Қай халықтың болмасын ойлау тарихында ауыз әдебиетінің алар орны айрықша. Халықаралық ғылыми тілде ауыз әдебиетін фольклор дейді. Бұл сөз ағылшын тілінде халық даналығы дегенге саяды.
Жазу пайда болғанға дейін әдемі айтылған көркем сөздер халық арасына ауызша айтылып, ауызша таралып отырған. Ол шығармалар жұртшылықтың тұрмыс-тіршілігінің, түсінік-танымының, ой-парасатының көрінісін бейнелеген. Ауыз әдебиетіндегі тапқырлыққа, ойлау қабілетін дамытуға сүбелі үлес қосқан соқталы жанрлардың бірі - жұмбақ. Ертеде жұмбақ ауызша шығарылып, ауыздан-ауызға көшіп отырған. Әрбір жұмбақтың бірнеше нұсқалары болған. Ұқсас болып келетіндері де ұшырасады. Яғни өзге бір адам өзіндік түсінігіне орай әлгі жұмбақты басқаша өрнектейді. Сөйтіп бір жұмбақтың түрлі-түрлі сыңарлары пайда болады. Мұның өзі әр жұмбақтың даралық сипатын сақтай отырып, ауыз әдебиетін байыта түсуге қызмет етеді. О баста жұмбақты біреу шығарса да жазудың жоқтығынан ауыз әдебиетіндегі жұмбақтар рудан руға, тайпадан тайпаға, елден елге тарала келе авторы ұмытылып, халықтың ортақ шығармасына айналып кеткен. Шығарылған жұмбақтардан сол кездегі заманның жайын, түсінігін, салт-санасын, тұрмыс-тіршілігін байқауға болады.
Ерте замандағы грек мифінде әйел басты қанатты арыстан-сфинкс Эдип патшаға шешуі аса қиын жұмбақ беріпті. Сондағысы «Таңертең төрт аяқты, түсте екі аяқты, кешке үш аяқты» деген сөздер көрінеді. Бұл жұмбаққа Эдип: «Адамның бала шағы, есейген кезі, қартайған кезі» деп жауап беріпті. Байқаған адамға бұл жұмбақ қазақта да бар ғой. Мүмкін, бұл жұмбақ гректерге қазақтан ауысқан болар бәлкім. Оны кім зерттеп жатыр?
Жұмбақ.
Жұмбақ - менің түсінігімше күнделікті өзімізге таныс немесе беймәлім нәрселердің, қозғалыстың, айналамыздағы түрлі құбылыстардың өзге нәрсемен салыстырмалы түрде сөзбен айтылған бейнесі.
Ерте заманда өмір сүрген адамдар табиғаттың тылсым сырларын ашуға, жұмбақ құбылыстардың жауабын білуге талпынған. Көзге көрініп тұрған заттың арғы жағы қандай? Онда не бар? Білмекке құмарлық осындайдан басталып барып, кейбірі жұмбаққа айналып жатады. Адамдар келе-келе бір-бірінің білігін сынамақ ниетпен айтарын жұмбақтап жеткізетін болған.
Қазақ әдебиетіндегі жұмбақ жанрының қалыптасып, дамуын тарихи тұрғыдан былайша бөлуге болатын сияқты.
Тұтас дәуірдің мәдениеті мен әдебиетін қоғамның дамуынан бөлек қарауға болмайды. Сондықтан жұмбақты зерттегенде, бағалағанда, оны тарихи кезеңнің немесе қоғамдық өмірдің нәтижесі, соның жетістігі ретінде қараймыз. Сонда ғана жұмбақтың болмысбітімін, даму, қалыптасу жолдарын аша алатын боламыз. Қазақ жұмбағының тарихы жөнінде, оның түп-төркіні жайында айтарымызды бір кезең аумағында ғана емес, қоғамдық эволюциялармен тұтастыра алып, зерттеу ғана жұмбақ жанрының қалыптасу кезеңдерін ашып берері сөзсіз.
Ал енді қазақ әдебиетін жанрлық жағынан бөлсек, ол ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті болып екіге бөлінеді. Жұмбақ ауыз әдебиетіне де, жазба әдебиетіне де тән.
Адамдар қашан да табиғатпен етене туыс, соның аясында өмір сүрген. Алайда табиғаттың құпия белгісіз сырлары орасан көп. Адамдар соның сырын білуге, жұмбақ жайларды түсінуге талпынды. Яғни белгісіз нәрсенің анық-қанығын айыруға машықтанды. Өзіндегі барды жасыра білу және оны табу сезімі қалыптасты. Жұмбақ сөзінің түбірі жұм, жұму етістігі. Жұмқолдың саусақтарын бүгіп, жұмып алу. Әрине қолды бостан-босқа себепсіз жұма салмайды. Бір нәрсені уысында жасыруы мүмкін. Бақ-бір нәрсені аңғару, байқау, сезу. Сонда жұмбақ нәрсе мен оны бағу, байқау, білуден барып жұмбақ сөзі пайда болуы ғажап емес. Жұм және бақ сөздерінің беретін көптеген мағыналары бар. Біз бірақ мұның жұмбаққа ғана қатысты бір ғана нұсқасын алып қарап отырмыз. Жұм және бақ сөздерінің бірігуі нәтижесінде жұмбақ сөзі пайда болуы мүмкін-ау...
