« - Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? — деп сұрайды әжем. - Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды. - Сен, немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме? - Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем. - Ал адамды кім жаратты? - Адам маймылдан жаралған. - Тәйт, сандалған неме. Сандалмай, бар онда ана ормандағы маймыл әке-шешеңе».
Қазақ әдебиеттанушылары, сыншылары мен зерттеуші ғалымдары, қала берді көпшілік қалың оқырман қауым «Қазақ балалар прозасының атасы» деп бағалаған Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым Қожасында» есте қаларлық осындай диалог өрбитіні бар еді. Қожаның өзі мен Қожа «қараңғы» деп есептеген әжесінің арасында. Еркіндікке құмар, тәртіпке бағынғысы келмейтін Сұлтанмен бас қосқанда үлкендерге деген ашуызасы сыртқа лықа төгіле кететін Қожаның махаббаты мен машақаты баяндалатын осынау туындыны «Қазақ балалар әдебиетінің үздік шығармасы» атаймыз. Біз мақала тақырыбын осылайша қойғанымыздың мәнін әрі созбай-ақ осы жерден тарқатып әкетсек.
Алдымен, «Балалар әдебиеті дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беріп көрелік. Құрметті оқырман, алдыңызға екі нұсқаны ұсынамын. Тиісінше, екеуіне де жауап беруге тырысамын.
- Балалар әдебиеті балалар қатысқан әдебиет. - Балалар әдебиеті балалар көзімен жасалған әдебиет.
«Латынамерикалық бомба» атанып, әлем әдебиетін бір-ақ сәтте дүр сілкіндірген Борхес, Маркес, Карпентьер, Кортасар, Льоса, Астуриастар сынды ХХ ғасыр әдебиетіне эстетикалық төңкеріс жасаған суреткерлер қатарында Жоржи Амаду да бар. Олардың барлығы да диктаторлы қоғамда ғұмыр кешіп, осы қанды шеңгелде қалған мемлекеттің хал-жайын жазды. Аталмыш Амадудың жоғарыдағы романында да мемлекет көңіл бөлуді қойып, назарын теріс салған жетім балалардың жанайқайы естіледі.
Бір сөзбен айтқанда, Амаду үшін диктаторлы қоғамда өмір сүріп, сықаған цензурада өз тәуелсіз сөзін, тұншыққан жанайқайын жеткізудің жалғыз жолы - балалар арқылы шындықты айту, қоғамның кеспірсіз келбетін бүкіл әлем алдында көрсету еді. Осы мақсат жолында ол балаларды таңдады, бүкіләлемдік мәселені кішкентай ғана балалардың аузына салып берді.
Ең қызығы, дәл осы әдеби тәсілі үшін ол ешқашан да «Балалар жазушысы» атанған емес.
Біздің айтпағымыз да осы. Балалар көзімен, балалардың жеке, қарапайым танымымен жасалмаған әдебиет балалар әдебиеті емес. Ал, балалардың жәй ғана кейіпкер ретінде туындыға өзек болып, көп рөлдің қатарында, сапында тұруы ештеңені де шешпек емес. Жалпыға ортақ шығармалардың негізгі кейіпкерлері адам делік. Балалар әдебиетінікі - балалар. Ал, балалар дегеніңіз де - адам. Кішкентай адам. Әдебиетті әдебиеттен, жанрды жанрдан ерекшелейтін формасы мен жазу стилі ғана, ендеше. Ал Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» кәдімгі жалпы оқырманға арналған қатардағы повесть. («Қатардағы» дегеніміз, оның құнын түсіру мақсатында емес, балалар әдебиетінен бөліп қарастыру тұрғысында айтылды деп есептеңіз).
«Өзін жазып, өзгені ойландырған» қаламгердің «Менің атым Қожасы» - қылышынан қан тамған КСРО-ға тұтастай қарсылық еді. Повестің алғашқы беттерінен-ақ көрінетін билікке деген ашу-ызаға толы сарказм Қожаның тілімен былайша беріледі: «Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер... Өскембайдың баласына Тыңжыртар деп ат қойған секілді, өзге қызу жұрт сол арада ду қостап: «...мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз» дескен»...
