Бейнеу әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Парламент сенатының депутаттары Михаил Бортник, Бақтыбай Шелпеков және Маңғыстау облысының маслихат хатшысы Серікбай Трұмов ауданyың тұрмыс-тіршілігімен, экономикалық дамуымен танысу мақсатында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Хибасов, «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бекберген Қылишаев, аудан әкімдігінің қызметкерлері, ауыл әкімдері, бөлім басшылары, кәсіпорын, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Жиынды аудан әкімі Б.Әбілов ашып, сенат депутаттарына ауданымыз әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігі туралы қысқаша баяндама жасады. Өткізілген жиын барысында М.Михайлович пен Б.Шелпеков Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын орындау негізінде елімізде болып жатқан үкіметтегі өзгерістер жайында толыққанды ақпарат берді. Соның ішінде Елбасының дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін және қазақ халқының әлеуметтік дамуы үшін қабылдаған «100 нақты қадам», «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол», «Бес әлеуметтік бастама» тағы басқа да бағдарламаларының тиімділігі жайлы сөз етті. Президент Н.Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауындағы ең маңызды үш мәселе: білім, денсаулық сақтау және тұрғын үй, шаруашылық қызметіне кеңінен тоқталып, жиналған көпшіліктің сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. - Бейнеу ауданы халық саны бойынша ірі аудандардың бірі саналады. Аудан тоғыз жолдың торабы болғандықтан мұнда келіп-кетушілер саны өте көп. Осындай жағдайда темір жол вокзалының көлемі кішкентай, тарлық етеді. Темір жол вокзалына күрделі жұмыс жүргізуге немесе жаңа құрылысын салуға үкімет қаражат жағын қарастырса екен», - дейді аудан тұрғындарының бірі С.Таңатаров. Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік палатасының Бейнеу аудандық филиалының директоры Роллан Ережепов: - Мен ауылшаруашылық саласына қатысты, оның ішінде берілетін әрбір субъсидияны критерийлерге бөлу керек деп санаймын. Себебі ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың ірілі-ұсақты мал санына байланысты бөлінсе тиімді болар еді. Себебі барлық ауылшаруашылығына берілген жер Қазақстан бойынша бірдей емес. Сондықтан әр жерде малды өздерінің мүмкіндіне қарай бағады. Сонымен қатар ауылшаруашылығы мәселелеріне тікелей Үкіметтің өзі араласқаны дұрыс. Шаруалардың тек мал бағудан басқа жұмысы болмау керек, - дейді. - Ауданда 70 мың халық бар. Қазіргі цифрландыру дамыған уақытта қызметтің бірқатарын үйден, ұялы телефоннан алып отырмыз. Дегенмен қызметтің кейбір түрлерін халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға тура келеді. Халыққа қызмет көрсету орталығы тұрғындар көбейген кезде ғимарат қызмет көрсетуге мүмкіндігі жетпейді. Жаз мезгілінде науқас адамдарға өте қиын. Жеке ғимаратқа көшіру немесе ғимарат салу мүмкіндігіне көмектессеңіздер екен, - деген ұсынысын білдірді Г.Әбуова. Қойылған сұрақ пен ұсыныстарға депутаттар тиісінше жауап беріп, орындалатын жұмыстардың іске асыру барысын, ал қаржы мәселесі бойынша шешімін табу керек ұсыныстарды жоғары өкілдікке жеткізетіндігін айтты. Жиыннан соң Бейнеу орта мектебіне барып, оқу-тәрбие жұмыстарымен танысты.
Үміт ҚАЗДАЕВА