Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ана тілі – әр адамның аса керек және еш нәрсеге айырбастамайтын асыл қазынасы. Білім, тәлім-тәрбие барлығы да ана сүтімен тіліміз арқылы бізге дариды. Ана тіліміз – шексіз бай, күшті, тегеуріні мықты тіл. Туған тілді қадірлеген, оны келешектегі ұрпақтың санасына сіңіре білген ұлт қана өсіп-өркендейді. Әр адамның шырылдап жерге түскеннен бері істеген жақсылығы, жазған өлеңдері, жырлары, әндері, көркем шығармалары – бәрі де ана тілінде сақталады.
ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынов өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Ол – өзінің Құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспендікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Ол – қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. Ұлт маңдайына біткен тұлғаның туған тіліне деген құрметі жоғары болды. Оны бәрінен биік қойды.
Ахмет Байтұрсынов – қазақ тілтану ғылымының атасы. Қазақ тіліндегі әліпби енгізуі осы сөздердің бәріне дәлел. Тек қана кітап жазумен тоқтамаған Ахмет орыстың белгілі жазушыларының белгілі еңбектерін ана тілімізге аударып, өзінің халыққа шамшырақ екенін дәлелдеп өткен. Халықтың білімді болуына, сауатын ашуға көп көмек көрсеткен. Бұрынғы қарапайым қара сөздерді жаңғыртып, халық санасына қалыптастыру басты мақсаттарының бірі болды. Көкейіндегі түйілген ойды ана тіліндегі асыл, ұтқыр сөздермен жеткізе білген. Өлеңдеріндегі сөздердің өзі адам көңіліне талпыныс, алға қарай жол бастап, көш артында қалып қоймауға себепші болған. Қазақ тілін болашақ ұрпақтарға дамыта түскен қалпында басқа тілдерден биігірек ұстап, тазалығын сақтауға демеу болды. Қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танудағы қызметі қазіргі мектептерде қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Ахмет қалыптастырған әдеби-теориялық терминдер осы күнге дейін өмірін жалғастыруда. Қазақ тілін әсем сөздермен әшекейлей білген Ахмет өз еңбектерімен басқа да елдерге танымал бола білді. Өзі де басқа халық ақындары мен жазушыларының жақсы деген өлеңдері мен мысалдарын өз ана тілімізге аударып кетті. Артына өшпес із қалдырды.
Ахмет – қазақ әліпбиінің атасы, түркі тілтану ғылымының ағартушысы. Ахметтің мұрағаты жаңа уақыт, жаңа заманға, халқына қызмет етуде. Ахметтің ілімдері әлі зерттелетін үлкен ғылым. Ахмет Байтұрсыновтың ұлтым деп соққан жүрегі, үлгі-өнегесі қазіргі жаңа заманға өте керек. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларын ел қатарына қосылып, білім алуына 1896 жылдары көңіл бөле бастады. 1905 жылдары Ресей «Кіндік үкіметіне» жазылған петициядан, редакторы болып «Қазақ» газетін шығарып, оның бетінде мәселелер көтеруінен, қазақ балаларын ана тілінде сауаттандырып, әрі ана тілінде оқыту үшін жүргізген күресінен, ең соңғысы сол ана тілінде оқытатын оқулықтар жазуынан, халық ағарту кадрларын дайындап, жас қазақ интелегенциясы өкілдерін баулуынан танылады.
Ахмет Байтұрсынұлын үстіміздегі ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ қауымы көшінің рухани басшысы етіп танытқан – оның қазақ халқын «іргелі жұрт» қатарына қосу үшін жүргізген күресі және сол күресте ұстанған бір қаруы ағартушылық идеясы болды. Қазақ халқын әлеуметтік теңдікке, азаматтық мәдениетке жеткізетін, амал әрекеттің бастысы «түгел қазақты» сауатты етіп, көзін ашу еді. Халықты ағарту мектептен, баладан басталады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ балаларының әйтеуір көзі ашылып, сауатты болуын ғана емес, тек ана тілінде сауаттануын, содан соң барып өзге ұлт мәдениетіне, тіліне қол созуды принципті талап етті. 1913 жылдың өзінде ол «Қазақ» газеті мінбесін пайдаланып, қазақ қоғамына оқу, білімнің қажеттігін халықтың экономикалық тұрмыс жағдайымен байланыстырып дәлелдейді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Театрлар тоғысып, көрермендер қауыштыАхмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, оқу ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліпбидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын таныптаны тудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл-құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтары жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды.
Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетасын қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі – тіл ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – Ахмет Байтұрсынұлынікі. Қарапайым сөздің мағынасын жаңғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенін олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығынан аңғарамыз. Олай болса, тіл – ешкімнің еншісі емес. Ол – ұлттың ортақ қазынасы. «Мен қазақпын» дейтін осы елдің қай азаматы болса да, тіл мәселесінен қалыс қалмауы керек. Ұлттың тағдыры тілге байланысты шешіледі. Халқымыздың ғасырлар бойғы асқақ арманы еркіндік екенін естен шығармау ұрпақтық парызымыз. Жастардың білім алып, еркін сөйлеу, білімді азамат етіп өсіруге бағытты тәрбиелеу, бағдар беру – бүгінгі күннің бірден-бір өзекті мәселесі, аға ұрпақтың алға қойған мақсаты.
Гүлдана БАЙЖАН, Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған