©
«Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз. Оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқының, елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де дүйім жұрттың нағыз азаматы болып қала бермек».
Нұрсұлтан Назарбаев
Бүгінгі әңгімеміз Кіші жүз, Қоңырат өңіріне өзінің сағынышты да назды өлеңдерімен заманында есімі ел жадында қалған ақын Әлима ақын Қабылқызының қиын да қилы оқиғаларға толы өмірі турасында болмақ.
Әлима ақын ХIX ғасырдың екінші жартысында қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Ұлы Борсық құмының бір бөктеріндегі Жіңішкенің бойында дүниеге келген. Тегі - Алшын, Алты ата Әлім ішіндегі Қабақ руының Жарас мерген Пұсырманұлы тарайтын Қорлыбай аталығынан. Әкесі Қабыл қолы ашық бай кісі болған. Анасы Байшым қырғыздың Бәйімбет аталығынан тараған үлкен сары кемпір екен. Әлима – балаларының тұңғышы, тетелес Жапар мен Әбді есімді екі інісі бар. Әбдіден ұрпақ болмаған. Жапардан Бисен, одан Әпу әулеттері болып жалғаса береді.
Әлима ақын турасында ертеректе және бертін келе жазылған мақалалар желісін баспасөз, кітап беттерінен көре аламыз. Олар:
Тізе берсек көп. Бәріне ортақ бір сарын бар. Ол – Әлима ақын, әнші, өзі ұнатқан жігітіне қосыла алмаған, сол заманның әйел теңсіздігінің құрбаны ретінде бейнеленді. Ақын есімі облыстық «Ақтөбе энциклопедиясына» да енген.
Десе де Әлима ақын турасында айтылып жүрген аңыз әңгімелер ел ішінде аз емес. Біреулер «Әлиманы Қоңырат жеріне келін боп түсіп, жаңа жағдайға көндіге алмай ішқұса болып, ауруға шалдығып, жастай қайтыс болыпты» десе, енді бірі «Әмударияға кетіп өлген екен» дейді. «Жайын жұтқан» деген де бар.
Бұл жерде бір «әттегенай-ды» да айта кеткім келеді. Кешенді зерттеу жұмыстары түбегейлі жүргізілмегендіктен Әлима ақын туралы нақты мәліметтер жоқ.
Ақын өміріне байланысты деректерді іздестіру барысында Қабыл байдың шөбересі, Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Әпу ақсақалдың 2000 жылдары бейнетаспаға қалдырған әңгімесінен Әлима апаның Бөгенбай, Сәлік атты балаларының болғанын анықтадық. Рулары Татран Күлік делінген. Әрине бұл біз үшін баға жетпес құнды құжат еді.
Нәтижесінде «Аспанда бір жұлдыз бар темірқазық» аудандық «Шалқар» газеті 30.11.2017 ж., республикалық «Ана тілі» газетінің №4 25-31.01.2018 жылғы санына «Қоңыраттан жеткен ән» атты екі мақала жарық көрді. Бұл еңбектер Әлима ақын тарихын айқындау жолында жасалған зерттеу жұмыстарының басы болатын.
Биылғы жылдың қысы өтіп, жаз шыға қызмет орным Маңғыстау жеріне ауысты. Сәуір айының соңғы күндері. әріптес інілерім Нұркен Нұржанұлы, Ахат Айдосұлымен бірге (теміржол қызметкерлері) шежіреші Назархан Жылқышыұлының шаңырағында бас қосқанбыз. Дастархан басында кешегі кемел мемлекетіміз Алтын Орданың әміршісі ер Едігенің тарихы турасында ұзақ әңгімелестік. Назархан – әңгімешіл адам, менің және өзінің ата тегін біраз жерге дейін жеткізіп талдап берді. Жігіттердің тегі - Түрікмен Адай. Ер Қосайдың ұрпақтары. Ел аузында сақталған аңыз әңгімелерде: «Баба Қыдыр атаның қолын алған» делінеді. Сан ұрыста туы жығылмаған Ер Қосай сонау Қарақалпақ елінің «Бестөбе» деген елді мекенінде мәңгілікке қоныс теуіпті. Ұрпақтары жыл сайын садақа беріп, зираттап барады екен.
