Ұрпақ тәрбиесі ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Осы орайда мен «Бейнеу педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің» мамандарына ерекше алғысымды білдірмекпін. Менің ұлым Сәндібек Сәрсен туылғанда өзге балалардан ерекше болып туылды. Оған түзете дамыту жұмыстары көптеп қажет болатын. Түзету кабинетінің мұғалім – логопеді Эльмира Утемуратова сөйлеп білмейтін Сәндібек ұлымның тілін дамытып, сөйлеуді үйретті. Дефектолог апайы Нағима Ахметова түстерді ажыратуға жаттықтырып, ұсақ-қол моторикасын дамытып, зейін қабілетін дамытса, тәрбиеші апайы Марал Ұзақбаева өзіне-өзі қызмет жасауға, жалпы танымдық қабілеттерін дамытып, жазуды, сурет салуды, бояу, қиюды үйретіп келеді. Ұлымның қалыптаса бастаған әрбір сөзіне, іс-қимылдарына, әрбір қозғалысына қарап, менің қуанышымда шек жоқ. Ауданымызда мен сияқты отбасында ерекше бала тәрбиелеп жатқан ата-аналарға үміт сәулесін сыйлап жүрген осы мекеме ұстаздарына, мекеме басшысына алғысымды айтып, еңбектеріңіздің жемісін көріп, елдің алғысына бөлене беріңіздер дегім келеді.
Гүлжамал АЙДАРБЕКОВА, Бейнеу селосының тұрғыны