Бейнеудегі «Ұстаздар үйі» ғимаратында аудандық білім бөлімі мен Манашы орта мектебінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұландарымыз» атты әскери-патриоттық кездесу кеші өтті. Кештің негізгі мақсаты - ауған соғысы ардагерлерінің ұрыста көрсеткен ерлігін дәріптеу, оларға құрмет көрсету, аудандағы білім беру ұйымдарындағы бітірушы түлектерді,жастарды әскери салаға шақырып, бағыт-бағдар беру. Кездесуге ауған соғысының ардагерлері мен аудандық әскери қызмет саласының мамандары, 2087 әскери бөлімінің өкілдері, білім бөлімінен арнайы мамандар, мектептің әскери жетекшілері мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Шара алдымен соғыс кезінде қаза болған жауынгерлерді 1 минут үнсіздекпен еске алып, құрмет көрсетумен басталды. Сондай-ақ кеңес әскерлерінің Ауғанстан жеріндегі жанқиярлық ерліктері жайлы бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды. «Ерлік кездейсоқ болмайды, ол жауынгердің жүрегінде достарын еске алып, Отанынан өзін тыс сезіне алмайтынын түсінгенде ғана туындайды», - деген Сейдалы Нұрбаев ардагер сөз сөйлеп, жастарға өз ақыл-кеңестер айтты. Сонымен бірге 2087 әскери бөлімінің майоры Баубек Жаңабаев кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылған күнімен ардагерлерді құттықтап, жастар үшін жағымды жаңалық алдағы уақытта аудан орталығынан 8 сыныптан бастап оқушыларды қабылдайтын әскери оқу орнын ашу жөнінде жұмыстар қарастырылып жатқандығы туралы мәлімдеді. Ардагерлерге оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, пікірлерін тыңдады. Әскери-патриоттық кештің соңы мектептің өнерлі жастарының ауған ардагерлеріне арнаған мерекелік тартуына ұласты.
Үміт ҚАЗДАЕВА,
Бейнеу ауданы