«Бестөбе... Бесқала... Ойды ой қозғайды... Осынау бір сәттерде Бесқала (Қарақалпақ) елінің киелі топырағын қазақтың небір марқасқа мықтылары баспап па еді-ау?» деген ой да еріксіз мазалайды. Менің көптен көкейімде жүрген көңілімді елең еттіретін бір жәй, ол – ақын Әлима Қабылқызының артында қалған ұрпақтарын іздестіру. Біраз жыл бойы жұмбақ болып жатқан шындықты ашу. Ойымды ортаға салып, жігіттерге ел жадында қалған аңыз әңгімелерді баяндап бердім.
Сәлден соң әңгімеге зейін қоя тыңдап отырған Назархан: «Мәке, «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген бар, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ізденіс жасаған екенсіздер, Алла сіздерге сәтін берсін» – деп, сәл ойланған соң, «Осы «Маңғыстау - Нүкіс» бағытына қатынайтын жолсерік Жанұзақ деген ағамыз бар емес пе?» – деп, жігіттерге қарады. «Ол жақтың бүкіл шаруасын сол Жәкең жақсы білуші еді» дегенді айтып қалды. «Жәкең – іс тындыратын кісі, жұмыс қылып тапсыруға болады, тиянақты адам ғой» деп, Ахат та қолдау көрсетті. Ақыры не керек, бір аптадан соң Жанұзақ Бисенұлымен кездесудің сәті түсіп, біраз әңгімелестік. Жоғарыда айтылғандай, мән-жәйді түсіндіріп, өтінішімді де білдірдім. Жігіттер айтқандай, Жәкең ақкөңіл, ақжелең азамат екен, екі сөзге келмей бірден «Іздестіру жұмыстарына көмегімді берем», - деп келісе кетті. Өзінің де туып-өскен жері сол Қоңырат өңірі екен. Әңгіме арасында: «Қоңырат, Қазақдария, Мойнақ, Қызылжар болып қатарласып жатқан елді мекендер ғой», – деді.
«Қызылжар»..? Әлбетте апа өлеңдерінің мына бір жолдарын еріксіз есіме түсіреді.
– Ауылым Қызылжардың жағасында, Дұшпанның қалып жүрмін табасына. Тілекті қыз сұраған Құдай беріп, Шалқардың барар ма екем қаласына..., - деп ақын туған жерін бір көруді бұл фәниде армандап өтпеп пе еді?.. Жанұзақтың бұл әңгімесінен соң сәл де болса көңіліме сенім шырағы ұялағандай болды.Сонымен алдын ала бағыт-бағдарымызды жобалап алған соң мамыр айының 12-і күні Жакең Нүкіс бағытына жұмыс сапарымен жүріп кетті. Игілікті іске ішімізден сәтін салғай деп тіледік. Әлима ақын туралы тың деректер табылуы әбден мүмкін деген ой осы күндер аралығында санамыздан бір кетпей қойды.
Сәті түскенде арада екі тәулік өткен соң, яғни 14 мамыр күні Жанұзақ бауырымыздан жақсы хабар келді. Онда «Қоңырат локомотив депосының техникалық бөлімінде қызмет жасайтын Ешниязов Сұлтанай Үргенішбайұлы деген 1955 жылғы тумаңыз табылды» делінген. Әлима апаның Бөгенбай (1898-1968 ж.) дейтін баласынан үш қыз қалған екен, үлкені Сарбеке 1928 жылғы, қазір Қазақдарияда, кенжесі Ұлмекен 1947 жылғы, Мойнақта тұрады екен. Сол ортаншы қызы Шолпанның (1932-2009) үлкен баласы.
