©
Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын алғандардың аты-жөні белгілі болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекеттік сыйлық Президент Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 28 қарашадағы № 794 қаулысымен «Алқоңыр дүние» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовке, «Ана сыры» өлеңдер мен балладалар жинағы үшін ақын Ақұштап Бақтыгерееваға, «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін ақын Өтеген Оралбаевқа берілді.
Сонымен қатар «Абай» операсы (Л. Хамиди, А. Жұбанов) үшін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының шығармашылық ұжымы Төлеубек Әлпиев, Алан Бөрібаев, Сүндет Байғожин алды.
Мемлекеттік сыйлық алғандардың қатарында Әлия Назарбаева, Ақан Сатаев, Тимур Жақсылықов, Алтынай Нөгербек пен Әділ Ахметов те бар. Оларға «Анаға апарар жол» толықметрлі көркем фильмі үшін берілген.