Жақында облыс жұртшылығына Ақтаудан шыққан білімді жастың республикалық сайыста жеңімпаз атанғаны туралы сүйінші жаңалық жетті. Ол – республикалық Ұлттық интернет сайты ұйымдастырған математика пәнінен білім сайысының жеңімпазы атағына ие болған Ақтау қаласындағы №1 орта мектептің 5 «е» сыныбының оқушысы Ильяс Исаев. Шәкіртінің бойынан математика пәніне деген ықыласты ерте байқаған пән мұғалімі Сәбира Өтебаеваның мұрындық болуының арқасында жас талапкер Ильяс өзі оқитын мектептегі математика пәніне жүйрік, жасы қатарлас, өзінен үлкендеу 1–10 сыныпта оқитын алты оқушымен бірге, 1–5 сыныптағы 3 ұланның бірі болып білімнің дүбірлі додасына атқосты. 2019 жылдың қаңтар–наурыз аралығында – үш ай М.В.Ломоносов атындағы республикалық Ұлттық интернет олимпиадасының ХХ турында Маңғыстау облысынан бақ сынаған 150 білімпаз өреннің ішінде аламан бәйгеден аты озған Ильяс Исаевтың бағы жанды. Еңбексүйгіштік пен белсенділік әрекеттің жоқ жерінде жеңістің өздігінен келе қоюы екіталай. Қатарқұрбыларымен тату, айналаға тез үйренгіш, ойлау қабілеті ұшқыр Ильясқа да осы қасиеттердің бастаушы болғаны оқырманға түсінікті шығар. Өзінің озат шәкірті туралы ұстазы Сәбира Тоқсейітқызының: «Ильястың белсенділігі жоғары, сыныптастарымен тез тіл табысқыш, ойлау қабілеті жылдам, еңбекқор» деп мінездеме беріп, «Осы шәкіртімнің болашағынан үлкен үміт күтемін. Осы қарқынынан таймаса, ержеткесін елінің елеулі азаматы атанып, Маңғыстаудың мақтанышына айналарына сенімдімін» деген пікірінде көп мән жатыр. Атабаба айтқан сөздің түптереңіне үңілер болсақ, қате кеткен жері кем екенін мойындауға тура келеді. «Таудан аққан тас бұлақ, аяғы құяр теңізге, Қанша малды болса да, бай қуанар егізге. Қанша жаман болса да, қандай жақсы болса да, тартпай қоймас негізге» деген, сөздің түбін қаузар болсақ, Ильяс та - текті атаның ұрпағы, тамыры терең бәйтерек Есқабыл Баймағамбетов секілді ардагер мұнайшының балғын жапырағы. Өмірінің 45 жылын өңірдің өркендеуіне арнап, мұнай өндірісі саласында тер төккен Есқабыл Исаұлы – 1986 жылы адал еңбегімен КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Мұнай өндіру саласының үздігі» атанып, ұзақ жылдар ауданның дамуы мен өркендеуіне үлес қосқаны үшін «Қарақия ауданының құрметті азаматы» атағын алған елге белгілі, мұнайшылар әулетінің туын биік ұстаған азамат. Тұңғыш немересі Ильясқа жастай «жеті атасын» жаттатып, ақыл-өнегесін үйреткен атасы өндіріс мекемеле рінде, мұнай саласының басқару орындарында 1995–1997 жылдары басшылық еткен Есқабыл Исаұлы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары қызметін атқарған. Әжесі Сақыпжамал – тәжірибелі тех нологаспаз мамандығының иесі, ұзақ жылдар өлке мұ найшыларына тағам сарапшысы ретінде қызмет көрсеткен жан. Ильястың өз әкесі Мұрат Баймағамбетов – мұнайшы, анасы Анна сұлулық салонында қызмет жасайды. Осындай өнегелі әулеттің шаңырағында дүниеге келген тұңғыш немере Ильястың тұрғыластарынан беделі төмен, ойы аласа болуы мүмкін бе, сірә? Ильяс – өз заманына әрі жасына сай алғыр, ерекше зейінді, белсенді жасөспірім. Сабақты жақсы оқитындығының үстіне заманауи техникаға өте жетік, компьютерді керемет жақсы меңгерген. Спортқа да қатысқанды жек көрмейді. Ушу секциясына қатысты, достарымен футбол ойнағанды ұнатады. Екі тілде жетік сөйлейді, оның үстіне өнерден де құр алақан емес. Ең бастысы, әрі көп жастың бойында кездесе бермейтін қасиет – ұйымдастыру қабілеті өте жоғары деңгейде дамыған. Бұрын «Құрылысшы болсам ба екен, әлде әкем мен атам секілді мұнайшы болсам ба екен?» деп, екі ойлы болып жүрген Ильяс жақында атасына өзінің ата дәстүрінен жаңылмай, мұнайшылар әулетінің жолымен жүруді шын көңілімен қалап, мұнайшылық мамандықты таңдағанын айтып қуантып қойды. Тәуелсіз Қазақстанның туын биік көтеріп, елдің абыройын асқақтатар осындай жас өрендер ортамызда өсіп, жетіліп келе жатқанын көргенде, қазақтың болашағы нұрлы, келешегі зор екенін аса бір мақтаныш сезіммен мойындауға тура келеді. Жас талапқа мерейің үстем болып, алар асуың көп болғай дегіміз келеді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