Сұлтанай ағамен ұялы телефон арқылы амандасып, есен-түгел сұрасқан соң мән-жәйді түсініп, бір-бірімізді тапқанымызға қуанып, Алла Тағалаға мың да бір ризашылығымызды білдірдік.
Жанұзақ «Мәке, бәрін өзім тындырамын, бейнетаспаға түсіріп, 34 күннен соң өзіңізге жеткіземіз», – деді. Әрине Жәкеңе айтар алғысым шексіз. Әруақ сыйлаған азамат қой, бәрі Алладан қайтсын, сауаптан болсын, дегім келеді.
Атам қазақ бұл фәнидің өлшемін «Қамшының сабындай ғана» деген. Тарих үшін ол – бір қасқағым ғана сәт... Демек тағдыр да әр адамның өз әрекетіне тәуелді, ешкім араша түсе алмайтын, тартысқа толы сынақ. Осы орайда ақын өлеңдерінің мына бір шумақтары есіме түседі:
Еліме жете алмадым қашқанменен, Құс болып ұшар едім аспанменен. Ойыма үш қайнаса кірмеген ед, Баласын осылайша тастар деген. Қайран, Әлима апа-ай! Сан жылдар бойы жұмбақ боп, аңыз боп келген шынайы шындықтың да бетінің бері қарайтын уақыты, қатал тағдырдың сізге бір бұрылып, назарын салатын сәттің де алыс емес екенін сеземін.
Айтқандай, көп ұзамай Қоңыраттан күткен хабарымыз да келіп жетті. Бейнетаспадан Мойнақтағы Ұлмекен апаның үйінде болған әңгімені тыңдадық. Ұлмекен апа былай дейді: «Ниязбек ата мен Әлима әжесінен 4 қыз, 2 ер баласы болғанын айтады. Балаларының үлкені Мамық, Жазық есімді қыздар. Тете екі ер бала Бөгенбай, Сәлік және Қалбике, Сырғабике есімді қыздары бар екен. Бірақ бәрі де бақилық болған. Қазір үлкендерден Жазықтың үлкен баласы Жылқыбай бар. Ол – 86 жаста, Шахаман деген жерде тұрады. Үрімбұтағы көп, өзі кемпірімен Алматыға балаларына қонаққа кеткенін айтады. Кенже қызы Сырғабикенің Ермек деген баласы Тақтакөпірде тұрады. 1937 жылғы болуы керек».
- Әлима әжеңіздің төркіндерінен бұрын-соңды хабар алып тұрушы ма едіңіздер? – деген Жанұзақтың сауалына Ұлмекен апа:
- 1960 жылдары Қазақдарияда оқып жүргенімде Қызылордадан ба?.. Әлде Шалқардан ба?.. Әлима апаның ұрпақтары бар ма? – деп, іздеу қағазы келді, білем... Мойнақтан біреулерден беріп жіберген. Онда мен жаспын, жауап қайтаратындай дәрежеде емес едім. Әлима әженің руы Қабақ болу керек... Бәрін есіме сақтадым, ұмытқан жоқпын, – деп сөзін жалғастырып: – Бұның бәрін Сарбике ападан сұрағанымыз дұрыс, – деп, апаның Рахима деген қызына қыдырып, Сағыллық деген ауылға келгенін айтады. Мойнақтан 22 шақырым жер екен.
Бейнетаспадан үлкен апаның да (Сарбике апа) әңгімесіне назар салдық. Тосаңдау еститін болса керек, Ұлмекен апа дауысын шығарыңқырап мән-жәйді баяндады:
- Елден Әлима әжеміздің інілері іздестіріп жүр. 150 жылдығын атап, еске алып өткізгісі келеді. Осы кісілерді мән-жайды анықтасын деп жіберіпті. Өтептің баласы Ербол арқылы Сұлтанайға шығып, біздерді тауып алып отыр. Содан Мұздыбай деген бала (автор) әженің інілері 90-ға келген Үлкен апаны сөйлетіп, суретке түсіріп әкел деп тапсырыпты, – деген кезде Сарбике апа ия сенерін, ия көкесі, Бөгенбай, Сәлік) қатар жатыр ғой, – деп сөзін аяқтады.
