Президенттің 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауы еліміздің әлеуметтік- экономикалық даму мәселелеріне арналды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту жайына баса назар аударған Елбасы шағын және орта бизнесті жандандырудың негізгі жолдарын саралап берді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асып келеді. Менің өңірлерге барған іссапарларымда осы бағдарламаның тиімді жүргізіліп жатқанына көзім жетті. Сондықтан оны 2025 жылға дейін созу қажет. Оған жыл сайын мемлекеттен қосымша 30 миллиард теңге бөлінуі тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жариялауды ұсынды. Егер кәсіпкер негізгі салықты төлейтін болса, оған бұған дейінгі салынған айыппұлдар мен үстемақылар жойылатын болады. Елімізде өскелең заман талабымен қарапайым халық Елбасының шағын және орта бизнесті қолдауы нәтижесінде ілгерілеуге талпынып, талаптанып жатыр. Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлік саласы кең қанат жайып, жыл сайын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны артып келеді. Бұл бағытта аудан тұрғындарының да атсалысып жатқандары көңілімізді қуантады. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген кәсіби мамандармен қатар қызметін жаңа жандандырып жатса да елеулі жетістіктерге жетіп жүрген кәсіпкерлеріміз де жоқ емес. Осы мақсатта өз кәсібін ашып, дөңгелетіп, мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып отырған кәсіпкер аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі өткізілетін «Жыл адамы» байқауында өткен жыл қорытындысы бойынша «Жылдың үздік кәсіпкері» номинациясының иегері атанды. Осылайша Еркебұлан Нұрғазиев үздік кәсіпкерлер қатарына қосылды. Еркебұлан 1984 жылы Жармыш ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 2001 жылы орта мектепті бітірісімен Ақтау қаласындағы Маңғыстау техникалық колледжін аяқтағаннан кейін де әр салада қызмет етті, ауыл шаруашылығымен айналысты. Кейін 2007 жылы заман көшіне ілесе жүріп, балаларға арналған оқу құралдарды тасымалдауға бет бұрды. Шетпе селосындағы кәсіпкерлік нысандағы бір бөлмені жалға алып, қызметін бастаған Еркебұлан кейін жұмысына лайықтап, жекеменшік ғимарат көтерді. Бүгінде аудан халқының барлық сұранысын қанағаттандырып тұрған «Аманнұр» оқу-құралдар дүкені баршаға таныс. Қазір Еркебұланның қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді. Жұмысына қосымша баспахана ашып, болашақта балаларға арналған кітапшалар шығару жоспарында бар. - Келешекте файл, қарындаш шығаратын шағын цех ашу жоспарымда тұр, Алла қаласа, сол ойлаған ісімді қолға аламын. Аудан халқын жұмыспен қамтып, жұмыссыздар қатарын азайтуға, халықтың күнкөріс деңгейін сәл де болса көтеруге септігімді тигізсем, бұл менің еліме тигізген азғантай болса да үлесім болмақ, - дейді жас кәсіпкер. Мектеп оқушыларына қажетті барлық оқу құралдарды мейлінше сұраныстарына қарай қанағаттандыруға тырысатын, қарапайым да іскер азаматтың еңбегін халық жетік бағалайды. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін Еркебұланның еңбекқор екендігі ісінен-ақ көрініп тұр. Елімізде Еркебұландай кәсібін жандандырып, ауылының байлығын арттыруға атсалысып отыратын азаматтар бар болса, ол мекеннің келешегі кемел боларына сеніміміз мол. Біз Еркебұланның ісіне сәттілік тілеп, алдағы мақсатына жету жолына табыс тілейміз.
Ж.АМАНҚҰЛОВА