Бұл – менің жеке пікірім.Қай заманда болмасын адамдар ұрпақ тәрбиесіне зор мән берген. Балаларға жан жақты білім беруге тырысқан. Соның бірі санамақ. Ол көнеден келе жатқан өлең, былайша болып келеді:
Бір дегенім-білеу, Екі дегенім-егеу, Үш дегенім-үскі, Төрт дегенім-төсек, Бес дегенім-бесік, Алты дегенім-асық, Жеті дегенім-желке, Сегіз дегенім-серке, Тоғыз дегенім-торқа, Он дегенім-оймақ, Он бірқара жұмбақ.Қарап отырсақ санамақ сан үйретумен ғана шектелмейді, айналасындағы әртүрлі жұмбақ нәрселерді де таныстырып, баланың ойлау жүйесін кеңейте түседі. Бұл санамақтың ертеден келе жатқанын білеу, үскі, торқа, т.с.с. ескі атаулардан-ақ анық байқауға болады. Оларды сол кездегі балалар болмаса қазіргі балалар біле бермейді. Мысалы, білеу ұзынша келген жұқа тасқайрақ, үскі былғарыны, ағашты, т.б. тесетін іші қуыс біз, торқа-қымбат бағалы, селдір, жұқа, жұмсақ мата.
«Санамақтың» өте ертеде шығарылғандығын Ә.Нұрмағанбетовтің «Бес жүз бес сөз» зерттеу еңбегінен-ақ айқын аңғаруға болады: «...Қазақ тілінде ерте кездерде «білеу» сөзі «қайрау» мағынасын бергендігі, сөздің алғашқы төркіні-түркі, моңғол тобындағы тілдер және «біл»-дің тұңғыш мағынасы «қайраның» синонимі, бері келе кейбір түркі тілдерінде «өткір», «жүз» сияқты мағыналарын да иеленгендігі сөз болады.
Санамақ, он бір-қара жұмбақ деп аяқталады. Қара жұмбақ сөзінің түр-түске қатысы жоқ. Мұндағы қара көптікті, молдықты, немесе әріден келе жатқандықты көнелігін білдіреді деп ойлаймын. Бұған ұқсас мысалдар жеткілікті. Мысалы қара жаңбыр (ұзаққа созылып, көп жауған жаңбыр), қара шаңырақ, қара домбыра (көнеден келе жатқандықты білдіреді).
Онға дейінгі санауды үйреткен «Санамақтың» он бір-қара жұмбақ деп бітуі, оннан кейін де көп сандар, көп жұмбақ нәрселер бар, соны ұғын, біліп ал дегенге саяды.
Кеңестік кезеңге дейінгі уақыт аралықтарындағы жұмбақта бұқара басындағы алмағайып заман, қым-қуыт өмір құбылыстары, азамат-ердің арманы, хан ордасындағы қаздай тізілген жемқор билер, т.б. көрініс тауып жатады. Соның бір мысалы, Махамбет Өтемісұлының Шернияз ақынға айтқан жұмбағы.
Махамбет ақын Шернияздың ауылынан аттанбақ болып, атқа қона бергенде Шернияз:
Көлдеуде көкала үйрек көл көріпті, Ғалымдар кітабынан жол көріпті. Жолдасы ер Исатай, ер Махамбет, Сөз бар ма тыңдағандай ескілікті?, - депті. Сонда Шерниязға жалт қараған Махамбет: Арғымақ алты айшылық жер сойқаған, Өтерін бұл жалғанның кім байқаған?! Тастүлек темір үзіп тепсінгенде, Көп қағып дауылпазды көл шайқаған. Күн тұман, ай қараңғы, жортар құлжа, Шернияз, ақын болсаң, мұны болжа. Болғанда таң мезгілі мұнар шалып, Төрт бүркіт бір аққуды қылған олжа. Он бүркіт, отыз аққу көлден ұшқан, Бір сұңқар дамыл көрмей қанат қаққан. Телегей теңіз толып шамданғанда, Жемсау құс тұғырдағы қайда жатқан?! Болғанда тапа-тал түс күні батқан, Болғанда үш ай тоқсан көктем жатқан. Болғанда үш ай шілде мұзы қатқан. Отыз қаз, он екі үйрек шыр айналып, Бір кезде көгі шығып шешек атқан. Тар жерде сөз сөйледің бол әзір деп, Сөз айттым талай айға қыл әзір деп. Баласы Жарылғастың ер Шернияз, Қайтқанша жауабыңды қой әзірлеп. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақжігіттің аңызы мен ақиқаты«Батырдың сөзін шеше алмадым, дегенмен өзіне айтайын» деп, Шернияз жұртқа жария етіпті. Естіген ақындар да шеше алмапты дейді. Абыл ақын ғана жұмбақты өлеңмен шешіпті. Бірақ өкінішке орай онысы сақталмаған. («Маңғыстау ақындарының абызы». Сонда: «Абыл, Қалнияз, Нұрым» Қ.Сыдиықұлы. 17-18 беттерде. «ҚАЗақпарат», 2013 ж.)
Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында араб, парсы, моңғол, орыс т.б. халықтар мен мәдени-экономикалық қарым-қатынаста болып келгені мәлім. Ауыз әдебиетімізде, тіпті жазба әдебиетімізде де араб тілінен ауысқан сөздер, түрлі шығармалар, ислам дініне қатысты сөздер көп ұшырасып отырады. Жұмбақты ауызша ғана емес, хат түрінде жолдау да кең етек алған. Мәселен, маңғыстаулық ақын, діни сауатты Бәли Көкен Төлепбергенұлының (1882-1970 ж.ж.) Жібектің жұмбағын шешіп, хат жолдауын айтуға болады. 1929 жылы Сауд Арабиясының Мысыр қаласынан Жібек атты қыз халыққа жұмбақ өлең жазып, шешкен адамға сыйлығым бар деп хат жазған. Бұған Көкен де қатысып, жауапқа хат жолдаған.
Жібек қыздың жазған жұмбағы
Мысыр деген шаһардың, Ортасында қырық бұлақ. Алпыс қасқыр аналы, Іздегені қой қырмақ. Бірі – лашын, бірі – тұйғын, Күнде ұшады шыршырлап. Отыз үйрек, отыз қаз, Айнала ұшқан пырпырлап. Төскейден тұлпар ұстадым, Бұғалықсыз, құр-құрлап. Бәйбішені байға тұрғыздым, Өтінішпен тұр-тұрлап. Тамға таяу салдырдым, Отыз бес жерден сыр-сырлап. Шеше алмаған жамандар, Мазамды алма қың-қылдап... Көкеннің жауабы: ...Мысыр деген шаһардың, Ортасында қырық бұлақ. Мұны тапшы дегенің, Парыздың қырық тамамы. Бұлаққа қосып сөз айтқан, Мақұл-кәміл жауабы. Тура атқарған пенденің, Бұлақтан қымбат сауабы. Басындағы парыздан, Атқарса пенде қолайлап. Шараптай суға қанады. Ұламалар жат етіп, Жетіп тұр бізге хабары. Расуаллаһ Нәбидің, Атқарған әмма жараны. Пәнибақи дүниеде, Су бар ма еді мазалы? Бір ішкен адам шөлдемес, Сүттен де аппақ ажары. Екінші жұмбақ шешілер, Адамға пікір саналы. Дұшпан, шайтан Латаның, Тимеген кімге залалы. Отыз үйрек, отыз қаз, Айнала ұшса пырпырлап, Әлемнен бергі заманы. Алты ай жаз да, алты ай қыс. Әрбіреуі отыздан, Уақыттан бар ма еді ауары?! Төскейден тұлпар ұстасаң, Бұғалықсыз құрқұрлап, Адамның жеткен ажалы... ...Бәйбішені байға тұрғызсаң, Өтінішпен тұр-тұрлап. Қор қызына жолыққан, Алланың ол бір шабазы. Тартылғанда таразы, Ауыр келген Иман қағазы. Пейіштен қамқа тон киген, Дүрет гауһар жағалы. Мүршіде кәміл пір күткен, Қыдыр Илияс бабалы. Бұларға бұзбақ қиын ба-ай, Шайтанның салған қамалы. Қамал бұзған батырдың, Қыз емес пе еді алары? Өтірік емес, рас сөз, Тәубе қабыл болуға, Көп өтініш салары. Лебімен шайтан қайырған, Солардай ердің адамы. Тамға таяу салдырдың, Отыз бес жерден сыр сырлап. Әр жылда келген отыз күн, Оразаның тамамы. Сыр сырлаған бес ағаш, Бес уақытты намазың. Рузада берген пітір бар, Ол – таяудың ажары. Алтын сыр болса ажарлы, Ол – тарауықтың намазы. Сырып жаққан сым болар, Намазың болса қазалы. Мойныңдағы намазың, Уақытынан болса шамалы. Шепелгелді кескесін, Шиеленгенді шешкесін, Сөзім болды бағалы. Бұл айтқан жұмбақ шешілді. Қапа болса жеткізсін, Біз секілді ақынның Аумайтын шығар табаны. Мекенімді сұрасаң, Маңғыстауда қонысым. Екіншіден айтайын, Түрікпен-адай болысым. Мен де бір жұмбақ жазайын, Жүйрік болса жорысын. Жорылмай жұмбақ қайырса, Табаны тайған ару деп, Мен ойлармын онысын! ("Маңғыстау" газеті, 8 қыркүйек, 1993 ж). Көкеннің жолдаған жұмбағы Нәдібас жауап жазайын, Астана елге айтылған Жетісал қиын жұмбаққа Асылы бұйым қымбатқа, Қалыңмалсыз қалыңдық Әркімдер қолын сұнбаққа. Сөз мәнісін білгесін Қиялым кетті тұрмасқа, Ықтиярға қоймады Қолымды саған сұнбасқа. Алладан болсын рахмет Жетістірсе сөзімді Әуелі басып кім тасқа. Мысыр деген шәһәрдің Айнала қырық қақпасы, Ашылмаса біреуі Ашылмайды басқасы, Сол қақпаның ішінде бір есік Оннан-оннан баспасы Одан арғы бір есік Оннан-оннан тақтасы. Сол күйменің ішінде бір сандық Һәммеге есеп берер ақшасы. Мұны жазған кім десең? Нұрнияз ахұн ағасы. Шариғаттың шарқына Қалайда келген шамасы, Мұны жазған кім десең? Көкен ахұн – өз атым, Төлепберген баласы. Сәттіғұлға жолдаған жұмбағы1961 жылы Сәттіғұл ақын Көкеннің үйіне Қырымқұл Сақан деген кісіні арнайы хатпен жіберулі. Хатында өзінің қартайғанын, баласының жоқтығын айтып, «Балаң Нығметті маған бір айға жібер, өзі әнші, дарынды, сөзді бұзбай, халыққа таратуға қабілетті көрінеді, әр жерде сынап байқадым. Мен батамды беріп, сөздерімді қалдырғым келеді» депті.
Көкен хатты оқып болып, үлкен ойға қалады. Біраз отырады да Сақанға: «Сәте кем маған қиын сауал қойған екен. Менің баламның жалғыз екенін білетін еді ғой. Балаларым көп болса, қиналмай-ақ жіберер едім, тілегін берер едім. Мен Сәтекеме жұмбақ жазайын, соны апарып бер, өзі шешетін болар» деп төмендегі жұмбақ сөзді жазып беріп жіберулі.
... Құрметлу сәлем жазайын Жездеміз дүлдүл Сәттіғұл, Дүние-фәни жалғаннан Ахырет жолын жақсы біл. Достың сөзі – рахат, Дұшпанның тілін ащы біл, Әркімнің бақыт-дәуірін Құдіреттің асты біл. Қызыл тілмен балқытып, Еріттің темір тас түгіл, Жас дәуірін жақсылап Қатарға жүрсің қарсы алып. Абыройға толғанда Миы толық қарт түгіл. Бұ дүние кімнен қалған жоқ, Кімдерді бақи алған жоқ, Таудай бақыт орнаған Қай пендеден қалған жоқ? Бұл күнде жансың білімді – Жанғабылов атағың Қай жерде де білінді, Абыл, Ақтан, Қашаған, Беріш Мұрат, Нұрымды Соларға тай деп айтып жүр! Өнерлі қызыл тіліңді. Аштарханды армандап Тағы да айттың мұңыңды Алдыңа салған ажарлап Әлдилеп сүйген ұлыңды. Қай орында айтсаң да, Қатар халқың тыңдады Арнаған асыл жырыңды. Айтылып жауап біздерден Шешіліп жауап сіздерден Бірінші әріп ОУ мен КЕП Біздерге айтты ол не деп? Екінші РЕ, БИ мен ТИ Арабша айтып тілменен Әуелде ғылым үйреніп Кім еді дүние билеген? Бір Алланың пендесін Кім болады сүймеген? Сөйлесуге кез келдік Сәттіғұлдай көсеммен, Табылар деп ойладым Тілге жүйрік шешеннен, Осыған берсең жауапты Мен – тілекші балдызың Дабылыңды көтерген...Хат арқылы жұмбақ жазуға көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, «Әлім Медетбайдың адайларға жолдаған жұмбағы» (1949 жыл, мамырда), «Қараш Ыбырайым Құлбайұлының шешкен жауабы» (1949 жыл, тамызда), «Сәттіғұл мен Сүгірдің жұмбақ айтысы» (хат арқылы), т.б.
Жоғарыда аталып өткен жұмбақхат жазысуларда ислам дінінің ықпал-әсері бірден байқалады. Мұндай жұмбақтарды шешу үшін үлкен діни сауаттылық керек.
Еділбек ДҮЙСЕН