- Енді сіздер көп кешікпей барып қай туларыңыз керек, үлкен апаның 90 жаста екенін білесің, апаңыз туралы әңгімені сол кісіден ғана сұрайсыз, – деді. Мен де Жанұзақтың сөзінің төркінін тез түсіндім. Бәрі де бір Алланың қолында ғой... «Егер де көз жазып қалсам, оның өкінішін өмір бойы ұмыта алам ба екен?» деген ой келді. Дереу Ақтөбедегі Бисенов Серікбай Әпуұлына қоңырау шалдым. Қабылбайдың тікелей ұрпағы болып келеді. Серікбай ағамыз денсаулығына байланысты бара алмайтынын айтып, ризашылығын білдіріп, бізге сәт сапар тілеп жатты.
Сонымен жол жоспары құрылып, мамыр айының 19 күні «Қоңырат өңірін көрейін, Әлима Қабылқызының басына барып Құран бағыштап, ұрпақтарымен танысып, әңгімелесейік, көрген-білгенімізді қағазға түсіріп, кейін бәрінің басын қосып, ел-жұртқа жария етейік» деген оймен №309 «Маңғыстау–Ақтөбе» бағытындағы пойызға отырдық. Қасиетті Рамазан айының 3-ші күні болатын. 9 сағаттан соң Бейнеу бекетіне де жеттік. Күн ыстық, Нүкіс бағытына жүретін 3 вагон ағытылып, 7 сағаттан соң таңертеңгісін №647 «Нүкіс–Бейнеу» бағытындағы пойызға тіркелуі керек. Кешкілік ауыз ашқан соң, сәресіне дейін далада Жанұзақ құрдасыммен әңгімелесіп отырдым. Вагон іші ыстық, үп дейтін ауа жоқ. Ақыры не керек, сағат 04:00-де Бейнеу бекетінен де қозғалдық-ау!.. Негізінде Бейнеу мен Қоңыраттың арасы онша қашық емес, 350 шақырымдай жер. Бірақ «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» қылып тұрған екі елдің арасындағы шекарашылар мен кедендік тексерістер. Түс қайта Қоңырат еліне де жақындадық. Ойы мен қыры таусылмайтын ұлан-ғайыр дала. Қоңырат жайлы әр жерден оқығанымыз, естіген әңгімелеріміз болмаса, бұрын бұл өңірге аяқ баспаған екенмін. Кезіндегі Алшын елінің ұйысқан, қасиетті киелі мекені. Ханкелдіұлы Қалдыбай сынды бабаларымыздың хандық құрған, Ер Қосайдың ту тіккен жері. Әзберген Мұңайтпасұлының қорған тұрғызып, 1870 жылы «Хиуаның ханы» деген құрметті атақ алған, жырау Ақпан Әйтбекұлының жырын төгіп, Нияз билер билікке араласқан ел. Талай қазақтың мықты марқасқаларына пана болған жер. Атақты шайыр Батақтың Сарысы үш жылдай патша үкіметінен бой тасалап жүрген ел.