«Менің атым Қожа» дегеніңіздің өзі де тұнып тұрған қарсылық. «Мына елдің, мына жердің Иесі менмін» деп тұрғандай құдды. Оралхан Бөкей шығармашылығына тән мұндай ат қолданыстары Бердібекте де қылаң береді. Бұл Соқпақбаевтың 1966 жылы «Қазақстан Пионері» газетінде үзіндісі жарияланған, ғаламға қатер төндірер қарумен құрсауланып, атом бомбасымен әлемге айбат шеккен КСРО-ның саясатын ашық сынаған «Ергежейлілер еліне саяхат» атты хикаяты. Хикаятта мынадай жолдар бар:
« – Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым».
Осыдан 45 жыл бұрын болған халықаралық жазушылар конференциясын сылтау етіп, БҰҰ-на адам құқығының тапталуы жөнінде айыптаулар мен арыздарды тізбектеген хатты жөнелтіп, артына НКВД түскен, өлімі жұмбақ жағдайда болған Бердібек Соқпақбаевтың кеңестік идеяға деген көзқарасын білдік.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұңғыш мұнай бұрқағының куәгеріАл енді қайтадан ат басын «Қожаға» бұрсақ. Егер балалар әдебиетін - тәрбие құралы деп айтатынымыз шын болса, повесте бала психологиясына жат бірнеше эпизодтар, сахналар көрініс береді. Бір ғана мысал төменде:
Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың әйелі дүние салған екен. Әйелі дүние салды деген сөз – өзі бойдақ қалды деген сөз. Ал өзі бойдақ қалғаннан кейін тағы да үйленбекші. Осы арада кімге деген сұрақ туады. Дүниеде өзге әйел құрып қалғандай, Қаратайдың есек дәме көңілі менің Миллат мамама ауатын тәрізді... Қаратай мотоциклін от алдырып, көшеге қарай бұрды. «Кет. Жоғал. Тезірек кет!», мен оны көңіліммен желкелеймін. Бірақ Қаратай кете қоймады, мамаммен сөйлесіп тұрып алды. Олардың сөздерін трт-трт еткен мотор үні маған жөндеп естіртпейді. Сөйлесе тұрып, Қаратайдың қалқиған денесі мамама біртін-біртін жақындап, тақала түсетін тәрізді».
«Кеңестік заманыңызда Соқпақбаев бірде-бір шығармасында сол қоғамыңызды, сол заманыңызды, партияңыз бен үкіметіңізді мадақтаған жоқ. Соқпақбаевтың «сойылы» кереғар сілтенетін. Астар мен тұспалды тәптіштейтініміз сондықтан» (М. Байғұт).
P.S: Төгілме таланттың тәуелсіздікті аңсап, сол жолда өз жанын қиярға дайын болғандығы бұлжымас шындық. Шығармаларында да мен мұндалап тұрған үміт пен кеудеңнен кері итеретін кеңестік кезеңнің қан сасыған иісі қоса қабат жүреді. Бердібектің шығармалары - қазақ әдебиеті төрінен ойып орын аларлық құнды қазыналар.
Біздің бұл мақалада айтпағымыз, бір-ақ ауыз сөз. «Балалар әдебиеті» деген тар шекпенге Бердібектей бірегей қаламгерді зорлап тығудың қажеті шамалы. Балалар арқылы диктаторлы қоғамға деген қарсылығын білдірген, жоғарыда тілге тиек еткен Жоржи Амаду сынды Бердібек Соқпақбаевты да қазақ «үлкендер әдебиетінің» («балалар әдебиеті болса, «үлкендер әдебиеті» деген де бар шығар, бәлкім), көркем прозаның бәйтерегі деуге толық негіз бар. Тор шеңгелде өмір сүрген қаламгердің атын тар шеңберге тықпайық, оқырман.
Еділбек ДҮЙСЕН