Маңғыстау ауданы әкімі Т.Көшмағанбетов бастаған бір топ сала басшылары аудан аумағының тазалығын тексеріп, ауданның санитарлық жағдайын бағамдады. Бірінші нысан ауылдың шет жағында орналасқан ат жарыс алаңының маңы болды. Мұндағы қаптаған күл-қоқыстан көңіл құлазиды. Құрылыс жұмысына қажетті тас, құмдар көше бойында бей-берекет шашылып жатыр. Аяқ жолдар төселіп, көше бойындағы тазалық жұмыстары бұған дейін де жүргізіліп келгенін білеміз. Десек те тұрғындардың тазалыққа келгенде салғырттық танытатыны қарапайым тазалық әдептері сақталмайтынынан белгілі болды. Мұндай көрініске көңілі толмаған аудан әкімі жауаптыларға қатаң ескерту жасады. Аудан аумағындағы тазалық талаптарының сақталмауына, төгіліп жатырған құрылыс материалдарын алдыру, жаңадан салынып жатырған кәсіпкерлік нысандардың сыртын қоршап, паспорттарын ілу жұмыстары бойынша нақты тапсырмалар берілді. Архитектуралық талаптарға сай келмейтін нысандар мен кейбір ғимараттарда анықталған кемшіліктер бойынша тиісті басшыларға ескертіліп, тұрмыстық қатты қалдықтардың арнайы полигонға төгілуін қатаң қадағалауды тиісті мамандарға тапсырды. Сонымен қатар жұмыс барысында Шетпе ауылы тұрғынына заңсыз, белгіленбеген жерде қоқыс төккені үшін әкімшілік шара қолданылды.
А.РАХМЕТОВА