Екінші қабаттан құлаған тұрғынның омыртқа жотасына Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында жасалған нейрохирургиялық ота сәтті аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Науқас ауруханаға шұғыл түрде келіп түскен. Зерттеу барысында «Омыртқа жотасының бел омыртқасының L3 омыртқасының сынығы» анықталған. Нәтижесінде шұғыл түрде науқасқа «Бел омыртқаларын транспедикулярлық әдіспен бел омыртқасының бекітуі» отасы жасалған.
Ота жасаған дәрігерлердің бірі нейрохирург Мейрамбек Дабысбайдың айтуынша бұған дейін мұндай операцияларды Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында жасап, тәжірибе алмасқан.
-Науқас екінші қабаттан құлаған. Екі аяғында әлсіздік, қозғалыстың болмауы, бел тұсының ауырсынуы шағымдарымен келді. Операция шұғыл түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Думан Мырзабековпен бірге жасалды. Ота 5 сағатқа созылды. Науқастың жағдайы қазір тұрақты. Аяғында іс-қимыл болып, бел тұсының ауырсынуы басылды. Амбулаториялық ем алуға жібердік, - деді нейрохирург дәрігер Мейрамбек Дабысбай.