©
«Классика - сәтті эксперимент» депті Марк Твен. Ол - әдебиет әлеміндегі небір алпауыттардың да қолына ілінбеген, маңдайына бұйырмаған, таңдайына жұғылмаған тамаша бақ.
Кез-келген жазушының, жалпы өнерпаз атаулының жазудағы асқақ арманы, барша мұраты осы бірақ ауыз сөзге сыйып тұр. Бәрі классика жазғысы келеді. Алайда әйгілі Гомерден басталатын ұлы тізбектегі кез-келген ақын-жазушының сол классика жазу үстіндегі іс-қимыл әрекеттері мен қым-қиғаш мінездері кім-кімді де болсын бей-жай қалдырмасы анық.
Оноре де Бальзактың шығармашылық шеберханасы туралы аңыздар әдебиет ауылында желдей есіп тұрады. Әйгілі «Шегірен былғарының» авторы кітап жазу үстінде аяғын арнайы жылы су құйылған табақтан шығармайтын көрінеді. Сонымен қоса Бальзак жазу үстінде кофе ішумен болған. Күніне 20 шыны аяқ кофеден ішпесе, жазуы жүрмей қояды екен. Ол өзінің «Адамзаттық комедиясын» жазу барысында 15 000 шыны аяқ кофе ішкен.
Адамзаттың ақыл-ой қазынасының бірі болған Лев Толстой өз шығармашылығындағы өнімді жұмысқа жетелейтін жан тыныштығын етік тігуден тапқан. Туған-туыстарының, достарының етігін жөндеуден ләззат алған ол артына 90 том еңбек қалдырды.
Ал 300 роман жазған жазушы Жорж Сименонның мұндай «байлыққа» қалайша қол жеткізгені бәріне де қызық. Атақты «Комиссар Мегрэ» детективінің авторы жазуға отырар алдында телефон кітапшасындағы адамдардың аты-жөнін қайта көшіруден ләззат алған. Ол сол есімдерді кейіпкерлеріне де берген. Түрлі мінез-құлықтағы кейіпкерлерді де телефон иелерінен тудырып отырған.
«Шал мен теңіз». Әдебиет саласындағы ең қомақты Нобель сыйлығын қанжығасына байлаған бұл туындының авторы - Эрнест Хемингуэй. Кейінгі ұрпақ Хэм атай атайтын бұл жазушының бір сұхбатында өзі: «Мен кітаппен жұмыс жасағанда әр таң сайын жазумен айналысамын» депті. Бұл тәсілді жапон жазушысы Харуки Мураками де құптайды. Мураками: «Мен роман жазу үстінде күнделікті таңғы сағат 4-те ұйқыдан тұрамын. Сосын 5-тен 6-ға дейін жұмыс жасаймын. Күндіз 10 шақырымдай жер жүгіремін немесе жарты шақырымдай суда жүземін. Содан біраз уақыт кітап оқимын әрі музыка тыңдаймын. Кешкі сағат 9-да ұйқыға кетемін» депті бір әңгімесінде.
Оқырманға жазушының күнделікті кітаптан тыс өмірі қашан да қызық. Кітапқа деген құмарлық оның қалай дүниеге келгеніне деген құмарлыққа жетелейді. Бүгінгі бірсыпыра қаламгерлердің жазу «асханасы» осы.
Еділбек МЕДЕТҰЛЫ