Біз шықтық Хорезм жұрт Қоңыраттан, Болар ма жылқы мықты тарлан аттан? Сәскеде шыға салып Шибұлақтан, Бесінде өте шықтым Құмсуаттан, – деп жырлаған ақын тұлпардың дүбіріндей зуылдап өтіп бара жатқан ғұмырын сол бір сәт сезді ме екен? Бар болғаны (1863-1895) отыз екі жыл ғана өмір сүріпті. Осылай ой тұңғиығында тұрып, Қоңыратқа келгенімді де байқамай қалыппын. Жанұзақ, Қуаныш үшеуімізді бір топ азаматтар күтіп алды. Танысып, аман-түгел сұрасқан соң Сұлтанай ағаның шаңырағына соғып, жігіттер дәм татып, бата қылдық. «Жол ақысы – жету» демекші, екі жеңіл көлікпен жолға шықтық. Бізде уақыт тығыздау, жол жоспарымыз бойынша бүгін Мойнақта, ертең ертерек Қазақдарияға, одан әрі Тоғызтөреге баруымыз керек. Осыдан 3-4 күн бұрын Ұлмекен апамен хабарласып, Әлима ақынға арнап бір мал садақа береміз деп, керекжарағын жіберіп, келіскенбіз. Қазіргі бара жатқан ниетіміз де сол, ақын апа мен ұрпақтарына арнап Құран бағыштау болатын. Бір сағаттың шамасында Мойнаққа да жеттік. Бізді Ұлмекен апа отбасымен бірге күтіп алды. Көптен көрмеген жақындарымен қауышқандай, жылы қабақ танытып, кәдімгі қазақы көңілмен қал-жағдайымызды сұрап, қауқылдасып жатты.
«Апаның ақ дастарқанында құда-жекжат, көрші-көлемдерімен басымыз қосылып, деп қалайық» келген сапарымызға оң болсын тілеп жатты. Сөз кезегі келгенде біз де келген ой-жоспарымызды ортаға салып, көрсеткен ықылас-ілтипаттары үшін рахметімізді айттық. Кешкілік ауызашарда жергілікті жамағатпен дастарқандас болдық. Біраз шежіре уағыздар айтылған соң Құран хатым бағышталды. Келесі бөлмеде ауылдың үлкен әжелері, апалары өз дастарқандарына шақырды. Кәдімгі қазақы киім киген, сондай сымбатты, сөзі де салиқалы, салмақты 70-тер шамасына келген апа бізді сонау жердің бір қиыры - Әлима ақынның елінен іздеп келгенімізді естіп, игілікті іске өз тілегін білдіріп, жақсы сөздерін айтып, ақ батасын берді. «Пернегүл Асанқызы деген қажы апаңыз болады», – деп таныстырды Ұлмекен апа.
Ертеңіне шәй ішіліп, отағасы Мырзағали ақсақал дұға қылып, бәрімізге ақ тілектерін айтып, жолға шығарып салды. Мойнақтан шығар алдында жоспар жасаған болатынбыз. Қазақдария Мойнақ ауылына қапталдас болғанымен, өзіндік жол кедергілері бар екен. Біріншіден, екі араны Әмудария өзенінің жіңішкерген саласы бөліп жатыр. Екіншіден, жанармай, газ (метан) бекеттері тек қана «Қоңырат-Нүкіс» бағытындағы тас жолдарда ғана бар. Біз «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» екенін ескеріп, Нүкіс қаласы арқылы жүргенді жөн көрдік. Демек 320 шақырымдай жол жүруге тура келеді. Басқа амалымыз да жоқ болатын.
Жол ұзақ. Ұлмекен апа, Сұлтанай ағамен әңгімелесіп келемін. Жанұзақтар алдыңғы көлікте. Бұрын осы аумақтардың бәрін дерлік су басып жатқан екен. Арқадан жел тұрса, теңіз көтеріліп, дария теріс ағатынға ұқсайды. Бір-бірінің үйіне қайықпен қатынайтын кездер де болыпты. Мойнақтан әрі қарай «Пароходтар қабірі» деп атайды екен. Теңіз тартылып, жеткен жерінде қалған пароходтар қазір шетел туристері жиі келетін мекенге айналыпты.
Әңгіме үстінде 40-50 шақырымдай жол жүріп қалыппыз. Жолшыбай «Жантемір ишанның» басына тоқтап, Құран бағыштап өттік. Айнала жыңғыл, сексеуіл тектес шөл өсімдіктеріне толы, құлазыған кең дала. «Осы арада су болды» дегенге адам айтса, сенгісіз. Ойпырым-ай, қандай күш, қандай құдірет осындай апатқа әкеп жеткізген деп таң, қаласың, ауызыңа дұрыс сөз де түспейді.
Сонымен Қоңыраттан шыға берістегі жанармай бекетінен жеңіл көліктерімізге метан құйып алдық. «Ұлы Жібек жолы» деп аталатын тас жолмен Қаңлы көл, Шоманай, Қожа елі арқылы Нүкіс қаласына жеттік. Әмудария өзенінен асып өтіп, келген бағытымыздың қарама-қарсы бетімен ат басын Қазақдарияға бұрдық.
Күн қайнап тұр. Қызуы 40 градусқа дейін жетеді, салқындайтын самал жоқ. Көліктің терезесін ашпасаң, іші қапырық. Әңгіме арасында Ұлмекен апа: «Ерте кезде теңіз болғанда мұндай ыссыны білмейтінбіз, салқын самал соғып тұратын. Қазір тіптен бөлек, кешкі сағат 20:00-21:00-ге дейін 43-45 градус тұрады ғой», – дейді. Не керек, Кегейлі, Шынбай аралығындағы жанармай бекеттеріне соғып, Қазақдарияға да келіп жеттік.
Міне, біз келіп тоқтаған үй сол Үлкен апаның (Сарбике) үйі екен. Есік алды толы адам біздерді қарсы алды. Бір-бірімізді көптен білетіндей, тосырқамай, жатырқамай, шүйіркелесіп, хал-жағдайымызды сұрап, «Үйге кіріңіздер» – деп, ілтипаттарын көрсетіп жатты.
Төрде отырған Үлкен апаның қолын алып, амандастым. «Көкем әжемнің теңі емес еді ғой», – деп, менің қолымды ұстаған күйі біраз көңілі босап отырып қалды. Қаумалаған ағайындар сабырға шақырып, басу айтты. Апаның үлкен қызы Рахима қалжың қылып: – Сіздердің қамшыларың тиген болуы керек, осы 2-3 күн бойы жеңешем алаңдап ұйықтай алмапты. Әжемнің інілеріне қонақасы береміз, деп мазасызданыпты, – деп күліп қояды. Сөз арасында: – «Әжеңіз қандай адам еді?» – деп сұрап қоямын. – Ауа, (құптап) несін айтасың, жауға беріксіз адам еді ғой!.. Елге қонақ келсе, бірінші біздің үйге түсетін. Ақылдасатын шаруалары болса, оны да біздің үймен ақылдасатын, - дейді Үлкен апа, жәй ғана дауысын шығарып.
«Иә, қонақ күте білетін, қазаны бар әулеттен шыққан Әлима апа емес пе еді?» деген ой келеді маған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Үстірт қорығының таңғажайып әлеміДастарқаннан дәм алған соң Өтеп (Өтепберген) ақсақал бата қылды. Бірінші бейіттің басына барып қайтқанды жөн көрдік. Қазақдарияның күн шығыс жағын бетке алып, 4 жеңіл көлікпен жүріп кеттік.
Ел аузында қалған аңыз әңгімелерді айтып келемін. Сәлден соң жанымда отырған Өтеп ақсақал тоқта дегендей иығымды басып: – Мен бір әңгіме айтайын, тек сіз ренжімесеңіз, – деп маған бұрыла қарап. - Әрине, аға, айтыңыз, бұл жерге сол шындықты ашу үшін, білу үшін келдім ғой, – деймін. – Онда былай, – дейді сөзін жалғастырып. – Ақмамбет деген үлкен атамыздан екі ер бала болған. Үлкені Бегімбет мына әулие Қарағұм ишан мешітінде сұфы болған, інісі Бекпан – (Ниязбектің әкесі) қарапайым шаруа, аңшылықты кәсіп қылған адам. Әжеміздің әкесі бір бай кісі екен, Бекпан атамызбен киік аулап жүріп кездесіп, танысқан, келе-келе дос болып кетіпті. Бір күні бәйбішелері бала көтеріп, екеуі өзара уәделесіпті. – Егер де біріміздікі ұл, екіншіміздікі қыз бала болса, бір біріне қосамыз, белқұда боламыз», – депті. Содан біз жақтан Ниязбек әкеміз, сіздер жақтан Әлима әжеміз дүниеге келіп, екі дос баталасыпты.
