс жұмысына қатыспайтынымды, басталғалы берілген мәліметтердің, ендігі берілетін мәліметтердің қазақ тілінде дискіге жазылып берілуін талап еттім. Осыған дейін үндемей отырған әр облыстан келген мұғалімдер мені қолдап, шулап қоя берді. Ішінде Тарбағатайдың ауылдық жерінен келіп отырған үлкен ер адам: «Бәсе, Адайлар қалай шыдап отыр екен десем?» деп, тіл безеп те қойды.
Бұл – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының әлі «қаны тамып тұрған» кезі еді.. Курсты ұйымдастырушылар тарапынан өзіме басқаша көзқарастың пайда болғанын да сездім. Қысылғаным жоқ, есесіне өзім жеңілдеп қалдым... Арымның алдында тазамын.
Ақыры курс жұмысының көрнекіліктері ресми тілде дайындалып тұрса да, дәрісі мемлекеттік тілде жалғасты. Осы жерде назар аударғанымызкүн жарым ресми тілде өтілген курсты біздер тыңдап отырсақ та қазақша жалғаса бергенде ортамыздағы аға ұлт өкілдері рұқсат та сұрамастан аудиториядан шығып жүре берді, содан кейінгі күндерде оларды көрмедім.
Соңғы жылдары кейбір мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызметшілер арасында диктант жазғызу үрдісі де болғанын білеміз. Бірақ осы жұмыста тек сан жағынан жасалынған істердің көрсеткіші боп тұрғандай. Себебі оған қатысатындар ресми тілде сөйлеп отырғандар емес, ана тілінде таза сөйлеп отырғандар. Сонда тіл мәртебесін көтеру жұмысына да көзбояушылық енгені ме?
Туған тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусыл майды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл - тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.
Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” деген. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарауы керек және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Басқа халықты айтпағанда өз ішіміздегі жоғарыда айтылғандай шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – мемлекеттік тіл мәртебесінің қатерлі дерті болып табылады. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік” деп ашына айтқаны ойға оралады.
Төл тілінде сөйлеуден безу ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Бұл жерде айтпағым, тіл-ұлттың бетпердесі, ерекшелігін, қадір-қасиетін, ділін қалыптастыратын ең маңызды құрал. Мемлекеттік тілін қадір тұтуға әрбір шаңырақ, әр отбасы, әр адамның жеке басы борыштымын деп сезінуі керек. Себебі ұлттың уызы тіл болса, ұйытқысы - отбасы. Мемлекеттік тілдің тұғырын, оның мәртебесін алдымен өзіміз заңға сай көтере білсек, ана тілімізге деген адалдық пен құрмет болары кәміл.
Тіл деген – алып мұхит түбі терең, Піспегі толқын шашқан күні ерен. Қадірін тілдің сұра, сақаулардан Көзіне жас алып бір күбірлеген. Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы Арманның қиял жетпес баспалдағы. Қадірін тілдің сұра мылқаулардан, Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.Тіл деген адастырмас темірқазық Өрісі магнитінің өмірге азық. Қадірін тілдің сұра кереңдерден Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып, деген өлең жолдарының мән-мағынасын ұғынғандар мемлекеттік тілдің мәртебесін ойсыратпасы анық. Қаймағы бұзылмаған осынау ана тілімді орынды пайдаланбай, қаспақ түбін қырғыштап, шүлдірлеп жүргендер, ана тілінің тірлік үшін, мемлекеттік тілдің бірлік үшін қажет екенін де есте сақтағаны жөн. Тіл тағдыры ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық.
Гүлшат Қанжан, Түпқараған аудандық «Дарын» ҚБО директоры, қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі