Әлемде АИТВ инфекциясын жұқтырғандар қатары азаймай келе жатқаны жасырын емес. Жаһан жұртымен тығыз қарым-қатынастағы біздің елімізде де бұл инфекцияны жұқтырғандар жыл сайын арта түспесе, кемімей тұр. ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі облыстық орталығы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Жамиля Махамбетқалиеваның АИТВ жұқтыру бойынша өткен жылғы эпидемиологиялық ахуал жайында берген мәліметіне сүйенсек, былтыр өңірде АИТВ инфекциясымен 84 адам тіркелген.
-Бұл анықталғандардың 76-сы Қазақстан Республикасының азаматтары болса, 8-і—шет елдер азаматтары,-деді ол.-2021 жылмен салыстырсақ, осы кезеңде 77 жағдай тіркелген, оның ішінде 10-ы—шет елдер азаматтары, 67-сі—қазақстандықтар. АИТВ инфекциясы облыстағы қалалар мен аудандардың барлығында тіркелді. Әйелдерге қарағанда, ер азаматтар арасында 5 есе көп анықталған. Балалар арасында АИТВ инфекциясы тіркелген жоқ, бірақ негізінен 15-69 жас арасындағы адамдарда тіркелгені белгілі. 15-49 жас аралығы бала көтеретін жас болып саналатындықтан осы жас шамасына ерекше назар аударамыз. Көңілге демеу болатыны—бұл жөніндегі былтырғы көрсеткіш критерии бойынша 0,1% болып, 0,2% критериден асқан жоқ. АИТВ инфекциясын жұқтырғандарды әлеуметтік топтары бойынша талдайтын болсақ, 54%-жұмыс істейтіндер арасында, ал 38%-жұмыс орны жоқ адамдар арасында анықталған. Жұқпаның берілу жолдарына келсек, жыныстық қарым-қатынас арқылы 67,1% таралса, халықтың негізгі топтары арасында 26,3% болып отыр. Облыста АИТВ инфекциясының өсу көрсеткіші тексерілген адамдардың 9,6% көбеюіне байланысты. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 27 қарашада шыққан бұйрығына сәйкес, жүкті әйелдердің серіктері АИТВ инфекциясына тексеріліп жатыр. Жүкті әйел жүктілігі бойынша есепке алынған кезде серігі АИТВ инфекциясына бір рет тексерілсе, жүкті әйелдер жүктілігі кезінде 2 рет тексеріледі, яғни есепке тұрған кезде және жүктіліктің 28-30-аптасында. Аяғы ауыр әйелдер мен олардың серіктерін АИТВ инфекциясына тексерудегі мақсаты—АИТВ инфекциясын ерте анықтап, анадан балаға берілу жолының алдын алу. 2022 жылы тексеру барысында жүкті әйелдердің серіктері арасында 10 адамда, жүкті әйелдердің екеуінде АИТВ инфекциясы анықталды. Олар уақытында диспансерлік есепке алынып, антиретровирустық ем қабылдады. Жалпы, АИТВ инфекциясы жүкті әйелде анықталған жағдайда, ем жүктіліктің 14-аптасынан бастап беріледі. 2021 жылы ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі облыстық орталықта қатынасқа дейінгі алдын алу шаралары енгізілді. Қатынасқа дейінгі алдын-алу шаралары халықтың негізгі топтары арасында, дискордандық жұптар (бір серігінде жұқпа болмаған кезде) жүргізіледі. Мұндағы мақсат—АИТВ инфекциясының жыныстық жолмен берілуінің алдын-алу.
Енді жалпы көрсеткіш жайына тоқталсам, 1994 жылдан 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін облыста өсіммен 567 АИТВ инфекциясы анықталды. Оның ішінде шетел азаматтары—106 (18,7%), азаматтығы жоқ адамдар—3 (0,5%), анонимді—2 (0,4%), Қазақстан Республикасы азаматтары арасында—456 (80,4%). Қазақстан Республикасы азаматтары мен шетел азаматтарына АИТВ инфекциясынан тексерілу тегін. Талдауды емханада немесе ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі облыстық орталығында тапсыруға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА