Балалардың басым бөлігі уақытын компьютермен және ұялы телефонмен өткізгенді ұнатады. Мамандар компьютерде ұзақ уақыт отыру, телефондағы ойындарды ойнау адам денсаулығына өте зиян екенін айтады. Компьютердің зияны туралы ондағы алуан түрлі ойындар жеткіншек балалар мен бүлдіршіндердің денсаулығына, жүйке жүйесіне зақым келтіретіні ғылыми негізде дәлелденген. Өтес орта мектебінде халықаралық интернетсіз күн "Мен OFFLINE" (оффлайн) республикалық акциясы өтті. Акцияның мақсаты - интернетке тәуелділіктің алдын-алу, кәмелетке толмағандардың интернет белсенділігін бақылау, ересектердің жауапкершілігін, интернет пайдалану мәдениетін арттыру. Қазіргі техника қарыштап дамыған заманда адамның бір күндік өмірінің басым бөлігін интернетке тәуелділік алып жатқаны бәрімізге аян. Мектеп жасындағы оқушының өзі қолы қалт етсе, ұялы телефонға жармасып жататынын көріп жүрміз. Мінекей, Өтес орта мектебінің оқушыларына арналған лездеме жиында интернеттің зияны туралы кеңінен айтылды. Әсіресе ҰБТ-ге дайындалушы 11 сынып оқушыларына уақытын босқа өткізбеуге, жалпы адамның қу темірден гөрі рухани азығы мол кітаппен дос болуға шақырды. Осы орайда 1-4 сыныптар аралығында «Қауіпсіз интернет еліне саяхат» сынып сағаты және «Мен интернетсіз күнді қалай өткіздім?» атты сурет байқауына оқушылар белсенділікпен қатысты. 5-7 сынып оқушылары арасында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «МЕН OFFLINE» (Мен оффлайн) эссе байқауы өтті. Оқушылардың күнделікті өмірін телефонға шұқшиып емес, сабағын оқып, жақсы іспен айналысуына мұндай шараның тигізер пайдасы мол деп есептеймін.
Гүлсім НӘДІРОВА, Өтес орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары