Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Жаңаөзен қаласындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, сала қызметкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі жедел жәрдем стансасының қызметкерлерімен бірқатар түйткілді мәселелерді, соның ішінде жүргізушілердің жалақысы мен коммуналдық төлемдерді көтеруді талқылады. Жүргізушілерді «фельдшер» сертификатына оқыту және осы сертификат негізінде жалақыны қосымша көтеру мәселесі айтылды. Сондай-ақ бригадалардың штаттық құрамы туралы айтты. Қызметкерлердің пікірінше, кемінде үш адам - фельдшер, медбике және жүргізуші немесе медбикенің орнына - екінші фельдшер болуы керек.
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап қала тұрғындарының шақыртуларын бұрынғыдай облыс орталығы арқылы емес, жергілікті жедел жәрдем қабылдайтыны айтылды.
Ажар Ғиният көпсалалы қалалық ауруханада да болып, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және медицина мамандарымен кездесті. Қазіргі таңда ауруханада 72 дәрігер, 35 қосымша дәрігер, 292 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Министр аурухана жұмысының барысымен, мекеменің құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуімен, мүмкіндіктерімен танысты.
Кездесу барысында Ажар Ғиният медицина қызметкерлерін толғандырған сауалдарға жауап берді.