Бабадан қалған дәстүрді дәріптеп, талай жыл қарапайым шопан болған Жаулыбай Тайбағаровтың еңбегі – ұрпаққа үлгі. Еңбекке ерте араласқан ол әке жолын жалғап, бірден шопандық қызметке кірісіп кетеді. Соғыстың қиын кезеңінде еңбектің ащы дәмін, заманының тауқыметін тартқандай-ақ тартты. «Жасың жетпейді деп мені әскер қатарына алған жоқ. Ауылда қалып, тылда қызмет еттім. Соғыс кезінде тыл майданында үлкен апа-әжелермен колхозда, совхозда, зауытта жұмыс істедім. Соғыс майданы, тыл майданы деп бөлмей, тыл еңбеккерлеріне де қатал, қатаң тәртіп болды. Сол кездегі жұмыс ауыр болды, сол кездегі тәртіп қатты болды. Таңның атысы, күннің батысына дейін шешелерімізбен бірге жұмыста болдық. Бригадирлер бала деп ескерген жоқ, таяқтың астына алып, жұмысқа қуатын. Әйел адамдар майдангерлерге деп қолғап, шұлық тоқып, тондар тігетін. Барлығы майдан үшін, жеңіс үшін деп, түн ұйқыларын төрт бөліп, қажымай, талмай еңбектенді, біздер соның куәсі әрі көмекшісі болып, ерте есейдік. "Соғыс майданы мен тыл майданы біртұтас бірлікте, бірінсіз бірінің күні жоқ" деп дамылсыз радиодан, ауданнан келген уәкілдер, жергілікті басшылар айтып, құлағымызға құйып, санамызға сіңіретін. "Басқа түссе, баспақшыл" дегендей, бойы өсіп, бұғанасы қатпаған балалар соғыс кезіндегі ауыртпалықты көтеріп, Жеңіс үшін, Отан үшін өздерінің орасан зор еңбек үлестерін қосты. Құдайға шүкір. Тәуелсіз ел болдық. Егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жинап, орысқа жалтақтағанды қойдық. Өміріміз көңілді, еңбегіміз өнімді. Тәуелсіздігімізді тойладық», - дейді ардагер. Тыл ардагерінің тындырымды еңбегі – қой өсіру. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл- көсір» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Сол айтқандай, шопанның қаншама жылғы еңбегі ұрпағын ешкімге алақан жайдырған емес. – Қаншама жыл қой бақтым, өз өміріме ризамын, қазір мал бағудан жастар қашады. Себебі бұл шаруада сен сағатпен санасуды білмейсің, қыдыруды мүлдем ұмытасың. Ыстық-суыққа төзуің керек және бір-бірінен айнымайтын сүреңсіз күндерге көндігіп, жалықпауың қажет. Ал бұған көбі шыдамайды. Мал өсіру ісінің қиындығы естіген құлаққа біліне бермесе, оның астарында үлкен еңбек жатыр, - дейді ақсақал.
А.РАХМЕТОВА