Бейнеу ауданының «Үстірт бөбекжайында» Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бүлдіршіндер арасында «Батырлар жыры» тақырыбында мәнерлеп оқу сайысы болып өтті. Сайыстың мақсаты— бүлдіршіндерге ер жүрек батыр бабалардың жаугершілік заманда елін, жерін қорғап, қасық қаны қалғанша Отаны үшін шайқасқан ерліктері туралы кеңінен түсінік беру, батырлар жырын жатқа айту. Сайысқа бөбекжайда тәрбиеленуші 3, 4, 5 жастағы әр топтан бір-бірден, жалпы саны 7 бүлдіршін қатысып, бақтарын сынады. Бала тілі қашанда балдан тәтті ғой! Бүлдіршіндер «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер тарғын», «Қамбар батыр» жырларынан үзінді жаттап, өнерлерін көрсетті. Батырларша киініп алған балалардың қуанышында шек жоқ. Өздерін батырлардай сезінген олардың қимыл-әрекетінің өзі бір ғажап дүние. Әсіресе батырдың киімін киіп келген Мұхтар Нұрекеш «Қобыланды батыр» жырынан үзінді мәнерлеп оқып, сайыс қатысушыларын таң-тамаша етті. Бүлдіршіндер А.Дүйсенбай және Ғ.Далабай «Ер Тарғын» жырын жатқа айтты. Бүлдіршіндерді сайысқа дайындаған бөбекжай әдіскері және тәрбиешілердің еңбегі орасан. Сайыс соңында жүлделі I орынды Айдана Дүйсенбай, II орынды екі бүлдіршін Ғазиза Далабай және Мәриям Ғұбайдулла иеленсе, III орын Мұхтар Нұрекешке берілді. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, рухани азықтың негізі балабақшадан басталатын болса, ұлттық салт-дәстүрлерді бала санасына жеткізе білсек, болашақ ұрпақ ешқашан басқа ұлтқа еліктемейді. Сайыс қатысушыларына ұжым тарапынан арнайы дипломдар және сыйлықтар табыс етілді. Осындай шаралардың болашақта жиі өткізілуін қолдаймыз.
Ақмарал КИРБАСОВА