Балалар есейіп, күндердің бір күні Бекпан атамыз уәде бойынша досының ауылына келеді. «Келінімізді алып кетеміз», – дейді. Оған бай да, бәйбішесі де үндемейді. Ал ағайындары: «Қызымызды бере алмаймыз», – деп елші адамдарды кейін қайтарады. Содан болған жәйді естіген ағасы Бегімбет атамыз: «Біз не болғанда да барамыз, алып қайтуымыз керек», – деп, Ниязбек әкеміздің қасына мықты қарулы деген 4-5 жігітті ертіп, екінші рет байдың ауылына барады. Алдыңғыдай жағдай қайта қайталанады. Ауыл жігіттерімен жанжалдасатындай жағдайға жетеді, – дейді Өтеп ақсақал.
Негізінде шындық біз жақта ғой, ал «Уәде Құдайдың сөзі» демекші, әжемізді солай алыппыз.
- Бірақ Әлима әжеміз Ниязбек атамызды менсінбеген. Әжеміздің артынан 5-6 салт атты қуғыншы келген екен, оларды Бегімбет атамыз алдынан тосып алып, сөзге шебер адам болған ғой, не айтқаны белгісіз, кейін қайтарыпты. Әжеміздің мінген аты ұшқыр, жүйрік ат болса керек, жарты жолға келген соң кейін қашады. Біз жақта оған жете алатындай ат болмаған. Сол кезде сұфы әкеміз абдырап біраз тұрып қалады. Екі қолын жайып: «Енді елге қай бетіммен барам», – деп Құдайдан жалбарынып сұрап тұрғанда, әлгі көз ұшында көрінбей бара жатқан ат кенеттен шалынып құлайды екен. Ат та, әжеміз де құлаған күйі тіп-тік қозғалмастан тұрып қалыпты. Сонымен әжеміздің атын Ниязбек әкеміздің астындағы атпен ауыстырып елге жетіпті. Бұл туралы ақын өлеңдерінде былай келтірген:
Жол шегіп Қоңыратқа Шыңнан астым, Қалдың ғой обалына мендей жастың. Күйеуге әкем берген көңіл толмай, Сол үшін жарты жолдан кейін қаштым... Міне, біз Тоғызтөреге де жақындадық. Көліктің бағытымен қапталдасып, қалқып келе жатқан екі аққуды көзіміз шалды. Құлазыған далада қасиетті аққуды кездестіреміз деп кім ойлапты? Аң-таң болдық. Шыйхші ханаға (шырақшының үйі) аялдадық. Бір таңқаларлық жәйға тағы да куә болдық. Дәлізге кіре бергенімізде төрт балапан аяғымыздың астына келіп тығылмай ма? Аяқ жолын шаққа көретін Рахима апа: - Мына біздің әжеміздің құстары, мұрадалы құс қой, тіфә-тіфә, мұраттарыңа жетіңіздер», – деп, қуанып сөзін жалғастырды. – Жеңешем (үлкен апа) айтатын: «Әжеміз келгенде елінен бір құс еріп келіпті», – деп. «Мынау сол құстың балапандары, Құдай алдымызға әкеп көрсетіп жатыр ғой», – дейді. Иә, мұны жәй бір кездейсоқ деуге бола ма екен?!. Әрине, қайран қаласың.
Үлкен апаны балалары арқалап, бейіттің басына жеткізді. Жоғарыда айтылғандай, бірінші Әлима апа жерленген, қасында Орынгүл атты Бөгенбайдың төртінші қызы жатыр.
Көпшілікке түсінікті болу үшін қысқаша айта кетейін. Бөгенбайдың бірінші кемпірі Күнболсын 1940 жылы Орынгүл дүниеге келгеннен кейін қайтыс болады. Орынгүл екі жасында суға кетіпті. Әлима апа 1944 жылы өмірден озыпты. Қатарласып Ниязбек жездеміз жерленген, белгі тасқа «(1872-1947 ж.)» деп жазылыпты. Демек Әлима апамыздың да туған жылын 1872 дегеніміз дұрыс болады. Қалғандары қайтқан жылдарына байланысты, ретретімен қойылған: «Сәлік (1902-1951); Бөгенбай (1898-1968); Бөгенбайдың екінші кемпірі Тлеулиева Зағипа (1917-1970); Руы Қаракесек, Ұлмекен апаның анасы; Сәлік баласы Жеңсікбай (1936-2009)».
Өтеп ақсақал барша өлі аруақтарға арнап Құран оқыды. Мен де өз кезегімде Әлима апа мен жездемізге, бақилық болған ұрпақтарына дұға бағыштадым. Заманында атағы Шалқар мен Бесқалаға тегіс мағұлым болған ақынның басында белгі тас жоқ. Ол әрине түсінікті де, ақын соғыстың сұрапыл жылдары қайтты. Толыққанды қылып қою үшін елден бауырларының келуін күтіп тұр ма? Кім білсін? Бәлкім солай да шығар?..»
Сонымен Қазақдария ауылы. Үйдің тап іргесімен жағалауы көк құрақ, желсіз су беті жай ғана қозғалып, батысқа қарай аққан Қазақдария өзені. Ауыл үлкендері айтқандай, кезінде кемелінен асып, Сарқырауық каналы арқылы Әмударияға қосылатын, бұл өзендердің қазір арнасы тартылып, құрдым боп теңіз табанына да жете алмайтынға ұқсайды. Осы күнгі хәліне көз жүгіртіп тұрып, небір ой тұңғиығына енесің...
Сонау 1938 жылдары Әлима апаның немере інісі Бисенді «байдың баласы» деген желеумен большевиктер елден айдап кетеді. Одан қалған жалғыз тұяқ 14-15 жастар шамасындағы Әпу ағамызды Көптілеу деген нағашысы Шалқардан тауып, Арал арқылы пароходпен екі тәулік жол жүріп, осы Қоңырат жеріне әкеледі. Сол бір сәттердегі Әлима апаның көрісіп жылағаны, жездесі Ниязбекті көргені, Бөгенбай, Сәлік ағаларымен кездескені, мұның бәрін естіп, іштей сезіп, көзбен көргендей күй кештік.
Үлкен апа біздің құрметімізге арнап қонақасы берді. Әңгіме арасында Өтеп ақсақал: «Мен сол кезде алты, жеті жас шамасындағы бала едім, осы Қазақдариядан жеті шақырым жерде төрт балық өндіретін қожалық болатұғын, сол жақтан ата-әжемізге қыдырып келетінбіз», – дейді. Ниязбек атасын «Басына ақ тақия киген ұзын бойлы кісі еді» деп еске алады. Балалары Бөгенбай, Сәлік те атасына ұқсайды екен. Әлима әжесін «Ұзын бойлы, кеуделі, бидай өңді, әдемі адам еді» деп суреттейді.
Иә, Әлима ақын турасында естіген, білген әңгімелеріміздің бәрін дерлік жіпке тізгендей түгендеп жаза беруге болар еді. Оған газеттің көлемі көтермес. Ендеше бұл Қоңырат еліндегі зерттеу жұмыстарының басы болсын, ал алдағы уақытта Құдай қаласа, талай жолымыз түсер.
Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